Комаға түскен сарбаз есін жиды, Қуат Хамитов қыздарға ақыл айтты және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 24 маусым. ҚазТАГ – Комаға түскен сарбаз есін жиды, Қуат Хамитов қыздарға ақыл айтты және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Түркістандық оқушы әлемнің 40 университетінің грантын жеңіп алды»
Түркістандық оқушы Абдурахманов Ислам БАӘ, АҚШ, Англия, Польша, Малайзия, Швейцария мемлекеттеріндегі қалаған жоғары оқу орнының студенті атана алады, деп хабарлайды Nege.kz.

Ислам 7-ші сыныптан бастап түрлі білім сайыстарында жетістіктерге жеткен. Интеллектуалды жарыстарды негізге алып, олардың ішінде шахматпен ерекше айналысты.

«8-ші сыныпта IT саласына қызығушылығымды оятып, жаңа бағытқа қадам бастым. Бұл салада республикалық деңгейде өткен «Hackathon» атты жарыстан алтынға қол жеткіздім, осы іс шарада алған тәжірибем Қазақстандағы білім олимпиадасынан 1-орын иеленуіме себепкер болды. 9-шы сыныпта қоғамдық істермен айналысамын деп шештім. Түркістан қаласының «Eco Turkistan» клубының мүшесі болдым және ол жерде біраз тәжірибе ала отыра, Кентау қаласында өзімнің «Green Team» атты жеке эко клубымды аштым», - дейді ол.

11-сыныптан бастап жоғары оқу орнына түсуді қолға алған Ислам әлемнің 6 елінен 40-тан астам университетінен шақырту алып, облыстың абыройын асқақтатты.

«Отарда комаға түскен сарбаз есін жиды»

Жамбыл облысында әскерде жүріп комаға түскен 19 жастағы сарбаздың әкесі Тимур Жаналин өзінің Instagram парақшасында ұлының өз-өзіне келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Ол дәрігерлер мен барлық қазақстандықтарға қиын сәтте отбасын қолдағаны үшін алғысын білдірді.

«Біз сіздерге ұлымыздың комадан шыққаны туралы қуанышты жаңалықты жеткізуге асықпыз! Қазір дәрігерлер айтқандай, ол саңырау күйде. Бізді таниды, бұрын жасалған трахиостомияға байланысты әлі сөйлей алмайды. Бірақ жағдайы ауыр, диализ жасалады, ол шамамен 6-8 сағатты алады. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады, бұл үшін оларға ерекше алғыс айтамыз», - деді Тимур Жаналин.

«Күйеу – сенің екінші Құдайың»: Қуат Хамитов қыздарға ақыл айтты.

Белгілі қазақстандық файтер Қуат Хамитов TikTok-тағы тікелей эфирде бойжеткенмен сөзге келіп қалған, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бойжеткен спортшыға ешқандай жағдайда әйелдерді ұруға болмайтынын айтады.

«Әйел – тыныштандыратын орын. Әйел мейірімді болып, дәмді тамақ әзірлеп, жақсы киінгені жөн. Патшаны күткендей күйеуіңді күтсең, ешкім ешқашан қол көтермейді», - деді спортшы.

Хамитовтың айтуынша, әйелдер күйеулеріне қызмет етіп, еркектерді құдай деп санауы керек.

«Мен қызыма: «Егер сізге Алладан басқа біреуге бас июге рұқсат етілсе, ол күйеуің болуы керек!, дейтін едім». Егер сіз жұмаққа кіргіңіз келсе, күйеуіңізге қызмет етуіңіз керек, егер сіздің күйеуіңіз сізге риза болмаса, бұл сізге сын. Күйеу – сенің екінші Құдайың, оны қолда және сүй», – дейді файтер.

«Қазақстан азаматтары жоқ»: Грекиядағы өртке қатысты СІМ мәлімдеме жасады.
Шетелдік БАҚ Грекиядағы аралда яхтада демалған қазақстандық туристер өрттің шығуына себеп болды деген ақпарат таратқан болатын. Осы жайтқа қатысты сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Turkystan.kz.

«Қазақстанның консулы бұл ақпарат жарияланғаннан кейін осы іске қатысты бірден Грекия билігіне хабарласты. Полицияның мәліметіне сәйкес, ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ және оларға ешқандай да талаптар қойылмаған», - дейді ол.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage