Ұлттық қауіпсіздік және арнайы қызмет органдары жұмысының үйлестірілуі террорлық ұйымдардың белсену жағдайында маңызды – Назарбаев

Күні: 13:23, 05-11-2014.

Астана. 5 қараша. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшылары кеңесінің 37-отырысына қатысушылармен кездесті, деп хабарлады ҚР президентінің баспасөз қызметі.
«Біз жаңа сын-қатерлерді, лаңкестік ұйымдардың белсенді бола түскенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайда ұлттық қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтердің жұмысын үйлестіру өте маңызды», – деген Н. Назарбаевтың дәйексөздерін келтіреді баспасөз қызметі Ақорда сайтындағы сәрсенбілік хабарда.
Президент қауіпсіздік мәселесі Кеден одағының жұмысы жағдайында ерекше өзекті болып отырғанын айтты.
«Шекаралар ашылды, құқық бұзушылар елдер аумағында емін-еркін жүре алады. Осыған байланысты сіздердің бірлескен жұмыстарыңыз, бір-біріңізге көрсететін ілкімді ақпараттық қолдау баға жетпес мәнге ие, – деп атап өтті ол.
Н. Назарбаев барлық азаматтардың құқықтарын сақтау, орнықты әлеуметтік-экономикалық даму қауіпсіз әрі тұрақты қоғамның іргетасы болып саналатынына да назар аударды.
«Біз қазір әлемдік экономикадағы қиындықтар мен Украинадағы ахуал төңірегіндегі оқиғаларға байланысты жаңа сын-қатерлер таяп келе жатқанын сезіп отырмыз. Осыған байланысты мемлекеттерге бірінші кезекте ішкі сипаттағы шаралар қабылдау қажет. Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 5 жылда 800-ден астам кәсіпорын құрылды, көп жұмыс орындары ашылды. Осының бәрі мұнайға, газға және басқа да ресурстарға тәуелділікті азайта отырып, экономикалық оң ықпалын тигізуде. Келесі бес жылдықта біздің еліміз инновациялық дамуға ден қоятын болады», – деді президент.
Сонымен қатар, мемлекет басшысының айтуынша, инфрақұрылымдарды әрі қарай дамыту да басымдыққа ие болады.
«Біздің еліміздің аумағы кең, сондықтан инфрақұрылымдарға, автокөлік және теміржолдар, көпірлер мен өткелдер салуға зор көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, Астанадан барлық бағытта мың шақырым жаңа автокөлік жолдарын салу жоспарлануда. Бұл жұмыс орындарын ашып, экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Н. Назарбаев.
Соңында президент ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшылары кеңесінің 37-отырысына қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі.


Жаңалықтармен бөлісу: