Людмила Жуланова: Шіркеу баспалдағында қайыр сұрап тұрғандардың өмір деңгейін шенеуніктердің кабинет терезесінен анықтауға болмайды

Астана. 11 қараша. ҚазТАГ - Асхат Ахметбеков. Қазақстанда әлеуметтік саладағы проблемалар жеткілікті. ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында қоғам қайраткері Людмила Жуланова ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қайта қарау қажеттігін және мемлекет жауапты әлеуметтік саясат әзірлеуі керектігін мәлім етті. Оның пікірінше, мұның барлығы азаматтардың өмір сапасы стандарттарын көтеру үшін керек. 

 - Людмила Аркадьевна, қазіргі қазақстандық қоғамды әлеуметтік бағытталған қоғам де атауға бола ма?

 - Егер Конституцияға жүгінсек, онда - солай, ал өмір шындығына қарасақ - біздің қоғам қаншалықты әлеуметтік әлсіз бағдарланғаны айдан анық көрініп тұрады. Биік мінбелерден халықтың әл-ауқатының жақсарғаны, әр түрлі әлеуметтік төлемдердің, оның ішінде зейнетақының, жәрдемақының және т.б. көтерілгені туралы мәліметтер келтіріліп жатады. Абсолюттік мәнінде ол шынымен солай да. Бірақ осындай төлемдердің кеңестік дәуірдегі және қазіргі сатып алу қабілеттілігін салыстырса жеткілікті: сіз, сөзсіз, оның едәуір төмендегенін байқайсыз. Сонымен қатар ел халқы қазір жалпы алғанда дегенмен жақсы өмір сүретінін мойындау керек. Ол ең алдымен жұмыс істейтіндерге және өз беттерінше ақша тауып жүргендерге қатысты. Бірақ кірісі төмен халық жағдайы бұрынғысынша, өте күрделі болып қалып отыр және өзіне ерекше назар талап етеді. 

 - Басқа өңірлерді айтпағанда, Алматы мен Астанада шіркеу баспалдағында тұрып, қайыр сұрап тұрғандар саны жыл сайын артып келе жатқаны айдан анық. Сіздің пікіріңізше, ол нені аңғартады? Ол әлеуметтік ортаның сырқатының белгісі емес пе?

 - Ол, халықтың қорғалмаған топтарының жағдайының мүшкіл екендігін көрсетеді. Біздің еліміздегі кедейшілікті бағалау критерийлеріне талдама жасап көрейікші, олар бізде бірнешеу. Жыл сайын қабылданатын бюджет туралы заңда ең төменгі әлеуметтік стандарттар бекітіледі - ең төменгі күн көріс шегі (ККШ), ең төменгі зейнетақы, ең төменгі жалақы, айлық есептік көрсеткіш (АЕК). АЕК ешқандай экономикалық негізсіз болғандықтан, еңбек министрлігі оны мүлдем ұмытқаны дұрыс және оны әлеуметтік төлемдерді есептегенде қолданбағаны абзал. Оны табысты түрде, мысалы, ішкі істер министрлігі немесе тағы басқалары әр түрлі құқық бұзушылықтар үшін айыппұлды есептегенде пайдаланса болады. Шын мәнісінде, әр қазақстандық, ең төменгі стандарттар олардың нақты өзіндік мөлшерінен қаншалықты төмен екендігін түсінеді. Айталық, ол біздің көрші Ресеймен салыстырғанда 2,5 есеге төмен. Өзімізден сұрап көрейікші: қазақстандықтардың ең төменгі қажеттіліктері, айталық, ресейлік немесе беларусьтік, не украиндық тұрғындардікінен аз ба? Ол барлығында да бірдей. Дегенмен бұл көрсеткіштер, тұтыну себетіндегі тауарлар бағасы шамалас болғанына қарамай, әр түрлі. Неге? 2014 жылғы ең төменгі күн көріс шегі 19 966 теңге деп көрсетілген. Бұл ретте кедейшілік шегі (КШ) ККШ мөлшерінің 40%-ын құрайды, яғни, 7986 теңге. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда халықтың 3%-дан сәл астамы кедейшілік шегінен төмен тұрады. Олар - кірісі айына 7986 теңгеден төмен адамдар! Бұл ретте кедейшілік тереңдігі мен өткірлігі сынды көрсеткіштердің талдамасы жоқ. Ал енді елестетіп көріңізші, ККШ мен КШ нақты мөлшерінен есептесек, халықтың қандай бөлігі кедейшілік сызығынан төмен болып қалар еді. Мәселе сонда ғой! Мен бірнеше рет айтқам, осындай есептеуден бас тарту керек деп. Адамның кедей, не кедей еместігін айқындайтын ең төменгі айлық кірістерін сол ККШ мөлшері деңгейінде бекіту керек. Қысқаша анекдот: - Зина, қараймын, сен сурет салғанды ұнатасың-ау деймін? -Ал сен оны қайдан білдің? - Қасыңнан көрініп тұр! Бізде де сол цифрлар бойынша қалай сурет салатыны көрініп тұр: ең бастысы - назарда адам емес, көрсеткіштерді төмендету! Қалайша өмір сүруге болады?! Сондықтан да үміті үзілген адамдар шіркеу баспалдақтарында қайыр сұрап тұрады. 

