Көші-қон комитеті пәтер иелеріне ескерту жасады, мейрамханаларда депозиттік жүйеге тыйым салынады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 20 қыркүйек. ҚазТАГ – Көші-қон комитеті пәтер иелеріне ескерту жасады, мейрамханаларда депозиттік жүйеге тыйым салынады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Еліміздегі ең ұзын көпір құрылысы аяқталуға жақын»

Еліміздегі ең ұзын көпір құрылыс аяқталуға жақын. Президент кеңесшісі, баспасөз хатшысы Берік Уәлидің мәліметінше, екі бірдей облыстың, 6 ауданның арасын жалғайтын стратегиялық нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, деп хабарлайды El.kz.

«Бұл көпір жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш, сүйіншілейтін үлкен жаңалық болайын деп тұр. Өйткені Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының Марқакөл, Күршім, Катонқарағай және Көкпекті аудандарының тұрғындары 50 жыл бойы жол азабын тартты. Жазғы уақытта паром арқылы, қыс мезгілінде мұз үстімен жүрді. Талай адамның суға кеткені де жасырын емес. Сондықтан бұл көпірді салудың маңызы жоғары еді. Бұл – еліміздегі ең ұзын көпір болмақ. Екі жолақты автомобиль көпірінің жалпы ұзындығы 1316 метрді құрайды. Тәулігіне 80 мың көлікке дейін өткізе алады. Сонымен қатар жоба аясында ұзындығы 18,6 шақырым болатын көпірге қосылатын жаңа автожол құрылысы қарастырылған», - деп жазды Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Көші-қон комитеті үйінде тұрмайтын адамды тіркейтін пәтер иелеріне ескерту жасады»

Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов Қазақстанда 1 348 пәтер иесі үйлеріне жалпы саны 36 мың адамды тіркеп қойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жалпы еліміз бойынша 1 348 «резеңке» пәтер анықталды, онда 36 мыңға жуық адам тіркелген. Тіркеусіз тұрғаны үшін 200 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қабылданған шаралардың арқасында «резеңке» пәтерлер саны азайып келеді», - дейді ол.

Комитет төрағасы үйінде тұрмайтын адамды тіркеуге алған азаматтар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Мейрамханаларда депозиттік жүйеге тыйым салынады

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мейрамхана, дәмхана және басқа да қоғамдық демалыс орындарында депозиттерге тыйым салынатынын айтты, деп хабарлайды «Курсив».

«Келушілерге қызмет көрсеткені үшін заңсыз ақы алуды болдырмау үшін ішкі сауда ережесіне өзгерістер енгізілді. Енді мейрамханалар қызмет көрсету ақысын тек мәзірде көрсетілген жағдайда ғана ала алады. Сондай-ақ, «депозиттік жүйеге» тыйым салатын ережелер де енгізілді. Мейрамханаға келетін меймандар үшін кіру тегін болуы керек. Алайда, қосымша қызметтер үшін, мысалы, VIP-кабина, караоке-кабина үшін ақы алуға болады», - дейді министр.

Бұған дейін министр Арман Шаққалиев мейрамханаларда қызмет үшін төленетін 10% ақыға тыйым салынатыны туралы айтқан болатын.

«Қорғаныс министрі шенеуніктерге сөгіс жариялады»

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жеке құраммен жұмыс кезінде қателіктер жіберген генералдар мен әскери шенеуніктерге сөгіс жариялады, деп хабарлады Тurkystan.kz.

«Біз Беларуське айналып барамыз ба? Әлде жоғары лауазымға қол жеткізіп алған соң босаңсып қалдыңдар ма? Дегендеріңе қол жеткіздіңдер, болды ма? Бірінші кезекте, қоғам сендерден нені талап етеді? Жастардың өмірін сақтап қалу. Сендер алдымен қол астындағы адамдардың өміріне жауаптысыңдар. Олардың жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасауларың керек», – деп ескертті қорғаныс министрі.

Фото көзі: pixabay.com


adimage