«Қорғаныс министрлігі әскерге баратын жастарды ауданда медкомиссиядан өткізуден бас тартпақ»
Бұл туралы сенатта қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев айтты. Оның мәлімдеуінше, қазір әскерге жастарды аудандық және облыстық деңгейде шақырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Цифрландырудың арқасында біз азаматтардың денсаулығын біле отырып, олардың қай жерде оқып, қай жерде жұмыс істеп жатқанын біле отырып, аудандық деңгейде шақыру науқанынан келешек жылдарда бас тартамыз деген ойымыз бар», – дейді ол.
Бұл жерде аудандық медициналық комиссиядан жастарды өткізуден бас тарту жайлы айтылып отыр.
«Астана форумын өткізуге қаржыны демеушілерден қарастырамыз – Жұманғарин»
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астана халықарылық форумына бөлінетін қаржы туралы журналистердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Бұл форумның тарихы 2008 жылдан басталады. 17 жыл болды. Ковид кезінде екі жыл өткізілмеді. Былтыр су тасқынында да бір жылға тоқтады. Бірақ бұл Қазақстанның визиттік карточкасы. Мұндай форумдар керек. Себебі мұндай форумдар танымал, салмақты, белсенді адамдарды тартады. Бүкіл әлемнен президенттер, бизнесмендер келеді. Қазақстанды көрсетеміз. Қаржы тартамыз. Сол себептен неге өткізбейміз? Өткіземіз. Бірақ биыл әрине үкіметтің қаулысымен қаражат жетпесе бюджеттен мүмкін алармыз дедік. Бірақ маған берілген тапсырма демеушілер арқылы табу. Мүмкіншілік болса бюджеттен ешқандай қаражат алынбайды», - дейді Жұманғарин.
Үкімет шегірткемен күресу үшін биыл Т7 млрд бөлмек
Сенат кулуарында вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2025 жылы шегірткемен күресу үшін Т7 млрд бағытталатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
«Былтырғы мәселелерді ескереміз. Қаражат дайын, Т7 млрд. Былтыр егістік 3,5 млн гектардан аса болған, биыл 2 млн гектар, шамалы азайды. Бірақ қосымша қаражат қарастырып отырмыз. Менің ойымша, былтырғыдай емес, биыл оңай болады», - деді ол.
«Қосымша құн салығын көтеруге емес, шығындарды азайтуға мән беру керек – Әшімбаев»
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, бюджет тапшылығы мәселесін ҚҚС-ті көтеру арқылы емес, шығындарды азайту арқылы шешу керек, деп хабарлайды «Курсив».
«Бюджеттік процесс күрделі әрі белгілі бір тәртіппен реттеледі. Осы орайда орынсыз әрі тиімсіз шығындарды болдырмау тәртібін сақтау маңызды. Қазір қоғамда ҚҚС мәселесі қатты талқыланып жатыр. Біз бүкіл айтылған аргументтерді түсініп отырмыз. Бірақ бұл жерде шығындарды азайту мәселесіне мән берген абзал. Оларды реттеп, қысқарту керек. Солайша үнемдеу жолдарын қарастырып, салықты көтеру мәселесінде ойлануымыз керек. Бізге орынсыз шығынға жол бермеу бойынша арнайы ереже керек», – деді ол сенат отырысында.
Фото көзі: pixabay.com