«Имамды жауапқа тарту дұрыс емес», бас санитар неден қорқады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

   Астана. 19 сәуір. ҚазТАГ - «Имамды жауапқа тарту дұрыс емес», бас санитар неден қорқады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсанады.
«Жаз айларында өрт қаупі жоғары болады – Қазгидромет»
Бұл туралы «Қазгидромет» РМК ұзақмерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«2024 жылғы мамыр мен жазға арналған консультативтік ауа райы болжамын және 2001, 1994 жылғы нақты деректерге жүргізілген талдауды ескере отырып, мамыр және жаз айларында республиканың басым бөлігінде өрт қаупінің жоғары және төтенше дәрежесі болжанады», - деді Исабекова «Қазгидрометте» өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жазға және өрт қаупіне арналған болжамдар онкүндікке, аптаға және екі-үш тәулікке арналған болжамдармен нақтыланады.
«Тіпті айтуға қорқамын»
Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері тасқынға байланысты қандай инфекция тарап кетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Оның айтуынша, жұқпалы аурулар тарап кету қаупі бар және эпидемиялық объектілерді су басу, адамдардың эвакуациялық пункттерде мәжбүрлі болуы да қауіп-қатерге әкеп соғады.
«Тарап кетуі мүмкін инфекцияның қайсысы ең қауіпті?», деген сұраққа:
«Мен оны тіпті айтуға қорқамын. Инфекцияның өзі, қандай ауру екеніне қарамастан өте қауіпті», – деп жауап берді Айжан Есмағамбетова.
«Түркістан облысындағы Бөген су қоймасы 96,8 пайызға толды»
Өңірдегі өзен-көлдерде су деңгейі қалыпты, деп хабарлайды Kaz.inform.kz Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйеніп.
Өңірдегі Шардара су қоймасы 91; Көксарай су реттегіші 50; Бөген су қоймасы 96,8,; Қосқорған су қоймасы 96,3; Майдантал су қоймасы 92,94; Ырмақ өзен су қоймасы 92,39; Арыстанды су қоймасы 88; Торлан су қоймасы 99 пайызға толып тұр.
«Тасқын суды қабылдауға бос қор бар. Өзен бойындағы елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін барлық аудан-қалаларда қажетті жұмыстар жүргізілді. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес, 125 мың дана қап, сегіз мың тонна жанар-жағармай қоры мен Т40 млн көлеміндегі азық-түлікке мемормандум жасалды. Сондай-ақ, азаматтық қорғау органдарынан 1064 жеке құрам мен 269 техника әзірленді», - деді Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері Жүсіп Ілясов.
«Имамды жауапқа тарту дұрыс емес»
Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін қиямын деп ҚМДБ тарапынан жазаға тартылған имамның әрекетін жақтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның пікірінше, АХАЖ-ға тіркелмес бұрын діни неке қиюға шектеу қою – қисынсыз.
«Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, діни некенің заң тұрғысынан ешбір салмағының жоқтығы бәрімізге белгілі. Діни неке, сәбиге ат қою, жаназа шығару сияқты бар болғаны дәстүрлі құндылық, рухани жауапкершілік, діни рәсім. Ол әр адамның сенім мәселесі. Ал енді құқықтық тұрғыдан еш салмағы жоқ рухани құндылыққа қандайда бір шектеу қою, діни қызметкерлерді ол үшін жауапқа тарту ата заңда қорғалған кісінің наным-сеніміне қысым жасауға жатады», - деді дінтанушы.
«Бірнеше өңірде экстремистік ұйымның мүшелері ұсталды – ҰҚК»
17 сәуірде ҰҚК ІІМ бірге өзара әрекеттесе, прокуратура органдарының үйлестіруімен Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында Қазақстанның төрт азаматын ұстады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталған адамдардың екеуі бұған дейін осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған.Сотпен ұсталғандарға қатысты бұлтартпау шарасын қолдану сұрағы шешілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген ҰҚК хабарламасында.

Фото көзі: muftyat.kz


adimage