Көп балалы отбасылар үшін баспананы жалға беруге 7 жыл ішінде 350 млрд. теңге қарастырылған

Астана. 19 наурыз. ҚазТАГ – Көп балалы отбасылар үшін баспананы жалға беруге 7 жыл ішінде 350 млрд. теңге қарастырылған, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съездінде берген тапсырмаларын іске асыру үшін 2019 жылға бюджетті айқындау аясында көп балалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға өіңірлерге 50 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Жалпы аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд. теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көп балалы отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі деген сөз», - деп мәлімдеді сейсенбіде ИИДМ Роман Скляр үкмет отырысында.
Биыл жыл басынан бері (қаңтар-ақпан)барлық қаржы көздері есебінен 1,7 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 15 мың баспана пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр хабарлады. Оның айтуынша, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы үшін өңірлерге республикалық бюджеттен 32,8 млрд. теңге қарастырылған. Шамамен 4,5 мың пәтердің құрылысы жоспарлануда (230,1 мың шаршы метр).
«Бүгінгі таңда 25 млрд. теңгенің құрылыс жобалар тізімі жасалды. Дайын пәтерлерді сатып алу үшін 25 млрд. теңге қарастырылған. Бұл көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуді тездетуге ықпал етеді», - деді министр.
Бұл, оның пікірінше, көп балалы отбасылардың баспана мәселесін шешуге көмектеседі.
«Түркістан облысында 4 832 көпбалалы отбасы кезекте тұр (28126 көпбалалы отбасының). Осыған байланысты өңірге пропорционалды 8,6 млрд.теңге бөлінуде. Бұл қаражаттан 4,3 млрд. теңге құрылысқа, қалған 4,3 млрд. теңге дайын пәтер сатып алуға беріледі. Солтүстік Қазақстан облысындағы 342 отбасыға берілетін лимит 700 миллион теңгені құрайды», - деді Скляр.

adimage