Коммуналдық қызмет тарифі арзандауы есебінен Түркістан тұрғындары миллиардтан астам теңге үнемдей алады

Астана. 26 желтоқсан. ҚазТАГ - Коммуналдық қызмет тарифі арзандауы есебінен Түркістан тұрғындары 1,15 млрд. теңге үнемдей алады, деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметінен.
«Түркістан облысында 48 нарық субъектісінің 58 қызмет түрі бойынша тариф төмендетілді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, төмендетілген тарифтер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Нәтижесінде халықтың коммуналдық қызметке төлейтін қаражаты шамамен 1,15 млрд теңгеге үнемделеді», - деп келтірілген баспасөз парақшасындағы хабарда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық монополияға қарсы департамент басшысы Ерболат Ыбырайхановтың сөзі.
Оның ақпарынша, облыста электр энергиясын тасымалдау тарифі жаңа жылдан бастап 10,2 пайызға, яғни 1 киловат сағатқа 7,38 теңгеден 6,64 теңге дейін түседі.
«Тасымалдау және өндіруші станциялардың тарифінің төмендеуі есебінен түпкілікті тарифтің төмендеуі 6,8 пайызды кұрайды. Яғни халыққа 14,48 теңгеден 13,49 теңгеге деиін төмендейді. Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтынушылардың қордаланған қарызы үшін электр энергиясын қайта қосу төлемі 40 пайызға төмендеді», - деді Е.Ыбырайханов.
Сонымен қатар, табиғи газбен қамтамасыз ету саласы бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тасымалдау және көтерме баға түсу есебінен халық үшін газ тарифі 5,8 пайызға арзандап, 1 текше метрі жеке тұлғаларға - 32,47 теңге, ал халықты жылумен қамтамасыз ететін заңды тұлғаларға - 28,27 теңге болады.
Бұдан өзге, ауыз су, ағын су және су бұру қызметімен айналысатын 39 субъекті 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифті 5-13 пайыз аралығында арзандатады.

adimage