Халықаралық қор ҚР-да су құрылыстарының қауіпсіздігі туралы заң қабылдауды ұсынуда

Күні: 14:18, 04-11-2014.

Алматы. 4 қараша. ҚазТАГ – Куба Туратбеков. Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы заң қабылдауды ұсынып отыр, деп хабарлады ҚР-дағы ХАҚҚ атқарушы дирекциясының директор орынбасары Әмірхан Кеншімов.
«Қызылағаш трагедиясы мен Қарағанды облысы Көкпекті ауылындағы су тасқыны ол – бізде бақылау жүйесі жоқтығының, заң жоқтығының салдары. Егерде бізде белгілі бір жүйе болса, онда біз гидротехникалық құрылыстардың жағдайын қарап отыратын мемлекеттік және жеке құрылымдарды баяғыда құрып қоятын едік», - деді Ә. Кеншімов ҚазТАГ тілшісіне сейсенбі күні «Үкімет-университет-өнеркәсіп» су форумының аясында.
«Сол ірі тоғандардың, құрылыстардың иелері жыл сайын қауіпсіздік бойынша декларация жасайтын еді, ал ол сол тоғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар атқарылғанын көрсетуі тиіс. Бізде ондай, өкінішке қарай, жоқ», - деп атап өтті ол.
Ә. Кеншімовтың айтуынша, оның ұсынысы ҚР үкіметінің қолдауына зәру.
«Біз ірі гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы декларация құруға кіріскіміз-ақ келіп отыр. Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы заң қабылдау үшін, бізге ҚР үкіметінің тарапынан қолдау қажет», - деп толықтырды ол.


Жаңалықтармен бөлісу: