Евгений Климов: Қазақстанда ГМО-лардың таралуы елдің азық-түліктік тәуелсіздігіне қауіп төндіреді

Евгений Климов: Қазақстанда ГМО-лардың таралуы елдің азық-түліктік тәуелсіздігіне қауіп төндіреді


Алматы. 10 желтоқсан. ҚазТАГ - Асхат Ахметбеков. Экологиялық мәдениет интеграциясы қорының президенті, Органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысының Қазақстан федерациясының (KazFOAM) төрағасы Евгения Климовтың айтуынша, генетикалық модификацияланған организмдер (ГМО), мүлдем жаңа, беймәлім, табиғатқа жат организмдер. Онымен адам денсаулығына да қатысты, экологияға да және ел экономикасына да қатысты көптеген қауіп-қатер байланысты.

Атап айтқанда, Қазақстанда ГМО-дақылдардың кең таралуы отандық фермерлердің генетикалық түрлендірілген тұқым мен пестицид өндіретін корпорацияларға тәуелділігіне әкелуі мүмкін, деп мәлімдеді ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында KazFOAM басшысы.


- Әр мемлекеттің ғалымдарының зерттеулерінше, ГМО-азық-түліктерді пайдалану онкологиялық аурулар тудырады, иммунитеттің төмендеуіне әкеледі, аллергиялық реакцияның туындауына септігін тигізеді екен. Тіпті осындай өнімдерді тамақта пайдалану біздің ұрпағымыздың бірнеше буыннан соң ұрықсыздығын тудырады деген де пікір айтылды. Евгений Владимирович, сіздіңше, ГМО-өнім дегеніміз не? Ол адамға сонша қауіпті ме?


- Ең алдымен генномодификацияланған органзим дегеніміз не екенін түсініп алайықшы. ГМО - мүлдем жаңа, беймәлім, табиғатқа жат организм. Олар табиғатта пайда бола алмайды, себебі оған табиғаттың өзі тосқауыл қояды. Сұрыптау арқылы өсімдікті жануармен будандастыруға немесе қандай да басқа осындай түрлендіруге қол жеткізу мүмкін емес. Табиғат жасаған осындай тосқауылдарды гендік инженер әр түрлі комбинациялар жасау, ДНК-ны түрлендіру арқылы бұзуы мүмкін.

Мысалы, бүгіндері жасалған генномодификацияланған (ГМ) ауыл шаруашылығы дақылдарының көбінде жекелеген пестицидтерге төзімділік гені бар. Ол не береді? ГМ-бидайды енді шексіз пестицидтермен өңдей беруге болады, одан барлық тірі жәндіктер қырылып, оның ішінде пайдалы жәндіктер мен микроорганизмдер өліп жатса да, бидай өлмейді. ГМО адам денсаулығына да қауіпті және экологиялық және экономикалық қауіп-қатер тудырады.


- Олар қандай?


- Егер экономикалық жағынан айтатын болсақ, онда ГМО-ның Қазақстанда таралуы отандық фермерлердің генетикалық түрлендірілген тұқым мен пестицид өндіретін корпорацияларға тәуелділігіне әкелуі мүмкін. Фермер, өнім өндіру барысында осындай тұқым пайдаланғаны үшін әртүрлі роялтилер төлеуі мүмкін. Ол тұқым сақтауға құқығы болмайды, сондықтан ол жыл сайын мұхиттың ар жағындағы компаниялардан ГМ-тұқымдар мен оларға қолданылатын пестицидтерді де сатып алып тұруға мәжбүр.

Егер ГМ-тұқым кездейсоқ егістікке себіліп кетсе, ол үшін орасан зор айыппұл төлеуіңіз керек. Осындай оқиға канадалық фермер Перси Шмайсердің басынан өткен. Оның егістігіне көршінің егістігінен желмен тұқым сурылып келіп түскен екен. Оған жарты миллион талап қойылды, ал ГМО өсіру оның ойына да кіріп-шықпаған. Қазақстанда ГМО таралуы елдің азық-түліктік тәуелсіздігіне қауіп төндіреді.

Экологиялық қауіп-қатер туралы айтсақ. Бұл жерде биоәркелкіліктің қысқаруымен қатар, жердің тозуы, жаңа суперарамшөптердің қаптап кетуі, вирустар мен аурулардың туындауы сияқты толып жатқан қауіп-қатер бар. Қазірдің өзінде ГМО гендері жақын туыстас басқа да түрлеріне өтіп кету оқиғалары бар. Мысалы, Мексикада, жүгерінің отанында, ГМО кеңінен таралуы ГМО генінің басқа да тұқым түрлеріне өтіп кетуі анықталды.

