Иран билігі украиналық ұшақтың апатқа ұшырауына мотор бөлігіндегі өрт себеп болған деді

Алматы. 8 қаңтар. ҚазТАГ – Иран билігі украиналық ұшақтың апатқа ұшырауына мотор бөлігіндегі өрт себеп болған деді, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Украиналық ұшақтың апатқа ұшырауына мотор бөлігіндегі өрт себеп болған», - деп келтіреді Ирандағы автомобиль жолдары және қалалық даму министрлігінің байланыс және ақпарат орталығының басшысы Кассим Байингтің мәлімдемесін IRNA ирандық агенттігі.
Бұл ретте ирандық билік ұшақтың апатқа ұшырауына зымыранның соғуы себеп болған деген нұсқаны теріске шығарды.
«Егер апатқа зымыран себеп болған болса, ұшақ аспанда атылып кеткен болар еді, алайда қозғалтқыштағы өрт пен ұшқыштың ұшақты өз бақылауына алуға тырысуы оның апатқа ұшырауына әкеліп соққан», - деп мәлімдеді Байинг.
Еске салсақ, 8 қаңтарда Иранда «Украина халықаралық әуе желілерінің» Boeing 737 ұшағы Тегерандағы Хомейни әуежайы маңында апатқа ұшырады. Ұшақ Киевке бағыт алған екен. Алдын-ала ақпар бойынша авиалайнер бортында 170 адам болған. Украина СІМ ақпары бойынша ұшақ бортындағылардың барлығы мерт болған. Иран Сыртқы істер министрлігінің Қазақстанның Тегерандағы елшілігіне берген алдын-ала ақпараты бойынша, Украина әуе компаниясының құлаған ұшағының жолаушылары арасында қазақстандықтар жоқ. Сонымен қатар, қазақстандық консул консулдық есепте тұрған Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен байланысып жатыр. Бүгінгі таңда есепте 174 ҚР азаматы бар.

adimage