Эндрю Уайлдер: Ауғанстандағы тұрақтылық көп жағдайда Пәкістанның ұстанымына байланысты

Алматы. 17 қараша. ҚазТАГ - Мәдина Әлімханова. Ауғанстандағы жағдайдың тұрақтануы оның басқа мемлекеттермен, оның ішінде Орталық Азия елдерімен де тереңірек интеграциялануына әкеледі. Бірақ ол үшін жаңа үкімет бірқатар елеулі проблемаларды шешуі керек, деп есептейді АҚШ бейбітшілік институтының вице-президенті Эндрю Уайлдер.

- Сіз Ауғанстан мен Пәкістан жөніндегі мамансыз. Сіздің Қазақстанға сапарыңыздың мақсаты неде? 

- Мен АҚШ-тың бейбітшілік институтынанмын. Ол АҚШ үкіметі қаржыландыратын тәуелсіз ұйым. Соңғы 10 жылда біздің департамент жұмысы негізінен Ауғанстан мен Пәкістанға қатысты болды. Жалпы алғанда бейбітшілік институты қақтығыстар жиі орын алатын елдерде - Ирак, Шам, Ливия, Мысыр мен т.б. елдерде жұмыс атқарады. Біз Ауғанстан мен Пәкістан проблемаларымен айналыстық, бірақ жақында институт басшылығы Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі орталықтарды ашуды жөн деп шешті. Біз Ауғанстан мен Пәкістанды басқа елдерден оқшау қарамаймыз, себебі онда болып отырған оқиғалар көрші елдерге де әсер етеді. Бұл біздің Орталық Азиямен танысу мақсатындағы алғашқы сапарымыз. Біз осындағы жағдаймен танысып, бейбітшілік институты Орталық Азияда не істей алатынын түсінуге келдік. Мен АҚШ-тың ресми өкілі емес екендігімді айтқым келеді, сондықтан менің айтқандарымның барлығы өзімнің жеке көзқарасым. 

 - Ауғанстан мен Пәкістандағы жағдай Орталық Азияға қалай ықпал етеді?

 - Бұл мемлекеттердің жүздеген жылдарға созылған ежелгі байланыстары бар. Бірақ жаңа дәуірде ол байланыстар үзіліп қалды, әсіресе Ауғанстандағы қақтығыс салдарынан. Ол Орталық және Оңтүстік Азия арасында кедергі болды. Ауғанстанда бейбітшілік орнығып, ол ежелгі байланыстар да қалпына келеді деген үміт бар. Өкінішке қарай, әзірге онда бейбітшілікті толығымен орнықтыру мүмкін болмай отыр, ал ол осы өңірдегі тұрақтылық үшін өте маңызды. Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас Ауғанстандағы жағдайға ықпал етеді, одан басқа онда өзіндік ішкі қақтығыстар да бар. Және бейбітшілік институты Ауғанстанда тыныштық орнығуына өте мүдделі. Ауғанстандағы саяси үдерістер, әсіресе сайлаулар өте маңызды. Қауіпсіздік үдерістері де маңызды, дегенмен саяси үдерістер маңыздырақ. Ауғандықтардың көбі егер Карзайдың мұрагері заңды сайланбаса, елде азаматтық соғыс оты қайтадан бұрқ ете қалуы мүмкін деп алаңдаулы. Сайлаудың бірінші раунды жақсы өтті, адамдар көп қатысты, бірақ ешкім де 50%-дан астам дауыс жинай алмады, сондықтан маусым айында екінші раунд өткізуге тура келді. Оның нәтижесі екі тарап арасындағы проблемаларға соқтырды. Доктор Абдулланың командасы (президенттікке үміткер Абдулла Абдулла - ҚазТАГ) доктор Ғанидың (Ашраф Гани Ахмадзай - ҚазТАГ) жеңісін мойындамады, ол белгілі дәрежеде шиеленіс тудырды. Оған АҚШ мемхатшысы Джон Керридің араласуына тура келді. Президент Обама телефон шалды, екі жақтың өкілдерімен де Ұлттық бірлік үкіметін құруға шақырып, келісімге келуге үгіттеп, жоғарғы рангтегі дипломаттар сөйлесті Енді барлығымызды қызықтырып отырған үлкен мәселе, осы үкімет қаншалықты тиімді жұмыс атқаратындығында. Оның қалыпты жұмыс атқарғаны өте маңызды. Бұрындары АҚШ-тың Карзай үкіметімен (Ауғанстанның экс-президенті - ҚазТАГ) қарым-қатынасы онша жақсы болмады, бірақ мен жаңа үкімет тек АҚШ-пен ғана емес, барша халықаралық қауымдастықпен де жемісті ынтымақтастықта болады деп ойлаймын. 

