Ермек Болтаев: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің желісі бойынша биыл қазақстандықтар 10 мыңдай пәтер алады

Алматы. 20 сәуір. ҚазТАГ – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің (ТҚЖБ) желісі бойынша биыл қазақстандықтар 10 мыңдай пәтер алады. 17 елді мекеннің тұрғындары қолжетімді баспананың иегері атана алады. Ол туралы ҚазТАГ-ге берген сұхбатында банктің қоғаммен байланыс басқармасының жетекшісі Ермек Болтаев телефон арқылы айтып берді. 

- Ермек Мұратұлы, халықтың қандай санаттары жаңа қоныс иесі атанады және қай қалалар көш басында? 

- 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасымен Қазақстанның ірі мегаполистері, облыс орталықтары мен шағын қалалары қамтылады. Барлығы, құрылыс мерзімдерін сақтағанның өзінде, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің желісі бойынша 570 мың шаршы м тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда. Сөйтіп, жергілікті әкімдіктермен қол қойылған келісімдердің негізінде, «халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша біз 6906 пәтер құрылысын аяқтауды күтіп отырмыз. Пайдалануға берілетін шаршы метр саны бойынша Алматы көш басында – 1376 пәтер, және Астана – 994 пәтер. 

- Ал жас отбасыларға қатысты ше? 

- «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша биыл 2760 пәтер тапсыру күтілуде. Және бұл жерде елорда көш бастап тұр, онда 672 пәтер беріледі. Екінші орында – Өскемен, ол жақта 435 жанұя үй кілттерін алады, үшінші орынды Шымкент пен Қарағанды бөлісіп тұр. Бұл қалаларда 216 пәтерден пайдалануға берілмек. 

- Ал биыл жаңа пәтерлеріне көшкендер бар ма? 

 - Биыл Ақтаудың 400 отбасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасымен салынған пәтер кілттерін алды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін Маңғыстау облысында 120 және 670 пәтері бар, ТҚЖБ желісі бойынша бағдарлама қатысушыларына арналған екі үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Банк бағыты бойынша қолжетімді баспана құрылысын уақытылы аяқтау үшін 2015 жылы Ұлттық қордан қосымша 30 млрд теңге бөлінген. 

 - Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қолданыла ма? 

 - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қаражатын тиімді қолданады. Бұл мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтады. Мәселен, банк «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша салынған үйлерге төлем ретінде бюджетке шамамен 60 млрд теңгені мерзімінен бұрын қайтарды. Биыл 30 млрд теңгеден астам қаржыны қайтару жоспарлануда. 

 - Сұхбатыңызға рақмет.

adimage