Үкіметтің басты міндеті қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру болып табылады – Назарбаев

Күні: 17:47, 29-11-2018.

Астана. 29 қараша. ҚазТАГ – Үкіметтің басты міндеті қазақастандықтардың әл-ауқатын арттыру болып табылады, деп мәлімдеді ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев.  
«Үкіметтің басты міндеті қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру болып табылады. (...)   Мемлекет барлық міндеттемелерді орындап жатыр, жыл сайын әлеуметтік саланы қаржыландыруды көбейтуде.  Биыл бұл мақсатқа 2,6 триллион теңге бөлінді, былтырғыға қарағанда 21,3% артық», - деп келтіреді Ақорда Н.Назарбаевтың бейсенбіде халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру мәселесі жөніндегі жиындағы сөзін.  
Хабарда айтылғандай, жиында Нұрсұлтан Назарбаевқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметінің негізгі қорытындылары, сондай-ақ Елбасының Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде есеп берілді.
«2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмен жалақы алатын еңбеккерлердің, соның ішінде азаматтық қызметшілердің еңбекақысы 1,5 есе өседі. Сондай-ақ, әкімшілік, көмекші және техникалық қызмет көрсететін қызметкерлердің жалақысы артады. Экономиканың барлық саласындағы төмен жалақы алатын 1,3 миллион жалдамалы жұмысшылардың жалақысы орташа есеппен 30 пайызға көбейеді», - деді Н. Назарбаев.
Елбасы әлеуметтік қамсыздандырудың мемлекеттік жүйесіне өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды тарту мақсатымен жыл басынан бері 2,7 миллион адамның 1,8 миллионының мәртебесі жаңартылғанын айтты. Мемлекет басшысы 2019 жылдан бастап Қазақстанның жұмыс істейтін барлық азаматтары үшін Бірыңғай жиынтық төлем енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.
«2018 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрмысы төмен отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгіздік. Соның арқасында биылғы 10 айдың ішінде 103 мыңға жуық отбасы немесе 534 мың адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды», - деп мәлімдеді Н.Назарбаев.


Жаңалықтармен бөлісу: