Казақстанда жылдың басынан уақытша тұруға 182,2 мың шетелдікке рұқсат берілді

Астана. 29 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова елімізде жылдың басынан бері уақытша тұруға 182,2 мың шетелдік азаматқа рұқсат, оның ішінде еңбек қызметін жүзеге асыруға 160,1 мың рұқсат берілгенін айтты, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
«Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында еңбек мигранттарын тартуға квотаны қысқарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. 2024 жылға квота заңды тұлғалар үшін 22 мың бірлікті (2016 жылдан бастап 2,8 есеге қысқартылды), жеке тұлғалар үшін – 271,3 мың (1,5 есеге) құрады. Кезең-кезеңмен қысқарту нәтижесінде 2029 жылға қарай жиынтық квота 46 мың бірлікті құрайтын болады», - деп мәлімдеді Дүйсенова көші-қон мәселелеріне қатысты депутаттық сауалға жауап бере отырып.
Анықтама: ағымдағы жылдың 1 мамырында жеке тұлғаларда 130,5 мың еңбек иммигранты еңбек етеді (негізінен Өзбекстаннан 125150 адам, Тәжікстаннан – 4353, Әзірбайжаннан – 967), заңды тұлғалардан – 13,7 мың адам (бұрын берілген қолданыстағы рұқсаттарды ескергенде). 2024 жылдың басынан 5,4 мың рұқсат берілді.
Вице-премьердің айтуынша, уәкілетті мемлекеттік органдар елде көші-қон бақылауын қамтамасыз ету мақсатында қажетті шараларды атқаруда. 2024 жылдың 4 айында Қазақстанға 4,2 млн шетелдік келді, 4 млн шетелдік кетті.
Сондай-ақ ол жыл басынан бері уақытша тұруға 182,2 мың рұқсат, оның ішінде еңбек қызметін жүзеге асыруға 160,1 мың рұқсат берілгенін айтты.
«Заңсыз келген шетелдіктерді анықтау мақсатында ішкі істер органдары тұрақты негізде жүру маршруттарында және олардың уақытша тұратын жерлерінде тексеру өткізеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге шекара маңындағы өңірлерде (БҚО, СҚО, Жамбыл, Түркістан Ақтөбе, Атырау және Қостанай облысы) бақылау күшейтілді», - деп хабарлады үкімет басшысының орынбасары.
Дүйсенованың мәлімдеуінше, жылдың басынан бері мемлекеттік шекараны заңсыз өтуге әрекеттенгені үшін 50 шетелдік азамат ұсталды, 24708 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен 104 шетелдік азамат елден шығарылды.
Айта кетейік, сенат депутаттары үкіметке жолдаған сауалында елімізге келетін еңбек мигранттарының саны, олар еңбек нарығына қалай әсер ететінін, жалпы, мигранттар туралы жүйелі әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажеттілігін айтқан болатын.

Фото көзі: pixabay.com


adimage