Үкімет жетім балалардың тұрғын үй мәселелерін шешуде қандай шаралар қабылдауда?

Астана. 9 желтоқсан. ҚазТАГ – Премьер-министр Олжас Бектенов жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған (АҚҚ) балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлердің жалпы санының кемінде 20%-ы бөлінеді», - деп мәлімдеді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, жетім балаларға және АҚҚ балаларға жылына берілетін тұрғын үй саны, 2020 жылы 847 пәтерден 2024 жылдың тоғыз айында 1599 пәтерге дейін, екі есеге артты. 2024 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 8113 жалдамалы пәтер, оның 1599 бірлігі жетім балалар мен АҚҚ балаларға берілді.

Сонымен қатар премьер тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары жұмыс істейтінін, «Отау» және «Наурыз» жаңа жеңілдікті ипотекалық бағдарламалары іске қосылғанын, оған жетім балалар мен АҚҚ балалар қатысатынын атап өтті.

Бектеновтың жауабына берілген анықтамаға сәйкес, «Бақытты отбасы» бағдарламалары шеңберінде Т221,1 млрд-қа 19 911 несие, оның ішінде 83 жетім балалар мен АҚҚ балаларға Т1 млрд-қа несие берілді, «Шаңырақ» – Т628,4 млрд-қа 65 906 несие, оның ішінде 351 жетім балалар мен АҚҚ балаларға Т3,9 млрд-қа несие берілді, «Наурыз» – 2024 жылға қаржыландыру жоспары Т300 млрд-ты құрайды, 38 352 адам қатысуға өтінім берді, оның ішінде жетім балалар мен АҚҚ балалар – 146.

«Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңда жетім және АҚҚ балалардың тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығы сақталады, сондай-ақ оларға және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарына жалдамалы тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70%-ын беру көзделген. Сонымен қатар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй-жайларды жекешелендіру құқығы берілді», - деп хабарлады үкімет басшысы.

Ол бұдан басқа, жетім балалар мен АҚҚ балалар үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында кезекке тұрған кезде үш жыл тіркеуде болу жөніндегі қолданыстағы талап жойылғанын еске салды.

Премьер-министрдің мәлімдеуінше, биылғы 25 сәуірден бастап «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Осы бағдарламаға сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, оның ішінде жетім балалар үшін кредит бойынша мөлшерлеме 7%-ды құрайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылдан бастап «Мейірім» қайырымдылық акциясы іске асырылуда, оның шеңберінде әрбір жетім балаға мамандық таңдауда, жұмысқа орналасуда және тұрғын үймен қамтамасыз етуде көмек көрсететін «патронаттық» ұйым бекітіледі», - деді Олжас Бектенов.

Анықтама бойынша, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 3 000 жетім бала мен АҚҚ бала бизнес субъектілеріне, екінші деңгейдегі банктерге, әртүрлі мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарға бекітілген. «Отбасы банкінде» ашылған жетім балалар мен АҚҚ балалардың шоттарына Т712 млн-нан астам қаражат аударылды.

Фото көзі: 2gis.kz


adimage