Инга Иманбай «Жас Алаш» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

Алматы. 9 қаңтар. ҚазТАГ – Белгілі қазақстандық журналист Инга Иманбай белгілі «Жас Алаш» газетінің бас редакторы болды, деп хабарлады агенттік тілшісі.  
«Мен «Жас Алаш» газетінің бас редакторы болып тағайындалдым. Бұл газеттің қазақ баспасөзіндегі орны бөлек, қаншама белгілі, дарынды журналистердің мектебіне айналған қара шаңырақ. Менің де журналисттік жолым, қызметім «Жас Алаштан» басталып, осы ұядан қанат қақтым», - деп жазған бейсенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында Иманбай.
Ол «Жас Алаш» бұрыннан дәстүрі қалыптасқан, ақиқатшыл, шындықты жазатын, қашан да халық жағында болған абыройлы басылым екенін атап өткен.
«Ендігі мақсатым: басылымның ақиқатшыл жолын жалғастыру, Алтынбек Сәрсенбайұлы ағамыздың саяси мұрасын қалың көпшілік арасында кеңінен насихаттау және ол кісі армандаған әділетті Қазақстанды орнатуға үлесімді қосып, басылымды жаңа деңгейге көтеру», - деген Иманбай.
«Жас Алаш» басылымындағы тілші қызметінен бөлек Инга Иманбай бұрын Stan TV және «Ашық алаң» («Трибуна») секілді белгілі БАҚ-тарда қызмет атқарған.
Инга Иманбай – белгілі қазақстандық саясаткер, журналист және қоғам қайраткері Жанболат Мамайдың жары.

adimage