ККМ автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Данияр НҰРМАНОВ: «АСТАНА-ЩУЧИНСК» АВТОБАНЫ АРҚЫЛЫ ЖОЛ ЖҮРУ 2013 ЖЫЛДЫҢ 1 МАМЫРЫНАН БАСТАП АҚЫЛЫ БОЛАДЫ

Астана. 3 қазан. ҚазТАГ – Жанболат Мамышев. Қазақстан ақылы автобандарды пайдаланудың халықаралық тәжірибесін енгізуде. Тұңғыш алты жолақты қазақстандық «Астана-Щучинск» автобаны 2013 жылдың 1 мамырынан бастап ақылы болады. Маңызды автожолдардың қалған учаскелері кейінірек ақылы жүйеге көшеді. Бұл ретте көлік және коммуникация министрлігі жолды қамтамасыз етуге кететін ағымдағы шығындарды ғана жабу үшін төлем өндіруге уәде береді. Қандай жолдардың ақылы болатындығы және бұның қашан іске асатындығы туралы ҚР көлік және коммуникация министрлігі автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Данияр Нұрманов әңгімелеп берді.

 

- «Астана-Щучинск» автобаны арқылы жол жүру қашаннан бастап ақылы болады?

 

- Бүгінгі таңда ақылы жүйені енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында біз төлем өндіру пунктерін орнатуды жоспарлап отырмыз. Олар осы жылдың желтоқсан айының соңынан бастап тестік режимде әрекет ететін болады. 2013 жылдың 1 мамырынан бастап біз жолдың аталмыш учаскесінен жолақысын  алуды жоспарлап отырмыз.

Тестік режимде шлагбаум өзі ашылатын болады. Яғни, машина келгенде шлагбаум ашылады, көлік өтіп кеткен соң шлагбаум жабылады. Біз қыс мезгілі және климаттық жағдайларға байланысты шлагбаум жұмысын қадағалап отырамыз.

 

- Түрлі санаттағы автокөліктер үшін 1 шақырым жолдың құны қанша болады? Жолақы бағасын кім бекітеді және оның құны қаншалықты жиі өзгереді?

 

- Біз қазір республика үкіметінің қаулысын дайындаудамыз. Біз жеңіл автокөліктер үшін 1шақырым жол бағасы 1 теңге, автобустар үшін (жолаушылар сыйымдылығына байланысты) 5-тен 15 теңгеге дейін және жүк көліктері үшін (жүк көтергіштігіне байланысты) 5-20 теңге аралығында болады деп жоспарлап отырмыз.

 

- Жолақысы қаншалықты жиі өзгереді?

 

- Ол өзгере алады, бірақ ол үшін үкімет қаулысына өзгерістер енгізу қажет.

 

- Яғни, 2013 жылдың соңына дейін жеңіл автокөліктер үшін жолақы бағасы 1 шақырымына 1 теңге болып қала береді ме?

 

 - Әрине.

 

- Жылына автожолды пайдалануға қанша ақша кетеді?

 

«Астана-Щучинск» автомагистралін пайдалану құны қаржыландыру нормативіне сәйкес, 1,2 млрд теңгені құрайды, ал төлем өндіру жүйесін қамтамасыз ету шамамен 200 млн теңгені құрайтын болады.

 

- Қазір жол бойымен қандай автокөлік ағымы өтеді? Аталмыш тас жолдағы қозғалыстың көбеюіне байланысты жол құрылысына және оның пайдаланылуына жұмсалған қаржының орны толады деп айтуға болады ма? Сіздің ойыңызша, қанша уақытта жұмсалған қаржыны өндіріп алуға болады?

 

-  Халықтың әлеуметтік алаңдаушылығын төмендету мақсатында, біз енгізуге ұсынып отырған осы төлеммен аталмыш жолға кеткен шығынның орнын толығымен өтеуді көздеп отырған жоқпыз. Бұл тек пилоттық жоба. Адамдар бұл жүйеге аздап үйренісуі тиіс. Біз жол өзін-өзі қамтамасыз етсін деп ақы алғалы отырмыз. Бірақ, бізде құрылысқа кеткен шығынның орнын толтыру мақсаты жоқ.

 

- Яғни, мәселе автожолды ұстау және интеллектуалдық жүйені пайдалану үшін  жұмсалатын жыл сайынғы шығындарды өтеуде ғой?

  

Иә.

 

- Ал аталмыш жолдың пайдаланылуы мен жолақының алынуын кім басқаратын болады? Автобан бойынша жүруден бір жылда алынатын жолақының мақсатты жұмсалуы айтылады ма?

 

- Аталмыш жобаның операторы Ақмола облысы бойынша автомобиль жолдары комитетінің департаменті болады. Ал жолды қамтамасыз етумен «Қазақавтодор» РМК айналысады. Олар қысқы және жазғы мезгілде жолды қамтамасыз ету мен пайдалануға толығымен жауапты болады.

 

- Жол құрылысына бар-жоғы қанша ақша жұмсалды? Интеллектуалдық жүйенің құны қандай?

 

«Астана-Щучинск» автомагистралі құрылысының құны 112 млрд теңгені құраса, төлемді өндіру жүйесінің құны 1,2 млрд теңгені құрады.

 

- Яғни, интеллектуалдық жүйе сатып алынды, бірақ орнатылған жоқ...

 

- Ол әлі сатып алынған жоқ. Министрлікте байқау үдерістері өтті, мердігер компания анықталды, ол қазақстан –француз компаниясы. «ДжиА» деген әлемге танымал атауы бар француз компаниясы әлемнің көптеген елдерінде төлем өндіру жүйесін енгізумен айналысады. Қазір осы құрал-жабдық Франциядағы «ДжиА» зауыттарында құрастырылып жатыр. Біз құрылғы 15-20 қарашада Қазақстанға жеткізіледі деген ойдамыз, осыдан кейін біз дайын құрылғыны орнында монтаждайтын боламыз.

 

- Астаналықтар мен Ақмола облысының тұрғындары шлагбаум орнатылып, төлем жүйесі енгізілгеннен кейін автобанға кіру мен одан шығу ұзақ уақытты алады деп қауіптенуде. Солай бола ма?

 

Біз шлагбаум орнатылғаннан кейін біздің кейбір жол учаскелерінде жылдамдық режимі төмендеп, көлік кептелістері болады деп ойламаймыз. Мәселен, бізде кіреберісте 7 ауыспалы жолақ қарастырылған. Яғни, кіруге 7 жолақ, шығуға 3 жолақ бар. Кіргенде ақы төлеп керек емес: адам кіреді, жүйе оның автомобилінің мемлекеттік нөмірін белгеліп алғаннан кейін ол әрі қарай жолын жалғастыра береді. Төлем алудың негізгі пунктері, Астана - кіреберіс пункті мен Щучинск - шыға беріс пунктінің арасында фото және бейне тіркеуіштер орнатылған 4 жоларалық арка болады. Яғни, мен Астана жақтан кірсем, Щучинскіге дейін менің қанша шақырым жүргендігім тіркеліп отырады. Щучинск тас жолынан шыққанда маған белгілі бір шақырым үшін төлем жасауға шот ұсынылады.

 

- Ол жерде қолма-қол ақшамен де, банктің төлем картасы арқылы да төлеуге болады ма?

 

Иә, біз қолма-қол ақша және банк карталары арқылы төлем қабылдау бойынша жұмыс атқарып жатырмыз.

 

- Жолақы қалай төленеді?

 

- Ол жерде картадан ақша шешіп алуға арналған қарапайым терминал сияқты құрылғы болады , тек ол екі бөліктен болады. Бірінші бөлігі автокөліктен шықпай-ақ төлем жасауға икемделіп, жеңіл автокөліктерге арналып жасалса, екіншісі жүк көліктерге арналған. Қолды созып- ақ төлем жасауға болады, терминал картаны қабылдап, оны қайтарғаннан кейін жүргізуші жүре береді, яғни ешқандай ПИН-код енгізудің қажеті жоқ. Терминал ақшаны санап алған соң жүргізуші төлем күбіртегін алады.

 

- Ал оң рөлді автокөлік иелері картаны жолаушы арқылы береді ме?

 

Бұл жерде проблема бар екендігімен келісемін.

 

- Бұрын, Малайзия үлгісі бойынша төлем өндіруге арналған интеллектуалдық жүйені орналастыру мүмкіндігі туралы айтылған еді. Малайзияда шлагбаумдардан және терминалға карта салудан бас тартуға болады. Жүйе ақшаны өтіп бара жатқан автокөліктерден арнайы электрондық құрылғылар арқылы шешіп алады...

 

Біз де бұны болжап отырмыз. Қазір бұл бойынша жұмыс атқарудамыз. Бұл келесі кезеңде іске асады немесе тестілеу үдерісі кезінде біз өз еліміздің азаматының белгілі бір жүру саны мен ақша мөлшеріне есептелген картаны сатып алуына болатындай жағдай жасаймыз. Ол автокөліктің алдыңғы әйнегіне жабыстырылады, автокөлік келеді, жүйе автоматты түрде ақшаны картадан шешіп алады, одан кейін шлагбаум көтеріліп, көлік әрі қарай өте береді.

 

- Жолақысын төлеген автокөліктің артынан автобаннан шығып кеткен жүргізушілерге қандай шаралар қолданылады?

 

- Егер сен төлемесең, онда ертеңінде шот келеді.

