Коронавирустың жаһандық таралуы пандемия қаупін тудыруда

Алматы. 24 ақпан. ҚазТАГ – Коронавирустың жаһандық таралуы пандемия қаупін тудыруда, деп хабарлады Reuters.
«Дүйсенбі күні Қытайдағы коронавирустың өршуі Оңтүстік Кореяда, Италия мен Иранда одан ауырғандар санының артуы әлемнің бүкіл елі үшін бүлдіруші және өлімге алып келетін пандемияға ұласып кетуі мүмкін деген қауіп бары айтылды», - делінген хабарда.
Сонымен қатар, хабарланғандай, Оңтүстік Кореядағы үлкендігі жағынан бірінші орындағы Тэгу қаласы барынша оқшаулануда, себебі ол жерде ауырғандар саны артуда, оның үстіне Asiana Airlines және Korean Air бұл қалаға сәйкесінше 9 және 28 наурызға дейін ұшуларын тоқтатқан.
Басылым ақпарынша, Италия аталмыш індеттен үшінші адамның өлгенін, ал жұмадан бері ауру жұқтырғандар санының 150 адамға дейін өскенін хабарлаған соң Францияның денсаулық сақтау министрі Оливье Веран алдағы уақытта еуропалық әріптестерімен Еуропада бұл індетке қарсы тұру жағдайларын талқылауға ниетті екенін айтты.
«Бүгінгі таңда Францияда індет жоқ. Алайда көрші Италияда мәселе туындады, біз оны мұқият қадағалап отырмыз», - деді Веран.
Хабарда атап өтілгендей, Италия барынша індет тараған қалаларды жауып тастаған, елдің солтүстік бөлігінде халықтың көптеп жиналуларына тыйым салған, соның ішінде Венецияда да карнавал өткізуге тыйым салынған. Себебі Венецияда коронавирус жұқтырудың екі дерегі тіркелген. Мұның барлығы коронавирустың Еуропада таралуына жол бермеу мақсатында жасалып жатыр.
Өз кезегінде Аустрия екі саяхаттаушыдан дене қызуының көтерілгенін анықтағасын шамамен төрт сағаттан соң Италиядан Альпі арқылы өтетін пойыздар қозғалысын уақытша тоқтатқан. Венециядан (Италия) Германияның Мюнхен қаласына шамамен 300 жолаушыны алып келе жатқан пойыз екі жолаушыға жасалған тест оның коронавирус емес екенін көрсеткеннен кейін ғана қайта жолға шыққан.
Аустрия ішкі істер министрі Карл Нехаммер Италиямен шекаралық бақылауды енгізу мәселесін талқылау үшін дүйсенбіде коронавирус бойынша жұмыс тобын жинайтынын мәлімдеді.
Оңтүстік кореялық билік жетінші адамның ажал құшқанын айтып, тағы 161 адамның дүйсенбі күні ауру жұқтырғанын мәлімдеді. Нәтижесінде ауырып жатқандар саны 763-ке жеткен. Оның 115-і Тэгу шіркеуіне барғаннан кейін ауырған.
Сәрсенбі күні екі адамның өлгенін мәлімдеген Иран тағы жеті адамның өлгенін және 43 адамның жұқтырғанын жеткізді. Олардың көбі Кум қаласында тіркелген.
Сауд Арабиясы, Кувейт, Ирак, Түркия мен Ауғанстан Ислам Республикасына баруға және одан келуге шектеу енгізді.
Жапонияда жексенбі күні кешкісін билік ауру жұқтырудың 773 жағдайын растады. Олардың көбі Токио маңында карантинде тұрған «Алмазная Принцесса» круиздік кемесінің жолаушыларынан табылған. Жексенбіде лайнердің үшінші жолаушысы 80 жасар жапондық көз жұмды.
Британдық билік кемеден эвакуацияланғандардың төртеуінен Ұлыбританияға кеткеннен кейін вирусқа оң нәтижесі анықталғанын мәлімдеді.
Хабарда атап өтілгендей, әлемнің жетекші экономикасының «үлкен жиырмалық» тобы коронавирустың өршуіне жауап ретінде барынша үйлестірілген шаралар жүргізуге шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 79 мыңнан асады, қайтыс болғандар – 2,4 мыңнан астам, 19 мыңнан астам адам жазылды.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты.

adimage