«Қызылорда облысы Арал ауданының 3100 адам тұрғыны бар Тоқабай және Абай елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының Арал-Тоқабай Абай қосу тармақтарын салу және Қызылорда облысы Арал ауданының Тоқабай, Абай елді мекендерін сумен жабдықтау» жобасы іске асырылуда», - деп мәлімдеді Олжас Бектенов.
Премьердің айтуынша, жобаның жалпы құны Т8,2 млрд-ты құрайды, бүгінгі күнге дейін Т2,4 млрд игерілді. 2025 жылға республикалық бюджетте – Т2 млрд қарастырылған. Жобаның әлеуметтік маңыздылығына байланысты республикалық бюджет комиссиясының шешімімен арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 2025 жылы осы жобаны аяқтауға Т3,6 млрд бөлу мақұлданған.
Сонымен қатар, үкімет басшысы Қызылорда облысы Арал ауданының 398 тұрғыны бар Ақбасты елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Қызылорда облысы Арал ауданы Қосаман – Ақбасты Арал – Сарыбұлақ топтық су құбырына қосу тармағын салу және Ақбасты елді мекенін сумен жабдықтау» жобасы іске асырылып жатқанын атап өтті. Бұл жобаның жалпы құны Т2,41 млрд-ты құрайды және бүгінге дейін Т1,87 млрд игерілген.
Оның мәлімдеуінше, жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, республикалық бюджет комиссиясының 2025 жылғы ақпандағы хаттамалық шешімімен арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 2025 жылы осы жобаны аяқтауға Т524,4 млн бөлу мақұлданды. Жобаны 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
«Орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған алты елді мекенді (Арал ауданы бойынша Ерімбетжаға, Тастүбек, Қазалы ауданы бойынша Сарбұлақ, Шәкен, Шилі, Шитүбек) сапалы ауыз сумен қамту жобаларына республикалық бюджеттен 2025 жылға Т787 млн қаржы және жобаларды биыл аяқтауға арнаулы мемлекеттік қордан
Т2,2 млрд қаржы бөлінді», - деп хабарлады премьер-министр.
Үкімет басшысы аталған алты жобаны іске асыру нәтижесінде 82,9 шақырым ауыз су желісін салу толық аяқталып, жалпы халық саны 1785 адам орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылады, дейді.
Фото көзі: unsplash.com