 

- Яғни, жолақысын кейін де төлеуге болады ғой?

 

Біз бұл бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Мысалға, сізге пәлендей адам тас жолдың осынша бөлігінде жүргені үшін ақы төлеген жоқ, келесі соманы төлеу керек  деген ескерту хат келеді. Әрине, егер адам төлемесе, кейін оның өсім ақы төлеуіне тура келеді.

 

- Бұрын автобанда орналасқан  шағын елді-мекендердің тұрғындары автобан арқылы аудан ортылығы немесе көрші ауылдарға бару үшін ақы төлемейді деп  айтылған еді, бұл рас па?

 

- Әрине, олар жолдың екінші бетіне өту үшін ақы төлемейді. Кейде жол ауылды екіге бөліп тұрады. Бұл жағдайда ақы төленбейді.

 

- «Астана-Қарағанды» тас жолы жөнінде айта кетсек. Бұрын ағымдағы жылдың қазан айында «Астана-Теміртау» учаскесінің жобалаушысы анықталады,  деп хабарланған еді, жол толығымен пайдалануға қашан беріледі?

 

Біз қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Байқау үдерістері осы айда өткізілуі керек. Байқауда Астана-Қарағанды жолының жобалауымен айналысатын мердігер ұйым анықталатын болады. Жол техникалық санаты бойынша алғашқы төрт жолақты қозғалыс болады: бір жаққа 2 жолақ және басқа жаққа 2 жолақ.  2013 жылдың бірінші жарты жылдығында біз жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтаймыз. Мен 2013 жылдың тамыз-қыркүйек айларында біз қайта құру жұмыстарына кірісеміз деп ойлаймын. Қайта құру жұмыстарын 2015 жылға қарай аяқтаймыз, деп болжап отырмыз.

 

- Ол да ақылы болады ма?

 

- Мен нақты айта алмаймын, бәлкім ақылы болар. Біз биыл Астана-Щучинск жобасын пилоттық түрде енгіземіз. Келесі жылы біз оңтүстік және батыс облыстар арқылы өтетін Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізі учаскелерін бөлшектеп тапсырамыз. Ол жерде де ақылы учаскелер болатындығы анық.

 

- Ал жолақы құны қанша болады?

 

- Бағасы сол күйінде қалады.

 

- Ал ақылы болады деп жоспарланған Алматы-Қапшағай тас жолы бойынша қандай жаңалықтар бар?

 

- «Алматы-Қапшағай» жолының құрылысын «Астана-Қарағанды» жолымен қатар  2013жылы бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл да ақылы жол болады. Жолдардың құрылысы 2015 жылға қарай аяқталады.

 

- Алдағы жылдары тағы қандай жолдар салынады?

 

- Көлік инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық жоспары аясында 2013 жылдан бастап «Астана –Теміртау», «Алматы-Қапшағай» автожолдарын қайта құруды бастау жоспарлануда. 2014 жылдан бастап «Қызылорда-Павлодар-Успенка», «Щучинск-Зеренді», «Үшарал-Достық», «Қызылорда-Жезказған» автожолдары қайта құрылады.

Халықаралық қаржы институттары қаржысы шеңберінде 2013 жылдан бастап «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізін қайта құрудың жалғасы болып табылатын «Алматы-Қорғас» және «Ташкент-Шымкент» сияқты жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Шетпе-Ақтау», «Жетібай-Жаңаөзен» учаскелері үшін Азия даму банкінің заемын тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 

- Петропавл – Алматы тас жолы бойынша қозғалыс төрт жолақты болады ма?

 

- Астанадан Щучинскіге дейін бізде алты жолақты қозғалыс. Щучинскіден Көкшетауға дейін төрт жолақты жол пайдалануға беріледі. Қазір біз «Көкшетау-Петропавл» жолына қайта құру жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл қазір жүзеге асып жатқан  жоба. Алдағы уақытта Қарағанды-Алматы автожолы учаскесін қайта құруға кірісу жоспары бар. Біз 2015 жылға дайін Астана-Қарағанды жолын жасап бітіреміз, және жолды әрі қарай Алматыға дейін жалғастырамыз. Ол да төрт жолақты болады. Ол жерде қозғалыс жолақтарының арасын бөліп тұратын бөгеттер орнатылады.

 

- Жоспар бойынша Петропавл-Көкшетау жолын қайта құру жұмыстары қашан аяқталады?

 

Ол жердегі қайта құру жұмыстары 2014 жылдың қыркүйек-қазан айларында аяқталады. Бұл бірінші санатты, екі жолақты жол болады. Онда көлік көп жүрмейтіндіктен, төрт жолақты қозғалыс жасаудың қажеті жоқ.

 

- Сұхбатыңызға рахмет.


adimage