«Хасан Қасымбаев екі айға қамалатын болды»
Талғардағы «Хутор» бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаев қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, Қасымбаев 2 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Бұған дейін полиция оның адам ұрлау күдігімен ұсталғанын мәлімдеген.
«Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді», - делінген Алматы облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
«18 мыңға жуық қазақстандық банкрот деп танылды»
Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов 18 мың қазақстандық банкрот деп танылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz.
Оның айтуынша, қарыз сомасы бойынша шектеулер жоқ.
«Бізде орташа сома бірнеше мың теңгеден Т2 млрд-қа дейін ауытқиды, бұл ең үлкен сома болды. Бүгінге дейін жеке тұлғаны банкрот деп тану бойынша 131 мың өтініш қаралды. Тізімнің көш басында оңтүстік өңірлер тұр: Алматы облысы, Алматы қаласы, Жамбыл және Түркістан облыстары», - деді Сейілжан Ахметов.
Мемлекеттік кірістер комитеті өкілінің мәліметінше, банкрот деп танылғандардың жалпы қарызы шамамен Т54 млрд құрап отыр.
Енді мемлекеттік қызметшілерге сыйақы берілмейтіні рас па: Қаржы министрлігі түсініктеме берді
Қаржы министрлігі мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беру жайлы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан Республикасы үкіметінің 2001 жылдың 29 тамызындағы №1127 қаулысына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеу, материалдық көмек көрсету, лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу бюджет қаражатын үнемдеу есебінен ғана жүзеге асырылады.
«Осы қаулы арқылы шығыс баптарының нақты тізбесі айқындалған. Олардың есебінен үнемдеу қалыптасқан жағдайда ғана сыйақы төленуі мүмкін (іссапарларға, коммуналды және көлік қызметтеріне, байланыс қызметтеріне, үй-жайларды жалға алуға және т.б. шығыстар бойынша үнемдеу). Бүгінде аталған қаулыға, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге сыйақыларды шектейтін өзгерістер енгізілмегендіктен мемлекеттік қызметшілерге сыйақыларды беруге тыйым салатындай негіз жоқ», - делінген хабарламада.
«Шегірткемен күреске бөлінген ақша желінген: АШМ шенеунігі сотқа тартылды»
Антикор ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасына қатысты тергеу аяқталғанын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Антикордың хабарлауынша, ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Ол кәсіпкерлік субъектісінен Т4,4 млн теңге көлемінде пара алды деп айыпталған. Яғни шегірткеге қарсы пестицидтерді жеткізу жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу шарты құнының 5% – осы сома.
Сот санкциясымен лауазымды тұлға мен кәсіпкер үй қамағына алынған. Биыл 31 қазанда бас прокуратура айыпталушыларды сотқа берген.
Фото көзі: Ашық дереккөз