Бұл жүгерінің түрлерінің қысқаруына және тек ГМ-жүгерінің қалуына әкелу қаупін тудырып отыр. Сондай-ақ жекелеген ғалымдар жиілеп кеткен індеттер, мысалы, Эболаны гендік инженерлердің жұмысымен байланыстырып отыр. Тәуелсіз зерттеулер ГМО таралуы қоршаған ортаның химикаттармен ластануына әкелетінін және жердің тозатынын дәлелдеп отыр.

Адам денсаулығына қатысты айтсақ, ол ең кең талқыланатын тақырып. Ауыл шаруашылығында ГМО қолданған 30 жылдың ішінде әлемде біресе ГМ-жүгеріге, біресе ГМ-сояға, немесе басқа да адам пайдаланатын азық-түліктерге тыйым салу жиілеп келеді. Адамның теріс әсер етіп отырғанының дәлелдері табылуда. Яғни, алдымен пайда қуып ГМ азық-түлігін шығарады, олар бірнеше жыл азық-түлік индустриясында кеңінен қолданылады, кейін ол қауіпті екені анықталады.

Мұны адам баласының үстінен жүргізіліп отырған тәжірибе деп атаудан басқа деуге болмайды. Қазақстандықтар өздерін тәжірибе жасайтын тышқандар ретінде сезінгісі келе ме? Әй, қайдам.


- Әлемде қандай елдер ГМО-өнімдерді жеткізушілер, оның ішінде Қазақстанға да жеткізіп отырған кімдер? Мен олардың арасына Батыс Еуропа, Солтүстік Америка мен Қытайды жатқызсам қателеспеймін бе?


- Агробиотехнологияларды қолдануға мониторингі жасау бойынша халықаралық қызмет (ISAAA) мәліметтерінше, генномодицикацияланған дақылдар егілген егістік алқабы 28 елде - 169 млн гектар. Бұл ретте Солтүстік және оңтүстік Америка елдері көшбасында. Сондай-ақ дамыған деген елдер ГМО егістігінің ауданын қысқартып келе жатқаны байқалуда. Еуропалық елдерде ең көп ГМО егістігі Испанияда.

Біздің көршілерімізге келсек, Қырғызстанда ГМО өсіруге тиым салынған: Қырғызстанның жоспарында өзін органикалық ел деп жариялау бар. Өзбекстанда ГМО өсірілмейді. Ресейде ГМО-ларға тыйым салы әрекеті бар. Қызығы Қытай елге ГМ азық-түлік өнімдерін сырттан әкелуге тиым салу шараларын қабылдауда. Қытай үкіметі американдық ГМ жүгерінің орнына укаринадан ала бастады. Қытай органикалық дақылдар егістігінің ауданын арттыруда және бүгіндері онда 1,5 млн гектар.


- ГМО-азық-түліктерді бірінші кезекте трансұлттық компаниялар сатады деген пікір қалыптасқан. Сіз сонымен келісесіз бе? Неліктен азық-түлік өндіретін кәсіпорындар өз өндірістерінде ГМО-ны пайдалануға ұмтылады?


- ГМО нарығының 90% -дайы Monsanto (АҚШ) компаниясының үлесінде. Ол улы химикаттар шығаратын химиялық корпорация. Осы компаниядың директорлар кеңесіне АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі, президент Буш әкімшілігінің адамдары болды. Ол компаниямен үлкен даулы істер байланысты. Мысалы, Вьетнамдағы соғыс кезінде джунглиді құрту үшін дефолиант Agent Orange (дефолиант пен синтетикалық гербицидтердің қоспасы – ҚазТАГ) қолданған соң, әлі күнге мүкіс балалар туылуда. Немесе 1960 жылдары кеңінен жарнамаланған ДДТ (дихлордифенилтрихлорметилметан, химиялық пестицид - ҚазТАГ). Кейін белгілі болғандай, ол өте күшті концероген болып шықты. Бүгіндері ол компания ГМО саласы мен пестицидтер шығару саласында көш басында. Жақында олар Алматыда кеңсесін ашты.


-Бүгіндері Қазақстанда ГМО азық-түлік сату ауқымы қандай? Олар біздің елде өз өнімдерінің қандай түрлерін сатуда?


- Қазір бізде ондай мәліметтер жоқ. Қазақстанда барлық ГМ-өнімдер маркіленуі тиісті, бірақ мен әлі ГМО көмегімен алынған деген таңбасы бар ешқандай өнімді көрген емеспін. Бірақ ол ондай азық-түлік жоқ дегенді білдірмейді. Біз 2008 жылы зерттеу жүргізіп, балалар тағамында да ГМО барлығын анықтадық. Ол бірлі жарым оқиға емес шығар деп ойлаймын.


