Конгресс Трамптың Иранға қарсы күш қолдануы бойынша өкілеттігін шектеуді мақұлдады

Алматы. 10 қаңтар. ҚазТАГ - Конгресс АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қарсы күш қолдануы бойынша өкілеттігін шектеуді мақұлдады, деп хабарлады ТАСС.
«АҚШ конгресі өкілдерінің палатасы бейсенбі күні заң шығарушылар тарапының тиісті рұқсатынсыз Иранға қарсы қарулы күш қолдану мәселесінде Трамптың (...) өкілеттігін шектейтін резолюцияны мақұлдады», - делінген жұмадағы хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, бастаманы 224 конгрессмен мақұлдап, 194-і қарсы болған. Құжатты бұл ретте үш республикалық қолдаса, сегіз демократ қарсы болған.
«Резолюция америкалық әкімшілік конгрестен тиісті рұқсат алмайынша немесе «Америка Құрама штаттарына қарулы шабуыл» жасалмайынша президентті Иранға қарсы және оның территориясында әскери амалдарды бастамауға міндеттейді. Құжат авторы Өкілдер палатасының мүшесі Элисса Слоткин (демократ, Мичиган штатынан). ОББ жұмысында ол Иракта бірнеше рет болған», - делінген хабарда.
Бұған дейін хабарланғандай, Тегеран мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас 3 қаңтар күні Трамптың бұйрығымен Бағдат халықаралық әуежайы маңайында зымыран соққысынан ирандық генерал Кассем Сулеймани өлтірілгеннен кейін күрт шиеленісіп кетті. Ресми түрде Тегеран Ирандағы иерархия бойынша екінші адамның өлімі үшін кек алуға уәде берді. Бұл жағдай мұнай бағасы қарқынды өсуді бастағанда бірқатар арабтық мұнай компанияларының акцияларын түсіріп жіберді.
Кейін Ирактағы АҚШ-тың бірнеше әскери нысандарын Иран аумағынан ұшырылған баллистикалық зымырандар атқылаған еді. Иран сыртқы істер министрі Джавад Зариф жағдайға түсінік бере келе Тегеран «АҚШ нысандарына Біріккен Ұлттар ұйымы (БҰҰ) жарғысының 51 бабына сәйкес өзін-өзі қорғау мақсатында шабуыл жасады» деп мәлімдеді. Бұл ретте ол генерал Кассем Сулейманиге опасыз шабуыл жасалғанын айтқан. СІМ басшысы жағдайды шиеленістіруді немесе соғысты көздеп отырмағанын, бірақ кез-келген агрессиядан қорғанатындарын қадап айтты. Бұл ретте АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ әскери базаларына Иранның жасаған соққысына түсінік беріп, қазір қаза тапқандар мен келтірілген шығынды есептеу жүргізіліп жатқанын және ертең ертеңгісін мәлімдеме жасайтынын жеткізді.
8 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парсы шығанағы аймағындағы ахуалға байланысты АҚШ пен Иранның шиеленісі туралы кеңес өткізді.

adimage