Ерлан Стамбеков: Бизнестің үнсіз келісімімен мемлекет жаппай бақылаушы болды

Алматы. 2 қараша. ҚазТАГ - Владимир Радионов. Салық заңнамасын қайта тексеру және борышкер-кәсіпкерлерге рақымшылдық жасау – бизнесмен Ерлан Стамбековтың дағдарысқа қарсы ұсынып отырған шаралары осындай. Ол бүгіндері бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты толығымен өзгерту керек деп отыр. Ол үшін үкімет саяси ерік танытып, мемлекеттің экономикалық доктринасын өзгертулері тиісті.
Ол қаншалықты мүмкін? Ол отандық бизнеске қалайша әсер етеді? Осы және басқалар туралы Алматының кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің мүшесімен сұхбат.

- Ерлан Даулетұлы, кәсіпкерлерді қорғау кеңесінде Сіз салық органдарының өкілдерін, олар компанияларды жалған кәсіпкерлермен жасаған операциялардан тапқан сомадан салық төлеуге мәжбүрлеп жатқаны үшін, бопсагерлер деп те атауға бардыңыз. Осы туралы егдей-тегжейлі айта аласыз ба?

- Танымал үш өндіруші компания біздің палатаға проблемаларымен жүгінді: олар мемлекеттік кіріс департаментінен осы компаниялар 2008 жылдан бері қандай бір фирмалармен ынтымақтасқаны, ал ол фирмалар қазір жалған кәсіпорындар деп танылғаны туралы жазбаша ескерту алыпты. Осы үш компанияға сотқа дейін айналымнан олар тапқан кіріс сомасын алып, солар бойынша ҚҚС (12%) және ККС (20%)(корпоративтік кіріс салығы) төлеуді ұсынады. Іс жүзінде сіздер 2008 жылдан бері 100 млн сомаға сауда жасадыңыздар, бүгін сіздерге бірден 32 млн төлеулеріңіз керек, және ол ол осы жылдар үшін сіздер төлемеген салық үшін салынатын айыппұлдан басқа.

- Бұл заңсыз ба?

- Осы ескертудің өзі заңды бұзу, себебі жалған кәсіпкерлікпен күдіктеліп отырған компания тергеуде жатыр, сот шешімі жоқ. Бәлкім қылмыстық іс те жоқ шығар. Тергеу алды тексеру жүріп жатыр.

- Салықшылар жиі осылай ете ме?

- Ауық-ауық осылай болып тұрады. Қазір осындай бұйрық берілсе керек. Үш компания - ол айсбергтің төбесі ғана. Мемкіріс департаментінің шенеунігінің айтуынша, салықшылар осындай 2 мыңдай жазбаша ескертулер жіберіпті. Ал осындай мазмұндағы телефон сұхбаты қанша болды десеңізші...

- Сіз айттыңыз ол ауық-ауық болып тұрады деп. Ал осы жолы ол неге байланысты болды?

- Әрине, мен ойлағандай болмасын, бірақ бізде бюджетте проблема туындаса осындай қысым көрсету басталады. Түсінесіз бе, қалыптасқан дағдарыс, девальвация, сұраныс пен халықтың төлем қабылетінің түсуі, сөзсіз бюджетке ауыртпалығын тигізеді. Айыптыны іздеу басталады. Және ондай «айыпты» әр кез кәсіпкерлер болып шығады.

- Есіңізде ме, бір кездері: «Салықты төле де - тыныш ұйықта» деген жарнамалық ұран болушы еді. Біздің кәсіпкерлер тыныш ұйықтағысы келмей ме, әлде оларға салықшылар, заңнама тыныштық бермей ме?

