Үкімет жанынан қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша жұмыс тобы құрылды

Күні: 19:33, 06-02-2019.

Астана. 6 ақпан. ҚазТАГ – Үкімет жанынан қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша жұмыс тобы құрылды, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Үкіметінің жанынан еліміздің азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ көп балалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылды», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Хабарда айтылғандай, жұмыс тобына ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Е. Досаев басшылық етеді.
«Оның құрамы «Нұр Отан» партиясының, әлеуметтік-экономикалық блок, инфрақұрылымдық даму, ішкі істер министрліктерінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен тұрады. Жұмыс тобы екі ай ішінде Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдауы қажет. Комиссия жұмысына бейінді ҮЕҰ, сарапшылар мен жұртшылық өкілдері тартылады», - делінген хабарда.
Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру мәселесі Астанада 4 ақпанға қараған түні Сарыарқа ауданы Шығыстау көшесі бойындағы жеке тұрғын үйдің ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан өрт шыққаннан кейін белсенді түрде талқылануда. Өртті сөндіру барысында бес баланың мәйіті табылған: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған. Құтқарушылар нақтылағандай, ата-аналары ол кезде жұмыста болған.
Қоғам өкілдері егер елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай ата-аналарға түнгі маусымда жұмыс жасау үшін балаларын қараусыз қалдырмауға мүмкіндік беретіндей жағдай жасаса қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деген пікірде.


Жаңалықтармен бөлісу: