Танымал адвокат Шакентидің арызына қатысты пікір білдірді
Бұрынғы сүйіктісіне қол көтерген актер Шәріп Серік жасанды интеллект арқылы өзін Қуандық Бишімбаевтың қасына отырғызып, видео жасағандардың үстінен арыз жазған болатын. Белгілі адвокат Джохар Өтебеков осы арызға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Адвокаттың айтуынша, бұл істе қылмыс құрамы жоқ.
«Бұл түкке тұрғысыз іс. Мұнда қылмыстық құқықбұзушылық құрамы жоқ. Менің ойымша, полиция да бұл жағдайды тез түсініп, арызды қысқа мерзімде жабады. Бұл – жасанды интеллект арқылы жасалған видео екені анық. Бұл дипфейк емес, яғни біреуді алдауға тырыспайды. Барлығына бұл видеоны ЖИ жасағаны белгілі. Бұл біріншіден. Екіншіден, мәтіннің қалжың екені бәріне түсінікті. Қолданушылардың пікірлерінен мұны анық байқауға болады», – дейді адвокат.
«Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатыр»
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлімдеуінше, Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тағы бір қылмыстық іс тергелуде, деп хабарлайды Stan.kz.
Агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаровтың айтуынша, тергеу Гүлмира Сатыбалдыға ғана емес, басқа да тұлғаларға қатысты жүріп жатыр.
«Агенттік шынымен де Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты «Восточка» көпфункционалды тұрғын үй кешенін салу кезіндегі заңсыз әрекеттерге қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр», – деді ресми өкіл.
Ресми өкіл оған қандай бап бойынша іс қозғалып жатқанын нақтыламады.
«Ақтөбе» футбол клубында Т250 млн жымқырылған
Облыс прокуратурасы бас прокуратураның тапсырмасымен Ақтөбе футбол клубын тексерді. Нәтижесінде, Т250 млн-ның жымқырылғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақпаратқа әйкес, оның ішінде ойыншылардың трансферлері және әуе тасымалдау бойынша қызметтері қаражатын, ойыншылардың тамақтануына бөлінген қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
«Тексеру қорытындысы бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру), 361-бабының 4-бөлігінің 1) тармағы (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) және 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (алаяқтық) бойынша үш сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қылмыстық істер тергеп-тексеру амалдарын жүргізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды. Істердің тергелуі облыс прокуратурасының бақылауында», - делінген прокуратура хабарламасында.
Шенеунік ұрланған ақшаға әйеліне электромобиль әперген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр
Бигайдаровтың мәлімдеуінше, Шымкентте мемлекеттік қызметкер ұрланған ақшаға әйеліне электромобиль сатып алған. Алайда ол істің мән-жайын жарияламады, деп хабарлайды «Курсив».
Ресми өкілдің айтуынша, қаржы бойынша тергеу жүргізу кезінде күдіктілердің туыстарына, сенімді адамдарға және жиі номиналды меншік иелері ретінде пайдаланылатын басқа тұлғаларға рәсімделген активтер тексеріледі.
«Олар мүлік пен оны сатып алуға жұмсалған қаражаттың заңды шығу тегін дәлелдей алмайды, ал олардың ресми табысы активтердің құнынан едәуір төмен», – дейді Бигайдаров.
Мысал ретінде Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа күдікті тұлға қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған автокөлік пен екі пәтерді жұмыссыз туысының атына рәсімдегенін айтты.
Фото көзі: Ашық дереккөз