 - Бюджет туралы заң қабылдаған депутаттардың өздері жағдайдың осындай екендігімен келісетіндей ме? Демек, болады ғой. 

 - Жыл сайын ел бюджетін бекіту арқылы олар, әлеуметтік индикаторлар мөлшерімен келіседі, ол жеткілікті деп есептейді. Ал депутаттардың өздері тәжірибе ретінде кедейлердің пайдасына өздерінің жалақыларынан бас тартып, ККШ-ға барабар сомаға өмір сүріп көрсінші. Көбі ККШ әлеуметтік төлемдерді есептеуге керек деп ойлайды, бірақ оның басты міндеті - елдегі кедейшілік деңгейін бағалау. Бүгіндері ККШ бірнеше есеге төмен көрсетіледі, демек елдегі кедейшілік ауқымы туралы да ресми мәліметтер бірнеше есеге төмендетілген. Басқа жол жоқ! Тіпті ең төменгі кіріс, өмір сүрудің, жеткілікті демей-ақ қояйық, тым болмаса, ең төменгі деңгейін қамтамасыз етуі керек. Қаражат коммуналдық қызметті төлеуге, киім-кешек, аяқ киім, тазалайтын, кір жуатын заттар және т.б. сатып алуда ең төменгі қажеттіліктерге жетуі керек. 

 - Және ол медициналық қызметке, балаларының оқуына төлеуді, қоғамдық көлікпен жүруді және т.б. толған жағдайларды айтпағанда ...

 - Өмір сүруге керек шығындар ғана кіруі керек. Қолданыстағы нормалар бойынша коммуналдық қызметті төлеуге, киім-кешек, аяқ киім, тазалайтын, кір жуатын заттар және т.б. сатып алуға 7986 теңге керек екен. Осындай сомаға аталған заттарды сатып алуға болатын дүкенді, дәріхананы, ТКШ қайдан тапса болады екен? 2006 жылға дейін күн көріс шегінің мөлшері 70% азық-түлік себетінен және 30% азық-түліктік емес бөлігінен тұрды. 2006 жылы Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасы мен халықаралық еңбек ұйымы біздің министрлікпен бірге (ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау - ҚазТАГ) аталған көрсеткішті қайта қарады. Министрлік жаңа әдіс дайындалғаны туралы хабарлады. Ол бойынша жоғарыдағылардың өзара қатыстары сәйкесінше, 60%-та 40% болды. Бірақ ол жаңа әдіс емес, цифрлардың өзгергені ғана. Бұл ретте шындық үшін атап кетуіміз керек, тағам институты шынымен де азық-түлік себетін қайта қарады. Мен олардың барлық айтқандарымен келісе алмаймын, бірақ олар нақты шектеулермен шектеулі болғанын түсінемін. Себет қатынастарын өзгерте беруге болар, бірақ айдан анығы - ККШ мөлшерінің өзін өзгерту керек. Тәуелсіз сарапшылардың есептеуінше, бүгінгі баға шарықтап тұрған шақта ең төменгі күн көріс мөлшері кем дегенде 60 мың теңге болуы тиісті. Кеңестік дәуірдің өзінде күн көріс шегі 297 көрсеткіш бойынша есептелетін! Яғни, барлығын мұқият есептейтін, ал қазір ондай жоқ. Бірақ бізде ККШ-ның азық-түліктік емес бөлігін дөрекілеу есептеуге қолдануға болатын көптеген басқа әдістер бар. Біз үшін ең қарапайым әдісі - азық-түлік себетінің нақты қанша тұратынын есептеу. Нақты қанша тұратынын! Тағам институты ешқандай шектеу қоймастан, оны тамаша есептеп шықты. Себеттің азық-түліктік емес бөлігін есептеп шығару үшін себеттің азық-түліктік бөлігін үшке көбейту керек. Бұл ретте аздаған түйткілдер бар, бірақ ол мамандардың ісі. Осындай ара қатынас тұрмысы төмен азаматтардың нақты шығындарына сай келеді. Министрлік ККШ есептеу әдісін өзгерту туралы мәселені қарастырып жатыр, ең маңыздысы - оны таңдағанда шатасып кетпегені. Мысалы, бүгін ККШ-ны есептеуде медиандық әдісті қолдану мүмкін емес.

 - Сіз қалай ойлайсыз, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) мөлшері қазақстандықтарға нақты не береді? Ол қазір адам басына $13 мың шамасында. Бұл бар болғаны цифрлар ғана, басқа түк те емес деген пікір де бар.

 - Өте орынды сауал. Мен де, басқалар сияқты, былай деп ойлаймын: адам басына шаққандағы ЖІӨ көп болған сайын әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейі де жоғары. Егер сіз ел бюджетіндегі білімге, денсаулық сақтау мен әлеуметтік көмекке кеткен шығын динамикасына қарасаңыз онда олардың ЖІӨ құрылымындағы меншікті салмағы іс жүзінде тұрақты сақталып отырғанын аңғарасыз. Бір жерлерінде аздап артқанымен, жекелеген жағдайларда қысқарып отыр. Елдің әл-ауқатының өсуімен оның халқының әл-ауқаты жақсаруы керек. Жекелеген тұлғалардың әл-ауқаты айтарлықтай өсіп келеді, ал халықтың ең қорғалмаған бөлігінің әл-ауқаты нашарлап келеді, бұл шіркеу баспалдағына қатысты айтарым. 

 - Сіз нақты әл-ауқатын айтып отырмысыз?

 - Дәл солай. Біздің азаматтардың әл-ауқатының өскені туралы цифрларды қаншама болса да келтіре беруге болады, бірақ оны нақты көру үшін оған кабинеттердің терезесінен қарамау керек екені анық. Әлеуметтік төлемдерді жыл сайын инфляция деңгейінде индекстегенге қарамай, оларды алушылардың әрқайсысы зат бағаларының, бірінші кезекте керек тауарлардың, ең алдымен - азық-түлікке нақты өскенімен салыстырады. Сонда оларға баға өсу қарқыны жоғары екені түсінікті болады.

 - Өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендер - ол қазақстандықтардың қандай санатындағылар? Әлемнің басқа елдерінде ондай санаттағы адамдар жоқ сияқты. Шын мәнісінде оларды да халықтың кедей немесе есепте жоқ басқа топтарына жатқызуға бола ма?

 - Өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп жатқандар мәселесі оңай емес, бірақ оны шешу керек. Қазақстанның еңбекке жарамды халқы 8,6 млн адам, олардан жалға жұмыс істейтіндері 6 млн, 400 мыңнан астамы тіркелген жұмыссыздар, қалғандары - өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендер. Егер адам патент алатын болса, жұмыс істесе, бюджетке қандай да салық төлеп жүрсе, ол қолданыстағы заң бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететіндер санатына жатады, себебі оның жұмыс берушімен жазбаша келісімі жоқ, яғни, ол жалданып жұмыс істемейді. Ал адам еш жерде жұмыс істемейтін болса, бірақ отбасын асырып отырарлық үй шаруашылығы болса, ол да өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандар санатына жатады. Оның жұмыссыз екенін мойындау керек. Жуырға дейін жұмыссыздық көрсеткіші жалпы жұмыссыздар саны мен ресми тіркелген санын есепке алатын. Сол сұлбаға қайта оралғанымыз әділ және дұрыс болған болар еді. Адамдар жалданып жұмыс істеуіне жағдай жасауда табанды шаралар қабылдау керек. Сіз, әрине, Қазақстанда 800 кәсіпорын ашылғаны туралы естідіңіз. Егер өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендер саны азаймай отырса, оларда кімдер жұмыс істейді? Министрдің 4 күндік жұмыс аптасына өту туралы ұсынысы таң қаларлық. Менің түсінгенімше, жарты күн - бір адам, жарты күн - басқа адам жұмыс істейді-ау. Бірақ оған бүгін де заң тыйым салмайды ғой. Бірақ ол, проблеманы шешпейді. Жақында Беларусия президенті заңға жатыпішерлік үшін жауапкершілікке шақыратын бап енгізу қажеттігін мәлім етті (кеңестік заңнамада ондай болатын). 

