Ирактағы мұнай нысандарына шабуыл жасалған жағдайда Азияға мұнай жеткізуде кідірістер орын алуы мүмкін

Алматы. 10 қаңтар. ҚазТАГ - Ирактағы мұнай нысандарына шабуыл жасалған жағдайда Азияға мұнай жеткізуде кідірістер орын алуы мүмкін, деп хабарлады CNBC.
«Ирактың оңтүстік провинциясы Басрадағы мұнай нысандары қазір геосаяси қауіптердің қақ ортасында орналасқан. Мұнай нарығы осы жердегі текетірестен қауіптеніп отыр, себебі, егер оған соққы жасалатын болса, онда нарық, әсіресе Азия қиындыққа тап болуы мүмкін», - деп келтірген басылым Eurasia Group саяси қауіптер жөніндегі консалтингтік компанияның жаһандық энергетикалық және табиғи ресурстар директоры Хеннинг Глойстейннің сөзін.
Бұл ретте атап өтілгендей, Таяу Шығыстағы шиеленіс Иранның сәрсенбі күні америкалық әскерилер орналасқан Ирактағы әскери базаларға оннан астам баллистикалық зымырандарын ұшыруынан орын алған.
Басылым ақпарынша, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Үндістан секілді кейбір ірі азиялық елдер Таяу Шығыстан мұнайдың жеткізілуіне тәуелді. Жапония мен Оңтүстік Кореяның мұнайдың үлкен стратегиялық қоры бар, ал Қытай өз қорын арттыруда.
Глостейннің пікірінше, Үндістан үшін Ирактан мұнай жеткізілуінің кідіруі үлкен проблема болуы мүмкін.
«Шамамен, бұл Үндістан үшін үлкен проблема болуы мүмкін. Үндістанға Таяу Шығыстан шамамен 40% мұнай жеткізіледі және 20% – Ирактан, ол АҚШ санкциясынан Иран мен Венесуэладан айырылып, Иракқа ауысқан еді. Осылайша ол осы өзі қатыспайтын геосаяси дағдарыс пен ойындардың ортасында қалды», - деді ол.
Десек те, басылым атап өткендей, қазіргі таңда нарықта мұнай артықшылығы қалыптасып отыр, оған АҚШ-та мұнай өндірісінің артуы себеп болып отыр.
«Бүгінде АҚШ күніне шамамен 13 млн баррель шикі мұнай өндіреді. АҚШ-тағы өндіріс осы жылдың аяғында немесе 2021 жылдың басында күніне 14 млн баррельге дейін өсуі мүмкін. Қазір нарықта мұнайдың көптігі сонша, бірде-бір кідіріс, немесе тіпті Таяу Шығыстағы іркілістердің аздаған сериясы да бес немесе 10 жыл бұрынғыдай әлемге әсер ете қоймас. Бұл америкалық тақтатас мұнайымен, сондай-ақ Бразилияда өндірістің өсуімен байланысты. Тіпті Солтүстік теңіз, тіпті Норвегия да осы жылы өндірісін арттыруда», - деді Глостейн.

adimage