Алматы. 22 сәуір. ҚазТАГ – Жетісайда әкесінің бірге тұрған әйелі қорлық көрсеткен үш қыз бала ауруханадан шығарылып, Шымкенттегі «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына» орналастырылды, деп хабарлады otyrar.kz-ге сілтеме жасаған Түркістан облысының білім басқармасынан.
«Апалы-сіңлілі үш жасөспірім ем-домдарын аяқтап, қазіргі уақытта Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне орналастырылған; ал осы отбасының (үш қыздың әкесі мен бірге тұрып жатқан әйелдің – ҚазТАГ) бір жарым жасар сәбиі Шымкент қ.«Мамандандырылған бөбектер үйіне» орналастырылды», - делінген жарияланымда.
Аталмыш шаралар 2019 жылдың 18 сәуіріндегі «Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы» шешімінің негізінде қабылданған.
Бұған дейін ҚазАГ хабарлағандай, Жетісайда қыздарды қорлады деген күдікті әйел екі айға үй қамағына алынған. Оған себеп оның жүктілігі мен бір жарым жасар баласының болуы еді.
Еске салсақ, 17 сәуірде Түркістан облысында денелерінде тістеуік пен пышақтың іздері бар үш баланың ауруханаға жатқызылғаны туралы белгілі болды. Тергеу амалдары балаларға психологиялық зақым мен дене жарақаттарының келтірілгенін анықтады.
Өгей анасынан қорлық көрген үш қыз бала Шымкенттегі бейімдеу орталығына орналастырылды
