Италиядағы ЖКО салдарынан тоғыз қазақстандық зардап шекті

Астана. 23 мамыр. ҚазТАГ - Италиядағы ЖКО салдарынан тоғыз қазақстандық зардап шекті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
«(22 мамырда – ҚазТАГ) Италиялық Сиена провинциясында автобус аударылды, оның ішінде шетелдік туристер болған. ЖКО нәтижесінде бір адам көз жұмды, шамамен 10 жолаушы түрлі жарақат алған. Барлық зардап шегушілер жергілікті ауруханаға жеткізілген, төртеуінің жағдайы ауыр. (…) ЖКО салдарынан зардап шеккен жолаушылар арасында (…), Қазақстанның тоғыз азаматы бар. Оның бесеуі – ауруханаға жеткізілген, қалған төртеуі қонақ үйге орналастырылады. Зардап шеккен қазақстандықтардың омыртқасы, бұғанасы, қабырғасы сынған және басқа да көптеген жарақаттары бар. Алдағы күндері жергілікті билік толық медициналық тексерістен өткізіп, ары қарай емдеу бойынша өз ұсынымдарын береді», - делінген бейсенбіде ҚР СІМ Telegram-каналында орналастырған хабарында.
Сыртқы саяси ведомствода атап өткендей, қазақстандық дипломат отандастарының қасында және оларға барлық қажетті көмекті көрсетуде.
«Зардап шеккен азаматтардың туыстары болған жайт туралы хабардар етілді. Италиядағы Қазақстан елшілігімен келесі нөмір бойынша хабарласуға болады: +390636301130», - делінген хабарда.

adimage