 - Сіздіңше, бүгіндері қазақстандықтардың қолы медицинаға, білім алуға қаншалықты жетеді? 

- Бұл сауалдың төркіні қайда екенін білесіз бе? Біз әлеуметтік стандарттар туралы жиі айтамыз. Бұл барлық әлеуметтік саясат арқа сүйеп тұрған іргетас. Өмір сапасы стандарттары да өзекті. Ол, шын мәнісінде, жоқ та. Оларды да дайындау керек. Қазақстандықтардың әрқайсысы денсаулық саласында, білім алуда т.б. салаларда тегін және қандай сапамен, қандай қызмет көлемін көре алатындығын біліп отыруы үшін. Меніңше, әлеуметтік дамудың ұзақ мерзімдік стратегиясын дайындау керек, басқаша айтқанда, әлеуметтік саясаттың 2050 жылға дейінгі байыпты бағдарламасын жасау керек. Қашан, қандай жағдайда, қалай, не істеу керек екенін анықтау үшін талдау жасап, әлеуметтік саладағы барлық бағыттағы өзекті есептеулерді орындап, ең соңында, барлық саладағы, оның ішінде денсаулық сақтау, білім, спорт, ғылым, мәдениет т.б. салалардағы өмір сапасының стандарттарын бекіту керек. Түбегейлі қадамдарға бару керек, өтпесе, әрлей салу шараларымен жағдайды түзету мүмкін емес. Зейнетақы мен жәрдемақыны инфляция деңгейіне қарабайыр индексациялау арқылы жағдайды түзете алмаймыз - ол әлеуметтік саясат емес. Әр уақыттың өз міндеттері, өз заңдары бар. Бүгіндері уақыт мүгедектер туралы, зейнетақымен қамсыздандыру туралы, күн көріс шегі мен т.б. туралы жаңа заң қабылдауды талап етуде. Бүгіндері біз, өкінішке қарай, жоғарыда аталған қызметтердің сапасы зор деп мақтан ете алмаймыз. 

 - Бұл неден көрінеді? 

- Білім беруді алайық. Бізде сонша жоғары оқу орны бар, реформалар, әлдебір оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатқандай көрінеді, бірақ ақыр соңында біз не аламыз? Мамандардың даярлық деңгейі мәз емес. Оқытатын бағдарлама, оқулықтардың сапасын әлемдік стандарттарға жақындастыру қажет-ақ. Науқасқа дәрігер диагноз қояды, бірақ оның дұрыстығына көз жеткізу үшін науқастың басқа дәрігерлерге жүгінетін жағдайлары орын алып жататыны жасырын емес. Әр түрлі диагноздар қойылып, бірін-бірі жоққа шығаратын дәрі-дәрмектер белгіленіп жатады. Мойындау қиын, бірақ бұл факт. Өз балаларын оқуға шекара асырып жібермейтін және сол жаққа өзі емделуге бармайтын шенеунікті сирек табарсыз. Сонымен қатар ескерту жасап өтуге тиіспін: бізде медицина, білім беру салаларында, басқа да салаларда тамаша мамандар бар. 

- Ал зейнеткерлер өз зейнетақысын қалай амалдап тіршілік кешіп отыр? 

- Өкінішке қарай, адамның ДНҚ-сына (ДНК) 40 жастан кейін оның денсаулығының күйреу тетігі жазылғанына көндігуге тура келеді. Адамның жасы неғұрлым ұлғайған сайын, сан алуан тексерістер мен емдеулерден өту қажеттілігі соғұрлым артады, бірақ бұның бәрі өте қомақты ақша тұрады. Қызметтердің ең кем көлемін, әрине, алуға болады, бірақ зейнетақы шақ келмейтін қымбат бақылаулар, талдау, оталар бар. Квота алу мүмкіндігі әркез туа бермейді. Мосқал жаста көбісіне жекелеген дәрі-дәрмектер өмір бойына жазылып беріледі. Және олардың қанша тұратынын сіз білесіз. Ал зейнеткерлер мұны қалай жақсы біледі! Бұрынғы кездері зейнетақыдан бөлек шынайы жәрдемақылар дейтін болған еді, кейін ақшалы етуді (монеталау) өткізді - шынайы жәрдемақыларды ақшалай төлемдермен ауыстырып, оларды зейнетақыға қосты. Алайда бүгінде зейнетақы болмашы ғана, ешқандай жәрдемақылар іс жүзінде жоқ. Сондықтан адамдарға көмектесудің мүмкіндігін іздестіру қажет. Мысалы, созылмалы ауруларды емдеу, күдер үзген ауру адамдардың тіршілік қызметін сақтау үшін дәрі-дәрмектерді тегін ұсыну жағын т.б. Бірде мен бірқатар елдердің (Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей және Беларусь) қызықты салыстырмалы кестесін тауып алдым, онда бір зейнеткерге келетін ЖІӨ ең үлкен көлемі тап Қазақстанда екені жазылған, оның үстіне, салыстырылып отырған өзге елдерге қарағанда айтарлықтай көп, және кейде бірнеше есеге. Мұнымен бірге, егер біздің посткеңестік елдердегі мемлекеттің дәл сол зейнетақылық қамтымасы мен әлеуметтік төлемақылар жұмсайтын шығындарын салыстырар болсақ, онда Қазақстанда олар ең жоғары деуге келмейді. Елдің ЖІӨ-сіндегі олардың меншікті салмағы тап сол Украина, Ресей, Беларусьте әлдеқайда көбірек. Министр (ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басшысы Тамара Дүйсенова - ҚазТАГ) еңбекақы мен еңбек өтілі есебінен базалық зейнетақы аударым принципінің өзгергені туралы хабарлады. Егер әңгіме жас бойынша берілетін базалық жәрдемақы жайында болса, онда ол адамның еңбек өтілін де, жалақысын да ескермеу үшін дәл жасалған. Ортақ зейнетақыны алмайтын зейнеткерлер де бар емес пе, яғни бұл олардың жалғыз ғана табыс көзі. Және, зейнетақы қорында жинақтың бар болғаны жақсы. Ал әлгі ортақ зейнетақы жалақы мен еңбек өтілінің мөлшері есебінен тағайындалады. Зейнетақылық қамтамасыз ету туралы заңда ай сайынғы зейнетақы төлемі бойынша шектеу бар екені бөлек әңгіме. Шығындалған табыстың орнын толтыру коэффициенті заң бойынша сіздің тапқан жалақыңыздың 0,6-сын құрайды, бірақ жинақталған өтілдің 0,75-ін. Мәселен, (қатардағы азаматтар үшін) таңғажайып нәрсені көз алдымызға елестетейік - сіз 2 млн теңге еңбекақы алып келдіңіз, онда сіздің зейнетақыңыз 1,2-1,5 млн теңгені құрауы тиіс, бірақ сізге зейнетақыңызды жоғарыда көрсетілген шамаға көбейтілген түрде 39 АЕК-ден аспауы тиіс деп есептеп береді, яғни 43 337 теңгеден 54 171 теңгеге дейін. Осылайша, сіз қандай үлкен жалақы алсаңыз да, зейнетақыңыздың максимум мөлшері 39 МРП х 0,6 (0,75-ке дейін) құрайды. Сол себепті де шығындалған табыстың орнын толтырудың шынайы коэффициенті бізде өте төмен, сәйкесінше, зейнетақы төлемдерінің мөлшері де аз. Мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктері көп зейнетақы төлеуге мүмкіндік бермейтіні түсінікті және шектеу болуы тиіс. АЕК қолданудан бас тартып, жоғарғы шекті, айталық, 100 мың теңге көлемінде орнатуға болады деп ойлаймын. Күштік құрылымның бұрынғы жұмысшыларының максималды зейнетақы мөлшері 104 АЕК құрайды. Қазір судьялар да дәл осындай зейнетақыға үміткер болып отыр. 

- Мүмкін, олардың жұмысы жауаптырақ, өте қатты жүктелген, былайша айтқанда, еңбек сыйымдылығы жоғары шығар?

 - Ал мартен пешіндегі жұмыс жауапсыз деп кім айтты? Ал ұстаздар мен дәрігерлердің жұмысы жауапсыз деп кім айтты? Ота жасайтын хирургтікі ше? Бұл мүлде әділетсіз деп есептеймін. Шынтуайтына келгенде, кемсітушілік болмауы тиіс. Адам ол - адам. Мен күштік құрылымдардың бұрынғы жұмыскерлеріне зейнетақыны 104 АЕК-ге дейін төлейтініне қарсы емеспін - бұл тамаша! Мен сондай зейнетақының барлық зейнеткерлерге бірдей төленуін қолдаймын.

 - Осы тұста мұнай кәсіпорындарындағы қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың жалақы мәселелері жөніндегі қалқып шығып отыратын тексеру тарихы еске оралады.

 - Жақсы тақырып. Әңгіме мынада: бізде әлі күнге дейін орындалған жұмыс үшін бірдей біліктіліктегі қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбек ақысына қатысты кемсітушілік байқалады. Қашанғы жалғаса бермек бұл? Одан басқа, біз өзіміздің азаматтарымызды оқытып, оларды жұмыспен қамтамасыз ету арқылы шетелдік жұмыс күшін тартуды қысқарта аламыз ғой. Салалық келісімдерге міндетті тәртіпте жалпы сала бойынша еңбек ақылардың алшақтық мөлшері және отандық пен шетелдік мамандардың еңбекақы жүйесін реттейтін мәселелер, сондай-ақ таусылмайтын таластар тақырып-пәніне айналған өзге де мәселелер жөніндегі шарттарды қосу қажет. Және, ақыры, кәсіподақтар қайда?

 - Яғни, барлығы нормативті құқықтық актілермен реттелуі тиіс пе? 

- Әлбетте. Құрылып отырған Еуразиялық экономикалық одақ мәнмәтінінде қатысушы елдердің заңнамаларын үйлесімдендіру қажеттілігі пайда болады деп топшылаймын. Және де, тек кедендік, салықтық емес, сонымен бірге әлеуметтік салада да. Бізде әлеуметтік көрсеткіштерді оңтайландыру мүмкіндігі туындайды. Және өзіміздің «бүлінген» индикаторларымыз үшін қауіптенудің қажеті жоқ. Қоғам ондай қадамды бағалайды! Жақында мені бір дәрігердің сөз тұрпаты күлдірді де, күйзелтті. Теледидардан ол былай деді: «Сіз дәріханаға келесіз және дәрілерді сұрайсыз, ал сізге қайдағы жоқ фуфломицинді ұсынады». Міне қабылданатын заңдар сондай “фуфломицин” болып қалмасы үшін, оны жасап шығару кезінде тек министрліктердің күшімен шектеліп қалу жарамайды. Заң жобамен жұмысты зая кеткен еңбекке айналдырмау үшін, ақырында, барлық мүдделі тараптармен тиімді жұмыс жасап үйрену қажет: жұмыс топтарын құрып, қоғамдық ұйымдардың мамандары мен тікелей қатыстыларды тарту керек, жобаларды БАҚ-қа жариялап, сайттарға орналастыру керек. Және бұл шартты сипатқа ие болмауы тиіс. Бұл мүлдем жасалмай жатыр деп айтпаймын. Жасалуда, бірақ, шамасы, жеткіліксіз. Әсіресе қандай да бір заң өзіне тікелей қатысты адамдар бұны түсінеді. Мәселен, мүгедектер туралы заңды алып көрейік. Аталған құжатты жасап шығаруға олардың өздері белсенді қатысып, өз ұсыныстарын жасап тапсырғаны соншалықты маңызды нәрсе. Неліктен осы күнге дейін парламентте мүмкіндігі шектеулі бірде-бір адам жоқ? Олардың арасында олардың құқықтарын қорғауға қабілетті керемет мамандар бар ма? Онда қабылданатын заңдардың сапасы, сөзсіз, жоғары болады және шексіз өзгерістер енгізе беру қажеттілігі болмайды. Гете айтқандай: «Жаңа ақиқат ескі қателіктен ең көп зардап шегеді». 

