Кентауда трансфарматор зауытының 48 отбасы жаңа пәтер кілттерін алды

Шымкент. 24 қазан. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысы Кентаудағы трансфарматор зауытының 48 қызметкерінің отбасы жаңа пәтер кілттерін алды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.  

«Кентауда трансфарматор зауытының 48 отбасы жаңа пәтер кілттерін алды. Бұл зауыт Alageum Electric холдингтік компаниясының құрамына кіреді. Жаңа пәтер кілттері салтанатты түрде тапсырылды», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.  

Жаңа баспаналы болғандар арасында инженер-құрастырушылар, краншылар, жұмысшылар бар. Жыл басында кәсіпорын құрылысы бітпеген бес қабатты үйді сатып алып, күрделі жөндеу жүргізіп, аулаға балалар алаңын салды. Нәтижесінде бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып жатқан жас отбасыларға жаңа пәтер кілттері табысталды.

«Біз әйеліміз екеуміз жалдамалы пәтерде тұрдық. Қомақты қаржы төледік, енді, міне арманымыз орындалды, бізге өте қолайлы жағдайда пәтер берді. Пайызды біз банкке төлемейміз, ал 10 жылдан кейін бұл пәтер біздің меншігіміз болады», - деп бөлісті қуанышымен Кентау трансфарматор зауытының қызметкері Азамат Бегалиев.

Жас отбасыларға жаңа пәтер зауыттағы үздік жұмыстары үшін берілген. Жаңа баспана иелері бастапқы төлемді де, пайыздық жарнаны да төлемейді. Барлық сомасы төленіп болғасын олар пәтер иелері болады.  

Әкімдік ақпарынша, соңғы жылдары зауыт қызметкерлеріне 71 пәтер берілген.

adimage