- Біздегі салық саласындағы заңнама толығымен «Заң оқ ағаш секілді, қайда бұрсаң - сонда бұрылады» деген мәтелге сай келеді. Осы тұрғыдан кәсіпкерлерді құқықтық қорғау мәселесі көптеген жұмыс атқаруды қажет етеді. Бірақ бұл жерде біз қандай міндет қойып тұрғанымызды түсіну керек: дағдарысқа қарамай кәсіпкерлікті дамыту ма, немесе бизнесмендерді қысқа шылбырмен ұстап, үнемі тізгінді тартып отыру керек пе?
Жалған кәсіпкерлік құбылысы бостан бос пайда болған жоқ, оған бірнеше факторлар септігін тигізді. Олардың біреуі өнімнің өзіндік құнын қалыптастырғанда, шынын айтқанда, жалақыны өзіндік құнға шаққанда мемлекет осы үдеріске құлшына килігеді. Дәлірек айтсақ, мемлекет осы үдерісті кеңестер одағының салық жүйесінен мұра етіп алған.
Ол кезде өнімнің өзіндік құнын қалыптастыру мемлекеттің ғана құзырында болған, себебі барлық кәсіпорындар мемлекеттік болған. Және қаржылық бақылау жүйесі басшылар артық қаражатты керек емес іссапарларға, керексіз той-томалақ т.б. шығындарына жаратпауды мұқият қадағалайтын. Бүгіндері бизнестің кез келген әрекеті сол үлгімен анықталады: өзіндік бағаға не жататынын, не жатпайтынын мемлекет анықтайды. Мысалы, біз тимбилдингтік шара өткізгіміз келеді, ол өте маңызды. Бірақ біз оны компания қаражатына өткізе алмаймыз, оны өзіндік құнға жатқыза алмаймыз, шығынға жатқыза алмаймыз.
Мынаны елестетіңізші, маған инвестор келіп $100 млн салмақшы. Мен оған мүмкіндіктерді көрсетудемін, компания филиалдарымен таныстыру үшін ұшып жүреміз, зәулім мейрамханаларда тамақтандырамын... Қысқасын айтқанда, мен оған жыртылып шашылум керек, себебі ол ертең қаражат салуы әбден мүмкін. Ал маған бухгалтерия не дейді? Бізде ақшаның шығынға жатқызатын ең аз нормасы бар, қалғандарының барлығы - кірістен алынуы керек.
Ал егер біз әзірге ешқандай кіріс көрмесек, бірақ осы инвестордың келуімен біз жаңа өнджіріске көтерілетініміз, бар өндірісті кеңейтетініміз, және алға жылжитын мүмкіндік туындаса ше? Біздің салық кодексіміз оны қарастырмайды. Осы жерден келіп қаражатты қалай тапса болады деген барлық қисық сұлбалар туындайды. Мен сізге саналы түрде мемтендерлер мен қазіргі қолданылып жүрген «откататтар» туралы ешнәрсе айтпай отырмын, себебі менің компаниям мемсатып алуларға қатыспайды. Бірақ мен оны күнде барлық жерден естимін.

- Егер мен сізді дұрыс түсінген болсам, Сіз, айталық, таныстыруға кететін шығындарды өзіндік құнға жатқызғанды қалайсыз ғой, ал оны түптеп келгенде өнімді немесе қызметті ақтық тұтынушы төлейтін болады. Маған, тұтынушы ретінде, ол дұрыс емес сияқты.