 - Орталық Азия елдері Ауғанстандағы жағдайдың тұрақтануына ықпал ете ала ма?

 - Мен Орталық Азия маманы емеспін. Ауғанстандағы жағдайдың келешекте тұрақтануына көрші елдердің атқарар рөлі маңызды деп ойлаймын. Шынын айтқанда, ондағы жағдай көбіне Орталық Азияға емес Пәкістанға байланысты өзгеріп отырады. Мен ондағы жағдай жақсарған соң интеграция тереңдеп, одан барлық елдер ұтады деп ойлаймын. 

 - Пәкістан Талибандарды белсенді түрде қолдап отырған, оның ішінде қару-жарақпен де қолдаған деген ақпарат болды. Қазіргі жағдай қандай?

 - Соңғы 10 жылдағы негізгі проблема Пәкістанның Талибанға пана беріп отырғаны деп ойлаймын. Талибандар Ауғанстанда шабуыл жасап, кейін Пәкістанға жасырынып кетеді. Және ол проблема сақталып отыр. Табибанның көптеген көшбасшылары Пәкістанды паналайды. Сондықтан оларды жеңу күрделі, себебі олар басқа мемлекетте орналасқан. Әрине, Пәкістан оның бәрін теріске шығарады, олардың Ауғанстанға қатысты өз мүдделері бар. Пәкістанның жағдайға өзіндік стратегиялық талдамасы бар, ол Ауғанстандағы үнділік ықпалдың артып келе жатқанына алаңдаулы және шығысы мен батысында да жау елдердің болғанын қаламайды. Сондықтан Пәкістанның жүргізіп отырған саясатының өзіндк негізі бар. Ауғанстанның жаңа үкіметі Пәкістанның жағдайды бағалауын өзгерте алады деп үміт етеді, себебі Ауғанстандағы тыныштық бәріне де тиімді. Менің жеке өзім Ауғанстандағы азаматтық соғыстан ең көбі Ауғанстанның өзі, одан соң Пәкстан зардап шегеді деп есептеймін. Ауғанстандағы тұрақсыздық айналасындағы елдерге қауіпті, ал Пәкістандағы тұрақсыздық одан да жаман болады. Сондықтан тек АҚШ емес, Ауғанстанмен көрші барлық елдер онда бейбітшілік орнағанын қалайды. Тұрақсыздық барлық өңірге, бірінші кезекте Пәкістанға ықпал етеді. Одан басқа, біз, әлемдік ядролық қару қоры бойынша Пәкістан бесінші мемлекет екенін, және оның Үндістанмен ара-қатынасы шиеленісте екенін ұмытпауымыз керек. Соңғы кездері жағдай жақсарған сыңайлы. Пәкістан президенті президент Ганидің ұлықтауында болып, пәкістандық генерал-шериф Ауғанстан президентімен Кабулда кездесті. Сондықтан Ауғанстанның жаңа үкіметі Пәкістанмен қарым-қатынасты жақсартпақшы. 

 - Ауғанстанның Пәкістанмен арадағы қарым-қатынастары мен тәліптермен күрестен басқа тағы бір елеулі проблемасы бар – есірткі өндірісі мен экспорты. Ондағы айналымның қандай екенін және оның қандай ақша әкелетінін ескеретін болсақ, оны шешу мүмкін бе? 

