«Онлайн-кредиттерді ресімдеуге, банктік жинақтарды ұрлауға байланысты әрекеттердің көпшілігі шетелден отырып жасалады. Ұрланған ақша "дроперлер" дейтіндердің көмегімен қолма-қол ақшаға айналады. Олар – негізінен жұмыссыз азаматтар, көбінесе "жеңіл" ақшаға құныққан жастар. Қазір заңнамада "дроперлерге" қатысты ешқандай жауапкершілік қаралмаған. Оның үстіне ақпараттық базадағы мәліметтерді желіге немесе алаяқтарға беру бойынша да жауапкершілік жоқ. Сондықтан мүдделі мемлекеттік органдар банк шоттарын, карталарды, жеке куәліктегі деректерді, телефон нөмірлерінің базаларын бөтен адамдарға қасақана бергені үшін жауапкершілікті енгізу мәселесін пысықтауы қажет", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиында интернет-алаяқтыққа қарсы күрес және қаржы пирамидаларының алдын алу, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде "Киберпол" арнайы топтарымен 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылғанын, нәтижесінде 962 млн теңге көлеміндегі шығын өтелгенін баяндады. 914 қылмыскер ұсталды. Жалған нөмірлерден түскен 58 млн қоңырау бұғатталды. Еліміздің 5 қаласында 19 SIM-бокс және 6 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карталары анықталды. "Антифрод-орталық" жұмысы аясында шетелге шығару сатысында тұрған 400 млн теңге бұғатталды.
ҚМА мәліметтері бойынша, биыл 43 қаржы пирамидасы анықталып, мессенджерлердегі 266 чат жабылған. Осылайша, 2 млн-ға жуық азаматтың қаржылық шығынының алдын алды. "Киберқадағалау" жүйесі 8 мыңнан астам алаяқтық сипаттағы сайт бұғаттады. Азаматтарға компаниялар мен олардың интернет-ресурстарында қаржылық пирамида белгілерін дербес тексеруге мүмкіндік беретін Telegram-бот іске қосылды. Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам өтініш қаралды.
Ведомствоаралық комиссия қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, оның ішінде вандализм мен бұзақылыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін қарады. Жыл басынан бері еліміз бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 4%-ға, тонау 14%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 18,5%-ға төмендеген. Бүгінгі таңда осындай 13,7 мыңға жуық қылмыс ашылды. "Мүлдем төзбеу" қағидатына сәйкес 9,4 млн-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 45%-ға жоғары. "Таза Қазақстан" акциясы аясында 856 стихиялық қоқыс орны анықталды. Бейнекамералар көмегімен 6,5 мың қылмыс пен 435 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жалпы, соңғы 3 жылда қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2 есеге азайды.
Биылғы оқу жылында еліміздің 110 мектебінде Зияткерлік мектептермен бірлесе отырып, буллингке қарсы Kiva пилоттық бағдарламалары, сондай-ақ 50 мектепте "ДосболLike" бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесі бойынша бағдарламаларды басқа мектептерге енгізу туралы шешім қабылданады. Биыл бала тәрбиесі бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін 70 қылмыстық іс қозғалған. Балалардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болғаны үшін 84 мыңнан астам ата-ана жауапқа тартылды. Осыған байланысты 6,5 мың мектепте ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары ашылды. Сынып жетекшілері рөлінің маңыздылығын ескере отырып, мұғалімге сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін арттыру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Сонымен қатар құрдастарына теріс әсер ететін 1700 заңсыз "көшбасшы" анықталып, бақылауға алынды. Жалпы, соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға, биыл 5%-ға төмендеді.
Фото көзі: freepik