«Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайы белгілі болды»
Адвокат Инга Иманбай әскерде жараланған сарбаз Ербаян Мұхтардың денсаулығы жөнінде ақпарат берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Ербаянның алдағы емінің жалғасып, қылмыстық ісінің тергеу барысын ата-анасымен талқылаған.
«Шүкір, жағдайы бірқалыпты. Соңғы рет оны Ыстамбұлға ұшар алдында көрген едім. Қазір әлдеқайда жақсы: салмақ қосып, беті толысып қалған. Бір айдан кейін емнің екінші кезеңі – реабилитация басталады. Ербаянға да, ата-анасына да сіздердің ыстық ықыластарыңыз бен қолдауларыңызды жеткіздім. Олар барша халыққа алғысын жаудырып жатыр. Біз бірге қолдау көрсетіп, Ербаянның аяғына нық тұруына көмектесеміз! Ал қылмыстық іс бойынша Ербаянды осы күйге түсіргендер тиісті жазасын алғанша күресті тоқтатпаймыз. Әділеттік үшін біргеміз!» - деп жазды заңгер.
«Ақтөбеде заңсыз ет сатумен айналысқан цех табылды»
Ақтөбеде ет өнімдерін өңдеу және заңсыз сатумен айналысқан цех анықталды. Цехта етті рұқсат құжаттарынсыз және ветеринариялық-санитариялық бақылаусыз, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды бұза отырып өңдеу және сату жүзеге асырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мұғалжар ауданында төрт жылқы ұрлады деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды. Күдіктінің шаруашылығында қос ұңғылы аңшылық мылтық, ет кесуге арналған түрлі пышақтар, арқан, таразы, жануардың іш бөліктері тәркіленді. Барлық факті бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Экс-депутат мемлекеттен ұрлаған қаржыны казиноға жұмсаған
Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының экс-депутаты мемлекеттен жымқырған қаражатқа көлік сатып алып, казиноға жұмсаған. Осы іске қатысты қаржылық мониторинг агенттігі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «Курсив».
Ақпаратқа сәйкес, күдікті мемлекеттен субсидия алу үшін Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына таңқурай сатып алатыны туралы жалған құжат ұсынған.
«Бұл кірістерді жылыстату үшін күдікті 21 жеке кәсіпкермен көшеттерді орау, тиеу, түсіру жұмыстарын орындау үшін жалған келісімшарттарды қамтитын көп деңгейлі схеманы әзірлеген, бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Аталған жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде Т431 млн қолма-қол қаражат алынды», – делінген агенттіктің хабарламасында.
Күдікті ұрлаған қаражатты заңды түрде пайдалану үшін жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, ол әрекетінен қосымша Т89 млн табыс тапқан. Оған Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және «Toyota Highlander» автокөлігін сатып алған. Сондай-ақ мемлекеттен ұрланған Т170 млн-ды Қонаев қаласындағы казиноға жұмсаған.
Сот санкциясымен күдікті екі айға қамауға алынды.
«Алдағы күндері ауа райы 30 градусқа дейін көтеріледі»
Синоптиктер 18 наурыз бен 20 наурыз аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Nege.kz.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша алдағы күндері ауа температурасы жоғарылайды: республиканың солтүстігінде түнде -3+5°C, күндіз +5+16°C дейін; орталықта түнде -3+5°С, күндіз +5+20°С дейін; республиканың шығысында түнде -7+5°C дейін, күндіз +3+16°C дейін; батыста ауа температурасы түнде -5+5°С, күндіз +5+18°С дейін төмендейді; оңтүстікте және оңтүстік-шығыста ауа температурасы түнде +5+13°С, күндіз +22+30°С дейін көтеріледі.
«Республиканың басым бөлігінде жауын-шашынсыз күн ашық болады. Тек республиканың батыс, солтүстік-батыс және солтүстік облыстары ғана циклондық науаның ықпалында болады, онда жауын-шашын (жаңбыр мен қар) жауады, жел күшейеді, жолдар көктайғақ болады», – делінген хабарламада.
Фото көзі: Ашық дереккөз