Франция Сноуденге саяси баспана бермейді

Күні: 15:59, 23-09-2019.

Алматы 23 қыркүйек. ҚазТАГ - Мадина Әлімханова. Франция АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (ҰҚА) бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденге саяси баспана бермейді, деп хабарлады француз ақпарат құралдары.
«Әділет министрі Николь Беллубе мен Еуропарламент мүшесі  Натали Луазо (екеуі де Макрон партиясынан, «Алға, Республика!»- ҚазТАГ) қолдауына қарамастан, Франциядан баспана алу әрекеті сәтсіз аяқталды. Сыртқы істер министрі Жан-Ив ле Дрианның айтуынша, Сноуден 2013 жылы баспана сұраған кезде, «ол үшін уақыт дұрыс болмады» және ол «көзқарасын өзгерту үшін ешқандай себепті» заңды да, саяси деңгейде де көрмейді», - деп дүйсенбіде француздық БАҚ хабарлады.
Аталған ескертулер үкіметтің осы мәселе бойынша ресми ұстанымын бейнелейді: «Эдвард Сноуден басқа елден пана іздеуге мәжбүр болады».
Басылымдардың хабарлауынша, Сноуденнің Франциядан баспана алуға ниетті екендігі қисынды: француз саясаткерлерінің көпшілігі, БАҚ пен қоғамдық пікірдің басым бөлігі ақпарат берушілерге баспана алу құқығын қолдайды. Оның үстіне, Сноуден 2013 жылы АҚШ құпияларын ашық әшкерелегеннен бері Францияда өте танымал адам болды.
Еске салсақ, АҚШ құқық қорғау органдары 2013 жылы Сноуденді АҚШ-тың барлау қызметтері бүкіл әлемдегі азаматтардың электронды хабарламалары мен келіссөздерін қадағалап отыр деген ақпаратты БАҚ құралдарына бергеннен кейін халықаралық іздеулер тізіміне енгізілгенін жариялаған болатын. АҚШ-та Сноуденге тыңшылық және мемлекеттік меншікті ұрлады деген айып тағылды. Бұрынғы ҰҚА қызметкері штаттардан Гонконгқа ұшып, сол жерден Ресейге сапар шеккен.
Бір жылдан кейін ол үш жылға тұруға рұқсат алды, ал 2017 жылы ол тағы үш жылға ұзартылды. Маусым айында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей билігі Сноуденді экстрадицияламайтынын мәлімдеді.
«Біз оның құқығын құрметтейміз және оны жай ғана өз еркінен тыс елден қуып шығара алмаймыз» деді Лавров.
Бұған дейін БАҚ-та хабарланғандай, бірқатар саясаткерлер Франция президенті Эмануэль Макронға Сноуденге саяси баспана беруді ұсынған.


Жаңалықтармен бөлісу: