Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бейсенғали ТӘЖИЯҚОВ: ПРОБЛЕМАЛЫҚ НЕСИЕЛЕР ҚОРЫНЫҢ БАНКТЕРДЕН САТЫП АЛУ БАҒАСЫ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН АНЫҚТАЛАДЫ

Астана. 22 қазан. ҚазТАГ - Жанболат Мамышев. Несиелік портфельдің жайын жақсарту үшін Қазақстанның екінші деңгейлі банктері (ЕДБ) жеке еншілес ұйымдарын құра бастады. Оның басты идеясы проблемалық несиелерді Ұлттық банктің тиісті құрылымы - «Проблемалық несиелер қоры» АҚ-қа тапсыру. Бұндай «тазарту» ЕДБ-ны экономиканы несиелендірудегі жаңа серпінге итермелейді деп күтілуде. Бұл қор банктердің проблемалық несиелерін қашан сатып ала бастайды, бағасы қандай болады, нәтижесінде не шығады? Несиелер бағасы қашан төмендейді, алтынды сатып алу неліктен тиімді? Бұл сауалдардың бәріне Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бейсенғали Тәжияқов ҚазТАГ-қа берген сұхбатында жауап берді.

 

«Проблемалық несиелер қорының» акционерлері кімдер және банктердің проблемалық несиелерін сатып алуға қандай мөлшердегі қаражаттың бөлінуі жоспарланған?

 

 - Біз Ұлттық банк негізінде «Проблемалық несиелер қорын» құрдық. Оның акционері де өзімізбіз. Шамалап алсақ Т130-140 млрд теңге көлеміндегі «нашар» активтер осы қорға беріледі.

 

Бұл қашан жүзеге асады?

 

- Біріншіден, ненің берілетіндігін біз бағалаймыз. Екіншіден, дисконт алдын ала келісілуі керек. 100% біз сатып алмаймыз. Заңнамада көрсетілгендей, кез келген банк өз жанынан аталмыш операцияларды жүзеге асыратын ұйым аша алады делінген (еншілес кәсіпорын - ҚазТАГ). Қазірдің өзінде 15 қазақстандық банк несиелік портфельдің 9% немесе Т800млрд теңгені құрайтын несиелерді өздерінің еншілес кәсіпорындарына беруді жоспарлауда. Бұл әлі нақты сома емес. Мекемелер осы объектілерді сату мен қаржыны қайтарып алу бойынша жұмыс жасайтын болады. Әр банктің несиелік портфельдері де сәйкесінше сондай сомаға жақсарып, экономиканы жаңадан несиелендіруге мүмкіндіктері болады.

 

 - Мәселе бесінші категориядағы күмәнді несиелер мен үмітсіз несиелер жөнінде ме?

 

- Бесінші не төртінші бола ма оны (банк- ҚазТАГ) өздері шешеді.

 

- Сіздің қорыңыз проблемалық активтерді қандай дисконтқа сатып ала алады?

 

Ол әлі нақтыланған жоқ, мен қандай пайыз екенін білмеймін. Ағымдағы жылдың соңына дейін ол анықталады.

 

- Ал өздерінің проблемалық активтерін қандай банктер ұсынып отыр?

 

Әр банктікі әртүрлі. Бізде шетелдіктермен қосқанда 37 банк бар. Қордың жарғылық капиталы Т5 млрд теңгені құрайды. Қазір банктердің Т1,2 трлн еркін қаражаты бар, бірақ олардың барлығы қысқамерзімді. 

 

- Бұндағы әңгіме 2006-2007жылдары жылжымайтын мүлік қымбат болғанда берілген несиелер жөнінде болар. Себебі қазір жылжымайтын мүлік құны арзандады ғой... 

 

- Иә. Қазір нарықта үлкен көлемді несиелер жоқ, себебі дағдарыстан кейін банктер экономиканы несиелендіру бойынша әлі баяу қозғалуда. Жыл басынан бері несиелік портфель өсімі 6,5% ғана құрады.

 

Оның әлі де өсіп жатқаны да жақсы-ау...

 

Иә, бәрі қайта қалпына түсуде. Бірақ біз банктердің экономиканы несиелендіру үшін  өз тарапымыздан шаралар қолдандық. Біз артық қаражатты нот басу мен депозиттер арқылы тазарттық қой. Біз бұл құралдарға деген қызығушылықтарды төмендеттік. Айтарлық, 1-2% табыс бұл үлкен сома емес. Менің ойымша, банктер индустриялы саясатқа атсалысуы керек, себебі олар ақшаны ешқайда құя алмайды, алайда табыс табулары керек.

Бізде банктердің несиелік портфельдерінің өсуіне қарағанда, жеке тұлғалардың депозит нарығы тезірек өсуде. 2012 жылдың басынан бері ол 13% өсті, ал несиелік портфель тек 6,5%. Егер жыл басына қарай жеке тұлғалардың депозиттері Т2,6 трлн құраса, қазір Т3 трлн астам.

 

Бұл депозиттер теңгелік пе? 

 

- Теңгелік. Өзге валютадағылар қысқаруда, себебі девальвациядан кейін 3жыл қатарынан теңге тұрақты. Жыл басынан бері теңге курсы 2% ғана ауытқыды. Ресейде бұндай көрсеткіш 15%.

 

- Жыл басынан бері Ұлттық банк қайта қаржыландыру ставкасын төмендетті. Осыған орай,  банктегі несиелер ставкасының да төмендеуінен үміттіміз. Бұл қашан болуы мүмкін?

 

 - Үкімет тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынуда. Олар ставкаларды субсидиялауда. Қазір банктердің несиелік портфелі Т9 трлн көлемінде, және депозиттік база Т9 трлн. Банктердегі депозиттер бойынша орташа ставка шамамен алғанда 8%. Егер инфляция (2012ж қаңтар-қыркүйек аралығында - ҚазТАГ) 3,9% жетсе, онда банк инфляция деңгейінен төмен ставкада несие бере алмайды. Сәйкесінше, депозит ставкасынан төмен де бере алмайды. Барлығы инфляция деңгейіне байланысты. Егер ол төмендей бастаса, онда несие де арзандай бастайды.

 

 - Жақында Ұлттық банк алтын-валюта қорларын басқаратын еншілес ұйымның құрғандығы жөніндеге хабарлаған болатын. Компания басқарушылық ететін қаражат көлемі белгілі ме?

 

- Әлі белгіленген жоқ. Оның басшысы тағайындалды. Егер, Ұлттық қордың тұжырымдамасы өзгеретін болса, онда соған қарасты қаржының бір бөлігі сонда ауыстырылатын болады. 

 

Осы еншілес компанияға ма?

 

Иә. Біздегі қаржы қатаң түрде қадағаланады ғой. Ал ол ел ішінде еркін орналастырып, ел экономикасына бағыттай алады. Бізде инвестициялық жобалар бар. Ішкі экономикаға қаржы құймайсыңдар деп те жиі сынға алып жатады. Енді қандай да бір бөлігін бағыттай алатын боламыз.

 

 - Егер банктің депозит базасы мен ссуда портфельдері тең болса, банктердің сырттан алып пайдалануға қызығушылық танытпағаны ғой? 

 

- Банктер қазір $14,5 млрд қарыз. Егер бүгінде шетелден несие алатын болсақ оны қайда құямыз? Бүгін еркін ресурстар бар, тек қарыз алушылар мен жақсы жобалар жоқ. Сондықтан, президенттің өзімен тапсырма берілген (ел ішінде несиелендіру бойынша - ҚазТАГ). Бізде шетелден қаржыландырылатын шетелдік фирмалардың еншілес ұйымдары көп қой. Осы фирмалар бізден неге несие алмайды?

Бүгінгі таңда қорда $85 млрд көлемінде қаржымыз бар деп айталық. Біз оларды түрлі валюталарда саламыз, сараланған мөлшерде. Оның 20% алтын күйінде сақтаймыз. Бұдан Ұлттық банк өз өндірушілерінен алтынды сатып ала отырып, экономикамызды қолдап, инвестиция құйып отыр деп айтуға болады. Біздің $85 млрд қаражатымыз бар дедік. Неліктен еншілес мұнай компаниялары несиені бізден емес сол жақтан алады? Себебі олардың жұмысы шығынсыз. Мүмкін осы инвестициялық компания (алтын-валюта қорын басқаратын Ұлттық банктің еншілес ұйымы - ҚазТАГ) осымен айналысар.

 

Алтын-валюта қорындағы алтын үлесінің өсуі жалғасын таба ма?

 

Иә. Бұл жалпы көлемге байланысты. Бір кездері оның үлесі 9% болған. Былтырғы жылы Ұлттық банкке берілетін жоғары мүмкіндіктер туралы президент жарлығы шықпай тұрғанда, біз алтынды сату жөнінде рұқсатты бере алатынбыз. Бастапқыда 7%, 6%, 9% болды, осы жылдың басына дейін ол 11-12% жетті. Қазірде алтын-валюта қорының үлесі 20%.

 

- Ұлттық банк ештеңеге қарамастан елімізде өндірілген бар алтынды сатып алуда ма?