- Сіздегі бар мәліметтер бойынша, отандық компаниялар ГМО-дан шығарылған өнімдер шығарып жатыр ма?


- Ондай ресми мәліметтер жоқ. Мен поезда бара жатып, Алматы облысының бір фермерін кездестірдім. Ол дәстүрлі сояға қарағанда ГМ-сояны өсіру артықшылықтары туралы айтып берді. Оны тек кең ауқымды зертханалық тексеру арқылы ғана анықтауға болады. Қазақстанның солтүстік облыстарында рапс қөсіру кезінде арам шөптердің де қаулап шығуы алаңдатады, себебі ондай жағдай тек ГМ-рапс өсіргенде ғана туындайды.

Сондай-ақ 1990 жылдың соңында бізге гуманитарлық көмек ретінде ГМ-бидай әкелмекші болған әрекет белгілі. Ол кезде үкімет одан бас тартты. Бүгіндері биотехнологиялық корпорациялардың лоббилігі күшті екендігі сезілуде. Олар ГМО пайдалы, ал экологиялық өнімдер зиянды деген семинарларды қаржыландыруда.


- Бұл ретте ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер ерте ме, кеш пе, Қазақстанда ГМО пайдалануымен ауыл шаруашылық өнімдерін шығару мәселесі туындайды деп айтып отыр. Біздің елімізде ондай ауыл шаруашылық өнімдерді өсіру қажеттігі бар ма? Ол бізге жалпы керек пе?


- Қазақстанда жер құнарлығының төмендеуінен егін өнімділігінің азаю проблемасы бар. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрлігінің саясаты химияландыру және өнімді көп беретін сорттар егуге бағытталған. Маған ол түсініксіз, ведомство себебімен емес, салдарымен күреспекші. Егер жер тозуынан астық өнімділігі азайса, оны арттыруға күш салу дұрыс сияқты, ал қазіргі әдісі жағдайды одан да қиындатады.

Бізде топырақ құнарлығы жерді жырту агротехникасын бұзудан, оларды тиімсіз пайдаланудан, органикалық тыңайтқыштарды қолданбаудан, менеджменттің әлсіздігінен, фермерлердің осы саладағы білімінің аздығынан және т.б. орын алып отыр.

Ауылшаруашылығы кәсіпорындары бір сәттік кіріске бағытталуынан, егістік себу айналымын сақтамаудан, монодақыл тәжірибесі топырақтың бұзылуына әкеледі. Нәтижесінде жердің тозуынан Қазақстан жылына $2 млрд шығын көріп отыр. Әзірге ол міндеттер шешілмеген, ГМО оған көмектеспейді, жағдайды одан ары ушықтырады.


- Егер біз елімізде өсірілген табиғи өнімдермен өзімізді қамтамасыз ете алмасақ, егер ГМО өнімдер өсіруге баратын болсақ, демек біз әлсіздігімізді мойындап отырмыз ғой? Бірақ біздің барлық халқымыз 17 млн-нан сәл асады, ол онша көп емес қой.


- Бүгіндері Қазақстанда 300 мың гектардай сертификатталған органикалық жер бар. Органикалық өнім өндірісі негізінен Еуропалық одақ елдеріне экспортқа бағытталған. Оларда осындай өнімге деген сұраныс бар. Ішкі нарыққа аталған өнімдер бірқатар себептермен түспейді де. Мемлекет оған ешқандай назар салмайды: қазір қандай да алға жылжушылық болып отырғаны, жұртшылық қысымынан болып отыр. Қазақстанда органикалық өнім саласында ешқандай заң жоқ. Органикалық фермерлер Еуропадағыдай ешқандай қолдау көрмейді. Тұтынушы бейхабар. Шешімі табылмаған тағы бірқатар проблемалар бар.


- Қалайша біз осындай көңілсіз жағдайға келдік? Біз органикалық өнім өсіруден қалдық па?


- Бізде органикалық өнім өндірудің орасан зор әлеуеті бар. Қазақстан жерлерінің 90%-дайы химикаттармен ластанбаған. Осы салада көшбастаудың тамаша мүмкіндігі бар, бірақ ол үшін саяси ерік керек.


- Ал осы кезде біздің базарларда қытайлық қызанақ тұқымдары табыспен сатылуда. ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің мәліметтерінше, ол қызанақ генетикалық модификацияланған өнім және ГМО рұқсат етілген шекті мәнінен артып тұр. Өз кезегінде осындай тұқымдарды пайдалану бірінші жылы ғана жақсы жеміс береді, ал өсірілген қызанақ тұқымдары ұрықсыз болады. Сіз ол туралы не дейсіз? Ол проблема ма?


- Қазақстан Картахен хаттамасын қолдайды, ал оның аясында ГМО-ның шекарадан өтуі анық регламенттелген. Қазақстанда ГМ өнімдерді міндетті маркалау талабы бар. Бірақ өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, аталған норма сақтала бермейді екен. Бұл жерде мемлекеттік және қоғамдық бақылауды күшейту керек.


- Бал араларының өлу себептері адамзат ГМО-көкөністер мен басқа да агродақылдарды көптеп өсіріп жатуында, себебі олар қоршаған ортаның өзгерісіне, оның ішінде генномодификацияланған организмдерге қатты шошынады деген пікір бар. Сізді ол таңдандырмай ма?


- Жоқ, таң қалдырмайды. Мен жоғарыда айтқандай, ГМО-лардың басым көпшілігі қауіпті пестицидтерді қолдану арқылы өсіруге арналған. Ол пестицидтер тек бал араларына ғана емес, адамға да қауіпті. Одан басқа, көптеген ГМ-дақылдардың өздері де жәндіктерге қарсы улы заттар шығара бастайды. Сондықтан пайдалы жәндіктердің де жоғалып кетуі кенет болған оқиға емес, заңды құбылыс.


- Бірақ ресми деңгейде Қазақстанда ГМО-дақылдарды өсіріп, кейін оны шетелге экспорттау идеясы айтылды. Сіз сол ГМО-дақылдар біздің өзіміз үшін емес, сыртқа әкетуге өсіріледі дегенге сенемісіз?


- Қазақстан ауыл шаруашылығы үшін үйреншікті жағдай – алдымен өнім өсіріп алу, кейін оны кімге сату керектігін ойластыру. Егер біздің шенеуніктер ГМО сататын нарыққа бір зерттеу жасап көрсе, онда олар осы өнімнің аштықтан қырылып жатқан африкалық елдерге де керек еместігін түсінген болар еді, африкалықтар ондай өнімнен бас тартуда.

Қазір халықаралық нарықта органикалық өнімге сұраныс бар. Олар дәстүрлі өнім түрлерінен 20-60% артық. Қайсысын сату тиімді? Тиынға болсын және өз елің үшін қауіп-қатерге барып, көп болса да ГМ-өнімді ме, немесе органикалық өнімді қымбатқа сатқан тиімді ме?


- Сіздің пікіріңізше, Қазақстанда ГМО-өнімдерді өсіру бастамасының артында кім тұр? Ондай лобби бар ма? Себебі азық-түлік өнімдерін өндіру және сату өте тиімді бизнес екенін мойындау да керек.


- Трансұлттық биотехнологиялық корпорациялар Қазақстанда көп. Олардың мүдделерін лоббилау тетіктері әр түрлі елдерде жөнге келтірілген. Біздің елдегі жемқорлық деңгейінің тым жоғарылығы олардың міндетін жеңілдетеді деп ойлаймын.

Оларға қарсы тұрудың және экологиялық таза ауыл шаруашылық өнімдерін дамытудың мүмкіндігі тек жұртшылықтың кеңінен араласуы арқылы болады. Қазақстан «ГМО-дан азат аумақ» болуы үшін күресу керек.


- Сіз ГМО-өнімдерді өндіруге тыйым салған елдерді мысалға келтіре аласыз ба? Қазақстанда да оған тыйым салу керек пе? Ол азық-түлікке қатысты, демек ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе ғой.


- Бүгіндері ГМО өсіруге және сатуға тыйым салған елдер қатарында Австрия, Швейцария, Венгрия, Жапония, Греция, Польша, Болгария, Люксембург және Италия, Жаңа Зеландия бар. Құрама Штаттарында тек Калифорния штатының Мендосино округында ГМ-дақылдарды өсіруге тыйым салынған. Оңтүстік Австралияда әлі күнге ГМ-дақылдарға тыйым салынған.

Жапондықтар генетикалық модификацияланған ауыл шаруашылығы дақылдарына қарсы және елде ешқандай ГМ дақылдар егілмейді, дегенмен Канададан көптеп рапс импорттайды және қазір жабайы ГМ-рапс жапондық порттардың айналасында және ірі азық-түлік компанияларына апаратын жол бойында өсіп тұр.


- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


adimage