ІІМ Шымкент маңындағы қару-жарақ ұрлығы туралы: екі пистолетті Т120 мыңға сатып үлгерген

Астана. 25 ақпан. ҚазТАГ – Махамбет Әбжан.  Сержант Абылай Балғынбай екі пистолетті Т120 мыңға сатып үлгерген, деп хабарлады ҚР ішкі істер министрлігі (ІІМ) тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
«Ол сатып жіберген, екі пистолетті Т120 мыңға сатқан. Біз оларды бірден тауып, тәркіледік, ал қалған қару-жарақ оның азаматтық достарында сақталған», - деді Әділов сейсенбі күні үкімет кулуарында.
Бұған дейін ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев аталмыш әскери бөлімде күзетте болған әскери жасақтың салғырттығы туралы тағы бір іс қозғалғандығы туралы мәлімдеді. Әділов атап өткендей, Шымкент маңындағы әскери бөлімнен сержанттың қашуы және қару-жарақ ұрлығы бойынша дивизия командирі, жедел кезекші, сондай-ақ қатардағы жауынгер қамауға алынған. Сондай-ақ, Әділов атап өткендей, Шымкент маңындағы әскери бөлімнен қару-жарақ қаңтардың аяғынан ақпанның ортасына дейін ұрланып келген.
Еске салсақ, 20 ақпанда мессенджерлерде Шымкентте сарбаздың қару-жарақ ұрлап, қашып кеткендігі туралы ақпар тарады. Ақпарға сәйкес 10216 әскери бөлімінің келісімшарт негізіндегі әскери қызметкері 1995 жылы туған Абылай Балғынбай жауынгерлік кезекшілікте тұрған кезде (бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі) АК-74 – 30 бірлік, 9 мм ПМ – 27 бірлік, АК патрондары – 420 бірлік, ПМ патрондары – 48 бірлік, травматикалық ПМ – бір бірлік қару-жарағын ұрлаған.
Кейін сарбаздың қашып кеткендігі және қару-жарақтың жоғалғаны туралы ақпаратты ҚР қорғаныс министрлігі растады. Жағдайға түсінік берген ІІМ қашқан сарбазды іздестіру жұмыстарына Шымкент пен Түркістан облысының гарнизондары мен Ұлттық гвардия жұмылдырылғанын айтты. 20 ақпан күні кешкісін сержант Абылай Балғынбайдың ұсталғандығы белгілі болды.
21 ақпанда ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қарумен бірге қашқан әскери жауынгердің сыбайластарының анықталып жатқанын айтты.
24 ақпанда Шымкентке жақын маңдағы әскери бөлімнен сержанттың қашуы және қару-жарақтың ұрлануы ісі бойынша тағы екі адамның ұсталғаны белгілі болды.

adimage