ХҚКО-ларға құжаттарын тапсырған қазақстандықтар дайын нәтижесін 29 наурызға дейін ала алады

Астана. 26 наурыз. ҚазТАГ – Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) құжаттарын тапсырған қазақстандықтар дайын құжаттарын 29 наурызға дейін ала алады, деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» баспасөз қызметінен.
«Бұған дейін рәсімделген өтініштер бойынша дайын құжаттарын азаматтар 29 наурызға дейін ХҚКО-нан ала алады», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және оқшаулау шараларын күшейту мақсатында карантин барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша тоқтатылды.
«Қазақстандықтарға бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ қажетті анықтамаларды eGov Mobile мобильді қосымшасы және телеграмдағы egovkzbot2.0 боты арқылы алуға болады. ХҚО-ның ең тәжірибелі деген және арнайы оқудан өткен 1800-ден астам қызметкері 1414 байланыс орталығының кеңес берушілерімен бірге азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу бойынша көмек көрсететін болады», - деді мемқауымдастығынан.
Хабарда атап өтілгендей, бір уақытта байланыс орталығының мамандары мыңнан астам азаматқа кеңес бере алады деп жоспарлануда. Байланыс орталықтары дүйсенбіден сенбіге дейін таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін.
«Бұл ретте, 21 наурызға дейін өтініш беріп үлгерген азаматтар қызметтердің дайын нәтижесін өзі өтініш берген ХҚО-ның құжат беру секторынан алып кете алады. Автомобильді қайта тіркеген немесе жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстырған автокөлік иелері дайын құжаттар мен нөмірлерді өз қалаларындағы мамандандырылған ХҚО-дан ала алады, онда да дайын құжаттарды беру терезесі жұмыс істейтін болады. Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс тәртібі: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін, сенбі сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін», - делінген хабарда.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 428 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 19 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан та табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген.
Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус жұқтырудың 97 жағдайы тіркелген. 25 наурызда белгілі болғандай, коронавирус жұқтырған екі қазақстандық емделіп шыққан.

adimage