Ұлттық банк қазақстандықтардың шетел валютасына сұранысының төмендегенін атап өтті

Күні: 15:46, 28-02-2019.

Алматы. 28 ақпан. ҚазТАГ – ҚР халқының қолма-қол шетел валютасын сатып алу шығындары 2019 жылдың қаңтарында 36,1% төмендеді, деп хабарлады Ұлттық банк баспасөз қызметінен.
«2019 жылғы қаңтарда халық нетто-негізде 142,8 млрд теңгеге барабар сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 66,4% немесе 94,8 млрд теңге, Ресей рублін – 22,8% немесе 32,5 млрд теңге, еуро – 10,4% немесе 14,9 млрд теңге сатып алуға бағытталды. Алдыңғы аймен салыстырғанда аталған шығыстар 36,1%-ға азайды (2018 жылғы тамыздың ең жоғары мәнімен салыстырғанда – төмендеу 2,4 есе), бұл халықтың шетел валютасына деген маусымдық сұранысының азаюына байланысты болды. Валюта түрлеріне бөлгенде Ресей рублін сатып алуға шығыстар – 53,2%-ға, еуро – 39,4%-ға, АҚШ долларын сатып алуға шығыстар 26,4%-ға азайды», - делінген хабарда.
Ұлттық банк ақпарынша, KZT/USD валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 12,3 млрд АҚШ доллары (бір айда 5,3%-ға ұлғаю), оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтардың көлемі – 2,0 млрд АҚШ доллары (28,1%-ға азаю), биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі – 10,3 млрд АҚШ доллары (15,9%-ға ұлғаю) болды.


Жаңалықтармен бөлісу: