Ұлттық Банк басқармасы Қазақстанның ақша-кредит саясатының 2019 жылға арналған негізгі бағыттарын мақұлдады

Күні: 18:31, 19-12-2018.

Алматы. 19 желтоқсан. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатының 2019 жылға арналған негізгі бағыттарын мақұлдады, деп хабарлады сәрсенбіде Ұлттық банк баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатының 2019 жылға арналған негізгі бағыттарын мақұлдады», - делінген хабарда.
Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын инфляциялық таргеттеу қағидаттарына сәйкес жүргізуді жалғастырады.
«Орта мерзімді стратегия аясында Ұлттық Банк инфляцияның нысаналы дәлізін 2019 жылы бір пайыздық тармаққа төмендетеді. 2019 жылғы негізгі мақсат – инфляция деңгейін жылдың соңында 4-6% дәлізінде сақтау. Ұлттық Банк ақшакредит саясатын жүргізу кезінде инфляцияға орта мерзімде ықпал ететін, яғни инфляцияның мақсаттық деңгейін 2020 және одан кейінгі жылдары 4%-дан төмен, бірақ жуық деңгейіне жетуге бағытталатын шешімдерді қабылдайтын болады», - делінген хабарда.
Базалық мөлшерлеме ақша-кредит саясатының негізгі құралы болып қалады.
«Инфляция бойынша мақсаттарға жету үшін Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені инфляцияның нақты және болжанатын деңгейіне және басқа өлшемдерге қарай белгілейтін болады. Бұл ретте базалық мөлшерлеменің нақты көрсеткіші экономикалық өсудің ұзақ мерзімді әлеуетті қарқындарына сәйкес деңгейде ұсталатын болады. 2019 жылы базалық мөлшерлеме бойынша шешім белгіленген кестеге сәйкес 8 рет қабылданады», - делінген хабарда.
Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбастау бағамының режимін жалғастырады.
«Сонымен қатар 2019 жылы ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетік арналарын және құралдарын дамыту бойынша жұмыстар жалғасады. Ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігінің тиімділігін арттыруға қаржы секторының тұрақтылығы ықпал ететін болады. Ұлттық Банктің шаралары ақша-кредит саясатының ашықтығын және болжамдығын одан әрі арттыруға, жүргізіліп отырған саясатқа деген сенімнің өсуіне және инфляциялық күтулерді тежеуге бағытталатын болады», - делінген реттеуші хабарында.


Жаңалықтармен бөлісу: