Италиядан келген спортшылар алғаш рет ШҚО-да қазақ күресі турниріне қатысады

Алматы. 14 маусым. ҚазТАГ - Италиядан келген спортшылар алғаш рет ШҚО-да қазақ күресі турниріне қатысады, деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығынан.
«(…) «Тұғыры биік Тарбағатай» халықаралық спорт және өнер фестивалі 14-16 маусым аралығында Шығыс Қазақстанда Тарбағатай ауданында өтеді. Шара аясында қазақ күресінен, бокс пен 140 км ат жарысынан турнирлер өтеді. (…) Халықаралық гран-при аясында 14 және 15 маусымда Ақсуат ауылында Ырғызбай Досханұлы ат. орталық стадионда әлемнің 30 елінен келген 90 балуан қазақ күресінен күш сынасады. Оған алғаш рет Италия спортшылары да қатысады», - делінген жұмадағы хабарда.
Халықаралық қазақ күресі федерациясының директоры Талғат Мәзібаевтың айтуынша, бүгінгі күні еуропа елдерінде қазақ күресіне деген қызығушылық артып келеді.
«Бұл бағытта оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде, қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Нидерландыда қазақ күресінен Еуроазия кубогі өтті. Алдағы жарыс далада, ашық аспан астында өтеді», - деді Мәзібаев.
Өз кезегінде ШҚО дене шынықытру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков спортшыларға алдағы жарыста жеңіс тіледі.
Сонымен қатар, 15 маусымда кәсіби бокс әлемінде отандық өкілдерді танытып келе жатқан Qazaq Promotions компаниясының бастамасымен бокстан «Ұлы Дала батырлары» турнирі өтеді. Оған белгілі былғары қолғап шебері Қанат Ислам қатысады.
Хабарда айтылғандай, 16 маусымда 200 шабандоз 140 шақырымдық Көкпекті ауылынан Ақсуат ауылына дейінгі бағытта бірінші халықаралық ат бәйгесіне қатысады. Бірінші орынға жеңімпазға автокөлік табысталады.
«Осы күндері шетелдік қонақтар еліміздің және шетелдің белгілі айтыскерлерінің қатысуымен өтетін «Туған жерге туыңды тік» халықаралық айтысында қазақ халқының ұлттық және рухани мәдниетімен танысатын болады, ал үш күндік спорт және өнер фестивалі «МузАРТ» тобының гала-концертімен аяқталады», - делінген хабарда.

adimage