Ұлттық банк төрағасының орынбасары азық-түліктің бағасын білмейтін болып шықты, ақылы жолдардан бюджетке қанша ақша түсіп жатыр және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 23 мамыр. ҚазТАГ – Ұлттық банк төрағасының орынбасары азық-түліктің бағасын білмейтін болып шықты, ақылы жолдардан бюджетке қанша ақша түсіп жатыр және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Павлодарда баланы сүндеттеген дәрігер сотталды

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сүндеттеу отасы кезінде баланың денсаулығына ауыр зиян келтірген медицина қызметкеріне қатысты істі қарады, деп хабарлайды El.kz.
El.kz-тің жазуынша, 2023 жылдың 23 тамызында хирург «сүндетке отырғызу» отасын жасап, салдарынан баланың денсаулығына ауыр зиян келтірген.

Сотта дәрігер өз кінәсін мойындамай. Алайда оның кінәсі куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары және құжаттық дәлелдермен расталды. Кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі соттан дәрігерге ең ауыр жаза тағайындауды талап етті.
Соттың шешімімен дәрігерге бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ол пробациялық бақылауға алынып, мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды. Сонымен қатар, бір жыл мерзімге хирург ретінде жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Ақылы жолдардан бюджетке қанша ақша түсіп жатыр

Сенат отырысында көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда ақылы жолдардан 2024 жылы қанша қаржы түскенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 17 ақылы жол учаскесі бар.

2024 жылы бұл жолдардан Т48 млрд кіріс түскен. Ал 2025 жылы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ақылы жолдардан Т100 млрд-қа дейін табыс түсіреді деп болжауда.

«Биыл жөндеу жұмыстары аяқталған соң ұзындығы 6,2 мың шақырым болатын тағы 29 жол учаскесіне ақы енгізу жоспарда бар. Осы учаскелерден жиналатын төлем мөлшері Т100 млрд-тан асады деп күтіледі. Болашақта бұл қаржы жолдарды күтіп ұстауға, арнайы техника сатып алуға, сондай-ақ алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемесін өтеуге жұмсалады», – деді Марат Қарабаев.

«Алматыда азаппен қаза тапқан Ақнәрдің анасы Тоқаевқа жүгінді»

Ол президентке бейнеүндеу жолдап, іс материалдарына сәйкес, қыз жетінші қабаттан өз еркімен құламағанын айтты.

«Оның денесінен азаптаудың айқын іздері табылды. Телефонындағы бейнежазбаларда оны ұрып-соғып, қорлаған сәттер түсірілген. Бақылау камералары оны терезеден лақтырған сәтін түсіріп алған. Қайғылы оқиғадан кейін қызымның барлық заты – ақшасы, мүлкі, тіпті киімдері жоғалып кеткені белгілі болды. Сол түні қасында болған екі қыз бұл қылмысқа тікелей қатысы бар болуы мүмкін», – дейді Гүлістан Хамит.

Бейнеүндеуде Ақнәрдің анасы әділ тергеу жүргізуді талап етіп, істі қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») және 126-бабы («Бостандықтан заңсыз айыру») бойынша қайта саралауды сұрайды.
Ақапаратқа сәйкес, 22 жастағы Ақнәр Гүлістан 2023 жылдың шілде айында Алматыда тұрғын үй кешенінің жетінші қабатынан құлап кеткен. Полиция бұл істі суицид ретінде тергеп жатыр. Алайда марқұмның анасы бұл нұсқамен келіспейді.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары азық-түліктің бағасын білмейтін болып шықты

Қазақстан Ұлттық банкінің төраға орынбасары Берік Шолпанқұлов брифинг кезінде азық-түліктің қанша тұратынын білмейтінін айтты, себебі дүкен араламайды, бұл іспен оның жұбайы айналысады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Үй шаруасымен жұбайым айналысады. Мен дүкенге бармаймын, азық-түлікпен қамтамасыз етуді жұбайым атқарады. Оның қолында менің картамның көшірмесі бар, ол дүкенге еркін барып жүреді», – деді Шолпанқұлов.

Ай сайын азық-түлікке қанша ақша жұмсайтыны жөнінде нақты сұрақ қойылғанда, Ұлттық банк төрағасының орынбасары иығын көтерді.

«Мен сіздерге айттым ғой, оның қолында менің картамның көшірмесі бар. Ол қанша жұмсайды – мен тіпті бақыламаймын», – деді ол.

Фото көзі: cpc.ru


adimage