- Қараңызшы – ең арзан өзіндік құн қытайлық өнімдерде, оны бағасы көрсетіп тұр.
Бірақ Қытайда мемлекет өзіндік құнның қалыптасуына араласпайды, онда нарық өзі ол үдерісті реттейді. Кәсіпкердің өзі өзіндік құнға кез келген шығынды жатқыза берсін, одан кейін нарыққа қалай шығу керектігіне басын өзі қатырсын. Егер бәсекелеске қабылетті болды екен – алға, ал бола алмайды екен – ол оның проблемасы.
«Оларда қандай екен?» деген тақырыпқа тағы бір мысал қалайсыз ба? Facebook-тағы менің парақшама бір досым былай деген түсініктеме жазыпты: Гонконгтағы бір компания шығындарға казинодағы ұтылыстарын да енгізіпті, әлеуетті инвесторлар компания қаражатын ұтылыпты, ал салық қызметі ол соманы өзіндік құнға енгізіпті. Қайталап айтамын, бұл мәселе кәсіпкердің жеке өзінің басы ауратын мәселе: егер оның өзіндік құны өте қымбат өнімі нарықта сұранысқа ие болмаса, оның қалай күн көреу керек екендігі оның проблемасы.
Бұл жерде оған үкім шығаратын нарық, ал бізде - мемлекеттік кіріс комитеті. Мемлекет, керісінше, заңды транзакциялардың саны неғұрлым көп болуына мүдделі болуы керек. Сонда ол ақша қайда кетіп жатқанын (импортқа ма, немесе жергілікті өндіріске ме) дәл анықтай алады, және экономикалық тетіктер арқылы импортты алмасуды ынталандыра алады.
Кім қарсы шыға алады: мемлекетті өзіндік құнға бақылаушы құзыретінен айырылуына жол беруге болмайды. Шын мәнісінде әлемде мемлекет, айталық, тарифтің құрылуына, монопольшылардың жұмысына, әлеуметтік өндірістің сезімтал саласына: нан, сүт, балалар тағамын реттеп отыру тәжірибесі қалыптасқан. Дағдарыстық сәттерде мемлекет өзіне осы салаларды реттеуші рөлін алады, және ол принципті түрде дұрыс та. Бірақ онымен барлық жерде және жаппай айналысудың керегі неде?
Және осы өзіндік құнға қатысты мысал салықшылар шынымен де кәсіпкерге үкім шығаратын көптеген мысалдардың бірі ғана. Шын мәнісінде салық саласында қарапайым адамның көзіне көрінбейтін көптеген нәрселер бар. Айталық, сіз қар күрегіш күрек шығаратын кәсіпкер делік. Былтыр қар қалың жауып, сатып алушылар көп болуынан сіз 5 млн теңге таптыңыз, оған есеп беріп, салық төледіңіз.
Биыл жаһандық ауа райы жылы болып, қар жаумай, сіз зорға дегенде 1 млн теңге таптыңыз. Сізге салықшылар келіп былай дейді: «Былтыр сіз 5 млн кіріс көргенсіз, сондықтан биыл да сол 5 млн кірістен салық төлеуіңізді сұраймыз». Және олар жыл басында келіп, алдын ала жыл бойына төлеп қоюыңызды сұрайды. Ал егер сіз ондай пайда көрмесеңіз, ол сіздің проблемаңыз. Қар жаумай қалғаны, сатып алушылар болмағаны оларды алаңдатпайды да.

- Ондай шоттар да беріле ме?

- Ол аз десеңіз, сіз салықшылардан «жасырып» қалған әлгі 4 млн-ға айыппұл да салынады. Салық органдары сіздің бизнестің кәкір-шүкіріне енгісі келмейді, олар әр кез сізді кірісін жасырып отыр деп күдіктенеді. Бізде барлық жерде айыптылық презумпциясы бар, және ол кеңестік дәуірдегі жоспарлық жүйеден бастау алады, ол кезде «кәсіпкерлік» және «экономикалық қылмыс» ұғымдарының арасына теңдік белгісі қойылатын.

- Сонда Салық кодексі сонша нашар ма, әлде оны осылайша әкімшілдендіріп отырған адамдардың өзі ма?

- Біздің кодекс бүгіндері кірісті жасыру үшін шығындарды көбірек көрсетуге, оларды арттыра түсуге итермелейді. Және ол ең үлкен қателік. Керісінше болуы керек. Ақылға сиымды экономикалық саясат пен оған қызмет көрсететін кодекс болуы керек. Инвесторларға – акционерлер мен кредитшілерге тартымды болуы үшін кіріс табуға кәсіпкерлердің өздері ұмтылуы керек. Мемлекет, қайталап айтамын, заңды ашық транзакцияларға жағдай жасауы тиісті.
Шынын айтқанда бизнес бюджет үшін алтын жұмыртқа тауып отырған тауық іспеттес қой, ал оны тірідей союға тырысудамыз. Олай етуге болмайды, өйтпеген жағдайда біз келешекте де тек есепті ғана жақсы дайындай алатын мемлекет болып қаламыз. Өкінішке қарай, біздің бизнес тек сонымен, есеп жазумен айналысады, олардың бізде көптігі соншама, оларды толығымен дайындау үшін бухгалтерлер штатын ұстау керек.
Осыған қатысты менің жеке өзімде кейде сауал туындайды, мен үшін не маңызды: іспен айналысып өзімнің қазақстандық арманымды одан ары іске асыра беру ме немесе бизнесті одан ары бухгалтерлендірумен айналысу ма? Біздің барлығымыз оған үйрендік ал ұсынылатын инновациялар тек сырт бетін әрлеу сияқты болады: тармақтар, тармақшалар т.б. саны азаяды.
Осыдан келіп жастардың бизнеспен айналысқысы келмеуі туындайды, ал ол мені көп қынжылтады. Себебі жас буын өкілдері осының барлығын білген кезде, оларға бизнеске бақылаушы болу, салық комитетінде не басқа жерде жылы жер тауып, бақылаушы болу оңай.
Түптеп келгенде, мәселе мемкіріс департаментінің айыптылығында емес. Мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты өзгертетін кез келді. Білесіз бе, Қытайда «дағдарыс» сөзі екі иероглифпен жазылады. Олардың біреуі қауіптілікті білдірсе, екіншісі – мүмкіндікті білдіреді. Шындап келгенде, мен қазір оны түсініп отырмын, дағдарыста тек қауіп қана бар емес, сонымен қатар мемлекетпен қарым-қатынасты түрлендіру мүмкіндігі бар.
Иә, көп нәрсе жасалды, бірақ базалық элементтер өзгермеді. Және олардың бірі, күрт өсу үшін резерв көзі болып табылатын Салық кодексі болып табылады. Және мемлекет өзі араласатын жер қай жерде, араласпайтын жер қайда екеніне есеп беріп отыруы керек. Осы тұрғыдан бізде оғаштық бар.

