Көшпенділер ойындарында көкпардан еліміздің құрамасы сенсация жасады, Шымкентте баланы аяусыз ұрған тәрбиеші жұмыстан босатылды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 9 қыркүйек. ҚазТАГ – Көшпенділер ойындарында көкпардан еліміздің құрамасы сенсация жасады, Шымкентте баланы аяусыз ұрған тәрбиеші жұмыстан босатылды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: көкпардан Қазақстан құрамасы сенсация жасады

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстан көкпаршыларын 16:00 есебімен жеңді, деп хабарлайды «Курсив».

Қазақстандық көкпаршылар бірінші таймда 8:0 есебімен алға шығып, екінші таймда есепті 16:00-ге жеткізді.

«Қарсыласымызды өте жақсы білеміз. Өзбекстанға барғанда ойнағанбыз. Олардың жеңілудегі басты себебі – өз аттарымен келген жоқ. Аттарымызды барынша дайындадық. Біздің басты қарсыласымыз – көрші Қырғызстан мемлекеті, бірақ біз жеңу үшін барымызды саламыз», - деп ұлттық құрама спортшысы Құрманбек Тұрғанбек ойыннан кейінгі әсерімен бөлісті.

«Өзім-ақ босатып берейін»: Мөлдір Әуелбекова концерттерден шеттетілгенін айтты

Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова сахнадан кетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Turkystan.kz.

Өнер иесінің айтуынша, ол орамалдағы образы үшін телевизиялық жобалардан шеттетілген.

«Мені орамалым үшін телевизиялық жобаларға және көптеген концерттерге қатыстырмайды. Енді, ойланып жүрмін, үлкен сахнаның бір бұрышын маған қимай жүргендерге, өзім-ақ сол сахнаны босатып бере саламын-ау… Мен қатысып жүрген бір ғана жоба бар, ол – Cover show! Себебі Мейрамбек Бесбаев ағам шын таланттарды ештеңеге қарамастан қолдайды. Рақмет, жан ағам, ән ағам!», – деп жазды әнші.

Шымкентте баланы аяғынан сүйреп, аяусыз ұрған тәрбиеші жұмыстан босатылды

Әлеуметтік желіде балабақшадағы қыз баланы аяусыз ұрып, аяғынан сүйреп, төсекке күшпен жатқызған тәрбиешінің бейнежазбасы тарады. Аталған оқиға Шымкенттегі жекеменшік балабақшалардың бірінде орын алған. Қазіргі таңда бұл іске байланысты тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, аталған жағдайдан соң тәрбиеші жұмыстан босатылды.

«Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиға оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің бақылауында», – делінген министрліктің хабарламасында.

Елімізде жылқы басы 4 млн асты

Бір жылда елдегі жылқы басы 160 мыңға өсті. Бүгінде елде 4 млн 300 мыңнан астам жылқы бар, деп хабарлайды Baq.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, оның 10% астамы Түркістан облысында. Өңір шаруашылықтары 475 мыңға жуық қылқұйрықты өсіріп отыр. Екінші орындағы Абай облысында – 401 мың жылқы. Алдыңғы үштікті Қарағанды облысы түйіндейді. Облыс аумағында 379 мыңға жуық жылқы жайылып жүр.

Сонымен қатар Ақтөбе облысындағы жылқы саны 329 мыңнан, Батыс Қазақстан облысында 300 мыңнан асады.

Ал жылқы саны аз өңірлер үштігіне - Атырау, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары еніп отыр.

Фото көзі: egemen.kz


adimage