Астана. 12 наурыз. ҚазТАГ – Өрт салдарынан Лисаковскідегі бес қабатты үйде бір адам қаза тауып, тағы біреуі зардап шекті, деп хабарлады төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
«11 наурызда сағат 20.20-да өрт сөндіру қызметіне Қостанай облысы Лисаковск қ. бес қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. Өрт 4-қабаттағы пәтерден шығып, 5-қабаттағы пәтердің балконын шарпыған, өрт жалпы алаңы 60 ш.м. жерге тараған», - деп хабардар етті сейсенбі күні Нұрахметов.
Оның ақпарынша, өрт орнына келіп жеткен өрт сөндіру бөлімшелері көлік сатысының көмегімен 5 адамды құтқарып, 20-сын қауіпсіз жерге шығарған, соның ішінде 4 бала бар. Өрт 21.14-те ауыздықталып, 2.15-те сөндірілген.
«Өрт шыққан жерде 1968 жылы туған ер адамның мүрдесі табылды, ал 3 –қабаттағы пәтерден иіс тиіп қалған 1923 жылы туған қарт әйел шығарылды», - деп хабарлады ТЖК өкілі.
Оның ақпарынша, өрттің шығуына темекі тарту кезінде өрт қауіпсіздігінің сақталмауы себеп болған. Өртті сөндіруге Қостанай облысы ТЖД жеке құрамдағы 14 адамы мен 3 бірлік техникасы жұмылдырылған.
Лисаковскіде бес қабатты үйден өрт шықты, бір адам көз жұмды, тағы біреуі зардап шекті
