Үкімет ҚҚС-ның үш түрлі ставкасын ұсынды, Қазақстан жемқорлық деңгейі жоғары елдердің қатарында және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 11 ақпан. ҚазТАГ – Үкімет ҚҚС-ның үш түрлі ставкасын ұсынды, Қазақстан жемқорлық деңгейі жоғары елдердің қатарында және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялағаны рас па?

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек
 Мұхамедиұлының әлеуметтік желідегі жеке парақшасында аштық жариялағаны туралы ақпарат тарады. Ақмола облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті осы ақпаратқа қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Nege.kz.

«Сотталушының аштық жариялауы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол тамақ ішеді, бұл жағдай бейнебақылау камераларының жазбасымен расталады. Сотталушыдан арыз-шағым түскен жоқ. Сонымен қатар белгіленген тәртіп бойынша сотталған адамға ұялы телефон берілмейді», - делінген департаменттің хабарламасында.

«Қазақстан жемқорлық деңгейі жоғары елдердің қатарында»

Қазақстан әлі де жемқорлық деңгейі жоғары елдер қатарында. Transparency International ұйымы жариялаған рейтинг бойынша, еліміз 180 елдің арасында 88-ші орынға ие болды, деп хабарлайды Sкifnews.kz.

Жалпы ұпай саны 100-ден 40 болып, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен бір ұпайға артық. Жемқорлықтың негізгі проблемалық салалары ретінде сот жүйесі, атқарушы билік және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылмауы ескерілген.

Үкімет ҚҚС-ның үш түрлі ставкасын ұсынды: салықтан кімдер босайды

Қазақстан үкіметі қосымша құн салығының сараланған мөлшерлемесін ұсынып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер бұл салықтан мүлде босатылады. Бұл туралы вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«16% базалық мөлшерлеме ұсынылады. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің құбылмалы мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтуға, Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтуге және басым мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді үшін қосымша құн салығынан босатуды ұсынамыз. Қазір шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді. Біз осыны сақтап қаламыз», - деді Жұманғарин үкімет отырысында.

Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші заңды тұлғалар бюджетке төленуге тиіс ҚҚС-тің 30% төлейді. Жұманғарин олар енді бұл төлемнен босатылатынын атап өтті.

Үкімет ұсынып отырған екінші ставка – 10% мөлшерлеме.

«Біз денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген мөлшерлемені ұсынамыз. Бұл ставканы тағы кімдер қолданады? Бұл мәселе қосымша талқылауды қажет етеді. Біз барлық қызмет түрі бойынша ұсыныстарды жинаймыз, есептеп санаймыз және сіздермен бірге шешеміз», - деді вице-премьер.

Жұманғарин неліктен 10% ұсынылып отырғанын түсіндірді.

«Бұл әкімшілендірудің күрделілігіне байланысты. Ең алдымен бизнес үшін. Мөлшерлемелер көп болған кезде бухгалтерлік есеп күрделене түседі, декларация жасау қиынға соғады. Бұған жол бермеу үшін біз 16%, 10%, 0% және салықтан босатуды ұсынамыз», - деді ол.

Министр картоп бағасы туралы не дейді?

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров картоп бағасы шын мәнісінде қанша теңге болуы керек екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналистер үкіметтің баспасөз орталығында картоп бағасы «Small» сынды супермаркеттерде мүлде жоғалып кеткенін, ал жекелеген дүкендер бағаны Т400-ден асырып жібергенін, бұл мәселе неге бақылаусыз қалғанын сұрады.

«Шынында, картоптың бағасын кей жерде Т450-ге қымбаттатып жіберіпті. Сауда министрлігімен бірге мұның мән-жайын анықтаймыз. «Small-ға» қатысты айтар болсам, бұл шаруамен жеке өзім айналысып, вице-министрге тиісті тапсырманы бергенмін. Бізде картоп жеткілікті. Жанымызда тұрған Қарағанды мен Павлодарда фермерлер сатқысы келмейді. Қазірдің өзінде 4-5 КамАз картоп әкеле аламыз. Қабылдасын. Т200-ден де сата аламыз. 20% қосымша ақысымен ол картоп Т240 тұрсын. Сауда нүктелеріне байланысты расында да, сұрақтар бар. Бұл мәселемен айналысамыз», – дейді Сапаров.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage