Коронавирус өршігенге дейін Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 34 әуе рейсі жасалған

Астана. 19 ақпан. ҚазТАГ – Толқын Тәшімов. Коронавирус өршігенге дейін Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 34 әуе рейсі жасалған, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тұрақты ұшулар уақытша тоқтаған сәтке дейін екі жақты келісімге сәйкес аптасына 34 рейс орындалған: Алматы – Үрімші (Air Astana – бес рейс, China Southern Airlines – жеті рейс; Нұр-Сұлтан – Үрімші (Air Astana – төрт рейс, China Southern Airlines – екі рейс; Алматы – Бейжің (Air Astana – бес рейс); Нұр-Сұлтан – Бейжің (Air Astana – үш рейс, Air China – үш рейс); Алматы – Санья (SCAT – екі рейс); Нұр-Сұлтан – Санья (SCAT – бір рейс); Алматы – Хайкоу (SCAT – бір рейс); Нұр-Сұлтан – Сиань (SCAT – бір рейс)», - делінген ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитетінің (ААК) жауабында.
Коронавирустың ары қарай таралуына жол бермеу үшін ведомствоаралық комиссияның шешімімен Қазақстан мен ҚХР арасындағы барлық тұрақты рейстер 2020 жылдың 3 ақпанынан бастап уақытша тоқтатылды.
Коронавирустың салдарынан қазақстандық әуекомпанияларына қандай шығын келді және жалпы әуе тасымалы саласына қалай әсер етті деген сұраққа ААК «қазіргі таңда Қытай Халық Республикасына ұшулардың шектелуіне байланысты келтірілген шығындарды есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр» деп жауап берді.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 73,4 мыңнан асады, қайтыс болғандар - 1873, 10,6 мыңнан астам адам жазылды.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты.

adimage