- Есірткі саудасы проблемасының тез әрі жеңіл шешімі жоқ. Оны қалайша тиімді тәсілмен шешуге болатынын түсініп алу үшін, бұл мәселені жақсылап зерттеп алу қажет. Көптеген елдер есірткі трафигімен күреске айтарлықтай қаражат салуға тырысады, бірақ проблема шешілмейді. Бұрын былай болатын: есірткі қылмысы үшін әлдебір жетпегірді қамауға алып, ісін сотқа жіберетін, сотталушы пара беріп, еркіндікке шығып кететін. Елдердегі заңдардың үстемдік құруын, есірткі өндірісін төмендетуге мүдделі үкіметтің ықпалын күшейту қажет деп ойлаймын. Одан басқа, есірткі өндірісінің келісті баламасы болуы үшін, фермерлер апиынға қарағанда тиімдірек бірдеңе өсіре алатындай болуы үшін экономиканы күшейту қажет. Бұл жақын келешекте бола қалады деп ойламаймын. Егер халықаралық қауымдастық Ауғанстаннан тым жылдам шығып кетсе, онда есірткі бизнесінің әсері, тек экономикалық қана емес, сонымен қатар саяси ықпалы, бірден артып кетеді. Сондықтан басқа елдер Ауғанстан үкіметіне заңды экономика тұрғызуға көмектесуі қажет. Бұдан өзге, проблеманы шешу жолдарының бірі - есірткіге сұранысты азайту. Пәкістан арқылы есірткі трафигінің ірі маршруттарының бірі өтеді және ол өте кері әсерін тигізеді. Пәкістанда есірткіге тәуелділердің саны өсті, және қазір әлемдегі героин есірткілерінің ең үлкен саны сонда. Екінші бір маршрут Иран арқылы өтіп жатыр, және жыл сайын онда соның салдарынан құқық қорғаушы орган қызметкерлерінің үлкен саны қаза табады. Ауғанстанда да бұл проблема жоқ емес. Елдегі ахуал тұрақтылығынсыз есірткі өндірісін тоқтату аса қиын. Ал онсыз жағдайды бақылау өте ауыр, себебі есірткі бизнесі үлкен ақшаны, ал, олай болса, саяси ықпалды да әкеледі. Проблема осымен көп жыл бойы жалғасып келеді және оны осы күнге дейін шешудің реті келмей отыр. 

- Жаңа үкімет тәліптермен, есірткі бизнесімен, жемқорлықпен күресіп, елдегі жағдайды өзгерте алады деп ойлайсыз ба?

 - Мен бұл мәселеде сақ оптимистпін. Доктор Гани мен доктор Абдулланы бұрыннан білемін. Олардың екеуі де елдегі үкіметтің бұрынғысынша жасамау керектігін түсінеді деп ойлаймын. Және осының өзінде алғашқы позитивті ілгерілеулер бар. Өз президенттігінің бірінші күнінде-ақ доктор Гани саяси элита өкілдерінің банкілердің бірінен 1 млрд доллар ақша ұрлағаны туралы аты шулы істің тергелуін қайта жандандырды. Сондай-ақ үлкен билікке ие құрылым болып табылатын бас прокурор кеңсесінде жемқорлық туралы белгілі болды. Бұл қадам парақорлықпен күресте өте символикалық мәнге болды деп ойлаймын. Бұл сонымен қатар елге салмақты жәрдем көрсетіп отырған халықаралық қауымдастық үшін де өте маңызды. Желтоқсанда Лондонда Ауғанстан жөнінде конференция болады, және жаңа үкімет үшін бұл халықаралық қауымдастыққа қандай салаларда оларға қазір жәрдем мен қолдау қажет екенін хабарлауға тұңғыш мүмкіндік болып отыр. Өткен аптадағы Бейжіңдегі кездесу де маңызды болды, өйткені өңір елдері қауіпсіздік, болашақ әлем мен Ауғанстандағы тұрақтылық мәселелерін талқыға салды. 

- Айтпақшы, қауіпсіздік туралы. Оған НАТО әскерін әкету қалай әсер етеді?

 - Бұл әскерді әкету емес, санын қысқарту. Мәселен, осы жылдың соңына таман Ауғанстанда АҚШ-тың 9800 әскери қызметкері мен тағы 2500 НАТО әскери қызметшісі қалады. Сондықтан да келесі жылы біз шамамен 12 500 адам сонда әскери борышын өтемек. Ондағы әскерлерді қысқарту ауқымы үлкен. Әзірге Ауғанстанның ұлттық қауіпсіздік күштері көбі күткеннен де үздік жұмыс істеуде. Бірақ, дегенмен де, өте үлкен шығындар да болды - Ауғанстанның ұлттық қауіпсіздік күштерінің 4600 қызметкері осының өзінде биыл өлтірілген - бұл әскерилер де, полицейлер де. Сондықтан қандай да бір деңгейдегі халықаралық қауымдастықтың әскер саны туралы шешімі Ауғанстағы жағдайға негізделген. Қазір президент Гани бейбітшілікті қалыптастырып, шетелдік әскерилерді үлкен контингентке тәуелді қылмау үшін бар күш-жігерін салуда. Одан басқа, әзірге халықаралық жәрдем көлемі тым көп, ал ауғандық экономика оған мықты тәуелді. Сол себепті, мен әртүрлі көмек көлемі тез қысқарады деп ойлаймын, өйткені бұл ахуалды тұрақсыздандырып жібереді. Ал ауғандықтардың өздері үшін өздерін психологиялық жағынан тастанды ретінде сезінбеу өте маңызды. 

 - Әңгімеңізге рақмет!

adimage