ESG және тұрақты даму күн тәртібі Қазатомөнеркәсіптің назарында

Түркістан. 2 маусым. ҚазТАГ – 2 маусымда Түркістанда «Қазақстандағы уран өндіру саласының тұрақты дамуы» тақырыбында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның жыл сайынғы таунхолы өтті. Іс-шараға ҚР Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ, Қазатомөнеркәсіптің, оның еншілес және тәуелді ұйымдарының, қазақстандық ірі кәсіпорындар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Пікірталас алаңында қатысушылар атом холдингінің жұмысына тұрақты даму қағидаттарын енгізу мәселелерін, үздік тәжірибелер мен табысты кейстерді, ESG саласындағы халықаралық бастамалар мен жаһандық трендтерді талқылады. Күн тәртібінің өзекті аспектілері туралы ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов, Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Ержан Мұқанов, Қазатомөнеркәсіптің HR және цифрландыру жөніндегі бас директоры Әлібек Алдоңғаров, БҰҰ-ның Қазақстандағы жаһандық шартының өкілі Динара Сейджапарова және Ұлттық ESG-клуб төрағасы Айдар Қазыбаев өздерінің сараптамалық пікірлерімен бөлісті.


Экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару мәселелері әрқашан Қазатомөнеркәсіптің ең басты басымдықтарының қатарында болған. Компанияның тұрақты дамуының негізгі бағыттары экологиялық жауапкершілік, адами капитал мен мәдениетті дамыту, тиімді корпоративтік басқару, еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік, экономикалық тұрақтылық, жоғары этикалық стандарттар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл болып табылады.


«Атом холдингінің даму стратегиясының негізгі құрамдас бөлігі тұрақты даму болып табылады. Қазіргі заманғы трендтерге сүйене отырып, Қазатомөнеркәсіп уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы ретінде планетамызды болашақ ұрпақ үшін сақтауға елеулі үлес қосуда. Әлем табиғи және адами ресурстарды жедел тұтыну мен пайдалану мүмкін емес екенін түсінді. Бүгінгі таңда бизнес тиімділігінің кепілі ESG қағидаттарын ұстану болып табылады», - деді Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Ержан Мұқанов.


Қазатомөнеркәсіп көптеген жылдар бойы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын, сондай-ақ халықаралық стандарттар мен бастамалардың ережелерін басшылыққа алып келеді. 2022 жылы компания БҰҰ-ның жаһандық келісіміне қосылды. Сонымен қатар, атом холдингі S&P Global Ratings халықаралық агенттігінен жоғары ESG-рейтингін алды, ал PwC зерттеуінің қорытындысы бойынша компания ESG-ақпаратты үздік ашу бойынша рейтингте көшбасшы болды.

Қазатомөнеркәсіп ұзақ мерзімді құнды құру стратегиясын ұстанып, экологиялық және өндірістік қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын сақтай отырып, Қазақстанның және бүкіл планетаның таза энергетикаға көшуінде жетекші рөл атқаруды жоспарлаған. Қазіргі уақытта қазақстандық уран концентраты бейбіт атом энергетикасына қажеттіліктің 40% - дан астамын қамтамасыз етеді және атом электр станциялары пайдаланылатын әлемнің барлық дерлік елдеріне жеткізіледі.


Парниктік газдар шығарындыларын азайту және климаттық міндеттерді шешу үшін Қазатомөнеркәсіп 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу және көміртексіздендіру стратегиясын әзірлеп, бекітті. Компания шынайы сценарийге сәйкес парниктік шығарындыларды 2030 жылға қарай 10-15% - ға, 2045 жылға қарай 55% - ға азайтуды және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына толық қол жеткізуді жоспарлап отыр.

ESG саласындағы үздік халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып, компания табиғатты қорғауға қомақты қаражат салады, сондай-ақ кәсіпорындар орналасқан жерлерде табиғи ортаны сақтау және қоршаған ортаға әсерді азайту үшін табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды. Өндірістік қауіпсіздік Қазатомөнеркәсіп үшін сөзсіз басымдық болып қала береді. 2022 жылы атом холдингі еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға 8 млрд теңгеден астам қаржы жұмсап, табиғатты қорғау қызметі жөніндегі іс-шараларға 1 млрд теңгеден астам қаржы инвестициялады.


Қазатомөнеркәсіп өз қызметкерлерінің денсаулығын, мүдделерін қорғау және уәждемесін қамтамасыз ету үшін барынша күш салады. Атом холдингінде еңбекақы төлеудің әділ жүйесі жұмыс істейді, әрбір қызметкерге тең мансаптық мүмкіндіктер беріледі. Компания елді мекендерді абаттандыру, заманауи балалар ойын және спорт алаңдарын салу, халықтың әлеуметтік осал топтарына қаржылық көмек көрсету сияқты әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыра отырып, жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін өзі қатысатын өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін барынша арттыруға ұмтылады. 2022 жылы холдинг кәсіпорындары қатысатын өңірлерді дамытуға 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Бұдан басқа, Қазатомөнеркәсіп Түркістан, Қызылорда, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы сомасы 900 млн теңгеден астам әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын қаржыландырды.


«Біздің компаниямыздың басты капиталы – оның қызметкерлері. Біз кәсіпқойлардың біртұтас ұжымын сақтауға және олар үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасауға мүдделіміз. Қазатомөнеркәсіп тамақтанудың, вахтада тұрудың, арнайы киімнің бірыңғай стандарттарын әзірледі, ерікті медициналық сақтандыру пакетін біріздендіру жүргізілді, бұл өндірістік кәсіпорындардың барлық қызметкерлеріне атқаратын лауазымының деңгейіне қарамастан тең мүмкіндіктер береді. Қызметкерлер мен жергілікті халықтың әл-ауқатының барлық аспектілерінің деңгейін арттыру әрқашан назарымызда болады», - деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің HR және цифрландыру жөніндегі бас директоры Әлібек Алдоңғаров.



Іс-шара аясында «Қазатомөнеркәсіптегі тұрақты даму» өнертабыстық қызметі мен фотобайқауының нәтижелері бойынша конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Таунхолл соңында арнайы тақырыптық панельдік сессиялар мен оқу семинарлары-тренингтер өтті, онда шақырылған спикерлер қатысушыларды ESG қағидаттарын сақтау мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен, білімдерімен және сараптамаларымен таныстырдыі.



adimage