- Айтпақшы, мемлекеттің бизнесті бақылап отыру мәселесі даулы мәселе. Айдар Әлібаев өзінің бір сұхбатында мемаппарат ШОБ секторын тұншықтырып отыр деп мәлім еткен. Сіз де осындай қамқорлық өлтіреді деп есептеймісіз?

- Шын мәнісінде мемлекеттің нарықта әкелік қамқорлығы керек. Бірақ, мен мұның алдында айтқанымдай, ол қатаң регламенттелген болуы керек. Қарапайым формула түрінде айтқанда: заңмен тыйым салынбағанның барлығына рұқсат етіледі деген ережелер жиынтығы болуы керек деп есептеймін.
Президент соңғы рет тоқтам жариялағанда ол нақты тапсырма берді: біз жаңа деңгейдегі қарым-қатынасқа шығу үшін, осында инвесторлар ағылып келіп, елде отандық бизнес қанатын кеңінен жаятындай бизнес климат жасау үшін «Атамекен» ұлттық палатасы үкіметпен бірге жаңа ереже дайындауы керек. Ал қазіргідей қамқорлық пен мен айтып өткен Салық кодексінің базалық қағидаттарымен біз алысқа бара алмаймыз.
Ал орындардағы мембақылау тақырыбын жалғастырсақ, өкінішке қарай, іс жүзінде бізде президенттің саясатының, оның бизнесті тексеруге тоқтам жариялағанының өңін өзгертіп жібереді. Содан келіп бизнеске жариялаған бір жылдық мораторий – есірткіқұмарларға жариялаған доза іспеттес болды: әзірге рахаттана бер, бірақ біз келеміз де сенің істегендеріңнің барлығына шот әкелеміз, сол кезде есіңді міндетті түрде жиясың. Сөйтіп ес жиясың: тексеруді таза парақтан бастамайды, тоқтам жарияланған кезеңнен бастап тексеру басталады, кейде тіпті шотты 2008 жылдан бастап береді.
Егер біз бизнесті түбегейлі өзгертетін болсақ, тым болмаса бірнеше маңызды салаларда оны экспортқа бағыттасақ, даму институттарының қаржылық қоюларынсыз болмайды. Ол аз десеңіз, ол құйылған қаржылар қазіргі салық салу жүйесінде тиімсіз болады, біз іс жүзінде ақшаны құмға құямыз.
Кейде ынталандыру үшін ақша берудің қажеті жоқ. Ережені өзгертсек жеткілікті ақша өзі келе бастайды. Бірақ бізде жеңілдіктерді тек шетелдік инвесторлар мен бизнесмендер үшін жасайды, оларды жарты ғасыр болған салықсыз режимдермен, «А» класындағы бизнес орталдықтарымен және бизнес жүргізгендегі либералдық ағылшын ережелерімен тартады.

- Неге ол өзгерістер орын алмайды? Баз біреулерге ескі ережелермен өмір сүрген ыңғайлы ма?

- Бізді мұнай мұрасы бұзып жіберді. Мұнай ағылып жатқанда аса алаңдау болмайды, бюджетте тіпті профицит бар. Біз қаражатты қорландырып жатқанымыз жақсы нәрсе, бізде сондай мүмкіндіктердің барлығы үшін біз жаратушыға алғыс айтуымыз керек. Бірақ, есіңізде ме, Шевчукте айтушы еді ғой: «Біз сейсенбі күні сәрсенбі үшін өліп-тіріліп жатамыз, бірақ бейсенбіні түсінбейміз». Шын мәнісінде проблема осында: барлық экономикалық саясатқа жүйелі түрде қарау керек. Мен шын мәнісінде Салық кодексін де елеулі тексерер едім, бюджетке борышкерлерге рақымшылдық жасар едім.