 

- Неге бас тартуымыз керек? Баға өсуде. 90-шы жылдары ол (унция-ҚазТАГ) $200-дай тұрды. 1991 жылы президенттің бағалы металдар туралы жарлығы шықты. 1992 жылдың 7-ші қаңтарында бізге алғашқы алтын келді. Біз бір жылдың ішінде алтын мен күмістің 40 тоннасының әр унциясын 1,5 мың кеңестік рубльге сатып алдық. 1995-1996 жж алтынның унциясын $3 сатып алған болып шықты.

 

- Банктердің есебіне қарасақ соңғы кездері, Сбербанкке ұқсас шетелдік қатысы бар банктердің активтері отандық банктердікіне қарағанда қарқынды өсуде. Бұл еш қауіп тудырмай ма?

 

Әлбетте жоқ. Бұндай бәсекелестік барда тіптен жақсы сияқты. Шетелдік банктер пайызға қарағанда көрсеткен қызметтері үшін көбірек табыс табады. Ал бізде керісінше. Шетелдік банктердің активтерін, оның ішінде ресейдікін де сәйкестіруге келмейді, сондықтан да олар нарықты жауалап алуда белсендірек болып отыр. 

Неліктен шетелде сол бір техника не көлік болсын бізге қарағанда арзан? Өйткені, көлік сата отырып, олар қымбат құрал-саймандарды сатады. Ол жақта көлікті 3-5 жылда бір рет ауыстырып отырады, себебі оны жөндеу одан да қымбат. Бұдан қызметі арзанға түсетін адамдарды еліктіру керек деген ой түюге болады. Бұл орайда шетелдік банктер жеңіл келісіп, жұмысты сапалы орындай алады.

Адамдардың көпшілігі банктерге арыз айтады. Заңда қарастырылғандай біз қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша Ұлттық банкке қарасты құрылым ашуға міндеттіміз. Ондай департамент бар, ол қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдардың жұмысын қадағалау мен бақылау агенттігінің кезінде құрылған болатын, алайда ол қауқарсыз. Көп адамдар банкке қатысты арыздар түсіреді, бірақ оларға әсер ете алатындай мүмкіндігіміз жоқ. Қазір Ұлттық банкке қарасты сондай құрылымдық орган құрылмақшы және ол арыздар көп түсетін банктерге ықпал ету құқығына ие болады. Халық банк үшін қызмет етпеу керек, керісінше банк халық үшін қызмет етуі керек.

 

Адамдар қазірде банк қызметіне шағым түсіре алады: Ұлттық банктің қаржы ұйымдары мен қаржылық жұмысты бақылау мен қадағалау комитетінің сайтында сондай ақпараттар жарияланады ғой...

 

- Ондай бізде бар, біз оның есебін жүргіземіз. Тек сол органның оған құқығы болуы керек. Мен сізге мысал да келтіре аламын. Маған бір банктен несие алған танысым келді. Ол несиесін үнемі төлеп жүрді, тек дағдарыс болғанда уақытылы қайтара алмады. Ол банкке келіп, басына түскен жағдаймен бөлісті, банк онымен жаңа келісімге отырып, ставканы 1% өсірді. Кейін тағы бір келісім жасасып, пайыздық ставканы өсірді.

Ол несиені уақытылы қайтарып отырды, кейін оның қосымша табысы пайда болды, ол банкке барып несиенің 80% төлеп тастауды ұсынды. Банк келісе кетті. Ол несиесін қайтарды, ал банк қосымша жасасқан 2 келісімнің күшін жойды. Алайда ол төлем жүргізуді тоқтатқан уақыттан бастап ең жоғары пайыздық ставкаға тап болды. Тиісті департамент оның шағымын қарап, банкке бұл келісімді қайта қарауды ұсынды, алайда ол іс қайта қаралған жоқ. Нәтижесінде ол азамат сотқа беріп, сот оның пайдасына шешілді.

Қазір барлық жағдай жасалған несие алушы банктегі өз төлемдерін өзі басқара алады, алдынала төлеп тастай да алады. Қаржы қызметін тұтынушылардың құқықтарын қорғау органы ықпал етудің сондай құқығына ие болады. Егер банкке не оның филиалына қатысты көп шағымдар түссе, банк басшылары сол филиал басшысын жұмыстан босату жөнінде шешім қабылдаулары тиіс. Демек, қадағалаушы органның осындай құзыры болу керек. Бұл тәуекелдерді азайту жөніндегі заңға сәйкес келеді.

 

Сұхбатыңызға рахмет.


adimage