Иран апатқа ұшыраған украиналық ұшақтың жолаушыларының арасында қазақстандықтар жоқ екенін растады

Астана. 8 қаңтар. ҚазТАГ – Иран апатқа ұшыраған украиналық ұшақтың жолаушыларының арасында қазақстандықтар жоқ екенін растады, деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Ирандық тараптың ресми ақпары бойынша украиналық ұшақ бортында қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ», - делінген сәрсенбідегі ҚР СІМ хабарында.
Еске салсақ, 8 қаңтарда Иранда «Украина халықаралық әуе желілерінің» Boeing 737 ұшағы Тегерандағы Хомейни әуежайы маңында апатқа ұшырады. Ұшақ Киевке бағыт алған екен. Алдын-ала ақпар бойынша авиалайнер бортында 170 адам болған. Украина СІМ ақпары бойынша ұшақ бортындағылардың барлығы мерт болған. Иран Сыртқы істер министрлігінің Қазақстанның Тегерандағы елшілігіне берген алдын-ала ақпараты бойынша, Украина әуе компаниясының құлаған ұшағының жолаушылары арасында қазақстандықтар жоқ. Сонымен қатар, қазақстандық консул консулдық есепте тұрған Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен байланысып жатыр. Бүгінгі таңда есепте 174 ҚР азаматы бар.
Иран билігі украиналық ұшақтың апатқа ұшырауына мотор бөлігіндегі өрт себеп болған деді. Бұл ретте Тегеран ұшақтың апатқа ұшырауына зымыранның соғуы себеп болған деген нұсқаны теріске шығарды.

adimage