- Бюджет қаңырап бос қалады деп қорықпаймысыз?

- Жоқ. Бүгіндері бізде бюджетке түсімдердің 90%-ы мұнайгаз секторынан және жер қойнауын пайдаланудан, және бар болғаны 10% - ШОБ-тан. Ал әкімшілдендіруде – барлығы керісінше. Салықшылардың 10% өндіруші өнеркәсіппен жұмыс жасайды. Ал онда арнайы салық режимдері, өнімді бөлу туралы келісім эжәне т.б. айқын көрсетілген. Ал салық органдарының қызметкерлерінің 90%-ы шағын және орта бизнесті қадағалауда, және салық өндіріп алудың барлық екпінді идеялары, мен оған мысал келтіргендей, осы жерде туындап жатады.
Мен сұрақты басқаша қояр едім: біз шағын және орта бизнес өкілдеріне әділетсіздік жасаудан қорықпаймыз ба? Біз байларға елден шығарылған ақшаларын қайтарып, жариялауға рұқсат бергелі бері бізде капиталды амнистиялаудың үш толқыны өтті. Ал енді неге белгілі бір себептерге байланысты қарызға батқан кәсіпорындар үшін салықтық амнистия жасау мүмкін емес?
Егер біз байларға олардың заңсыз әрекеттеріне елден шығарған сомасының 10% көлемінде кешірім берсек, онда неге Қазақстанда жұмыс жасағандар үшін кешірім жасамасқа? Бұл әділ ғой: егер олар жұмысын жалғастырар болса, олардың барлық міндеттемелерін нөлге шығару. Қарызды амнистиялау қажет. Бүгінгі таңда олар үшін тек айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілген, бұл байлар үшін олар шығарған сомаға кірістердің пайызын кешірумен тең.
Ал бюджетке келсек... мәселен ойлап көрейік: сіз бюджетке төлеген жоқсыз, ары қарай жұмыс жасауға дайын емессіз. Не жасаған тиімді – сізді түрмеге отырғызған ба әлде майдандағыдай қанмен өз кінәсін жуып-шайуды ұсынған дұрыс па? Әрине, қанмен емес, жұмыспен. Бұл ретте бас тартпай, төлегендер ынталандырылып отыруы керек. Борышкерлер белгілі бір уақытқа дейін айыппұл төлеушілер секілді кейбір мүмкіндіктерді пайдалануға шектелуі керек.
Айталық, олардың тұтынушы несиесін, ипотека алуға, мемлекет ұсынған қандай да бір экономикалық игіліктерді пайдалануға құқығы болмайды. Және осы ойын ережесін әзірлеу де соншалықты қиын емес. Біз бар болғаны 17 млн. халықпыз, біз қытайлықтар көзімен қарағанда бір-бірімізді танимыз. Сондықтан қарым-қатынасымыз да барынша жеке болуы керек. Бұл біздің қолымызда. Ал егер біз бұлай жасамасақ және барлық жастар шенеунік болып кетсе – онда біздің болашағымыз жоқ, біз құримыз.

- Мәселе мынада, ол ойын ережесін кім әзірлейді. Шенеуніктердің басын алмастырып бермейміз ғой ...

- Бізде экономикалық доктринаны алмастыру үшін саяси ерік керек, және оны үкімет пен президент көрсетуі керек. Және сосын мына сұраққа жауап беру керек: қалыптасып жатқан жағдайларға барабар болу үшін төніп келе жатқан дағдарыс жағдайында кім не істеді?
Мен, мәселен, бизнесмен, жағдайды жоғарыда айтқандай қылып түзетуді ұсынамын, себебі біздің халыққа сенемін. Егер менің ұсыныстарым қолдау табатын болса, онда біздің әл-ауқатымыз мұнай кірістерінен емес, адамдардың тәжірибесіне, қабылетіне, дарынына, мүмкіндіктеріне, олардың еңбектенуге деген құлшыныстарына сүйенеді, оларға тек кедергі жасамау керек.

- Сұхбатыңызға рақмет!

adimage