 - Қалай ойлайсыз, біздің мемлекет бүгінде өзіне түгелдей тегін білім беру, медицина мүмкіндігін бере ала ма? 

- Қанеки, білім беру мен медициналық мекемелерді екі құрамдасқа бөліп алайық: мемлекеттік және жеке. Жекемен барлығы түсінікті. Мемлекеттік жайлы әңгімелесейік. Мұнда тегін қызмет көрсетудің басымдыққа ие болу тиіс екендігі түсінікті. Жобамен 90% тегін және 10% ақылы қызмет деп көрейік. Мемлекеттік ЖОО-ларда 80% орын грант бойынша болуы тиіс, коммерциялық ЖОО-ларда, мысалға, 40% - дәл сол ауыл жастарына. Денсаулық сақтау саласында да солай. Оған ақша табуға болады, біздің мемлекет өте бай емес пе - табиғи ресурстарды сатудан түсетін қаражаттарды жай ғана дұрыс жарату қажет.

 - Демек, сөздің пікіріңізше, бүгінде Қазақстанда әлеуметтік саланың мемқолдауын ұлғайтуға бола ма? 

- Болады емес, ол қажет! Бюджет өзі неге арналған? Айтарлықтай мөлшерде дәл сол әлеуметтік сала қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін. Қараңызшы, біздегі бюджетте әр түрлі серпіндік жобалардың құрылуына қандай орасан қаражаттар қарастырылған. Және, адамдар өз бойынан сезінуі үшін онысы қашан «серпіндемек»? Бұрынғысынша «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының, оның еншілестері мен үлестестерінің т.б. қызметінің тиімділігі өте көп сауал тудырады. Себебі олардың сақталуына ірі-ірі қаржылар жұмсалып жатқан жоқ па. Ал ондағы еңбекақылар қандай?! Олар ел азаматтарының басым көпшілігі өмір сүретін шынайылыққа сәйкес келмейді. Осы құрылымдардың әр салынған теңгеге деген жанкешті қызметі қаншалықты екенін көргің келеді. Мемлекеттік қаражат саналы түрде пайдаға жаратылуы тиіс. Халық аузындағы әңгіме жемқорлық болды. Ресейліктер санап шығыпты - жемқорлыққа жұмсалған қаражат көлемі іс жүзінде елдің жылдық бюджетімен пара-пар. Бізде бұл сома аз деп ойламаймын. Міне сізге әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған шынайы табыс көзі. 

- Бұл сұрақ қалжың болып естілуі мүмкін: ендеше Қазақстанда жемқорлықты неге ресмилендірмеске? 

- Жемқорлық - ресмилендіруге болатындай жезөкшелік емес. Бірақ бұнда ақылды дәнек бар. Қиялға ерік беріп көрейікші: мысалы, ел бюджетінің табыс бөлігінде жемқорлық құқық бұзушылықтарды бұлтартпаудан түсетін табыс тармағын қарастыруға болады. Яғни, пара алу кезінде ізі суымай ұсталды делік - ақша бюджетке, өйткені бұл жағдайда заң бойынша параны беруші де, алушы да жауап береді. Пара берушілерді ынталандыруға болады. Одан пара алатының туралы хабарладың - операция өткеннен соң материалды сыйақыңды ал. Оның үстіне бап бойынша бюджет түсімдерін ұлғайту аталған қылмыс түрін түбімен құртуға жауапты ретінде қайтадан құрылған агенттік пен күштік құрылымдардың жұмыс тиімділігін сипаттайтын болады. 

- Халық арасында жүрген пікірге сай, 90-жылдар Қазақстан үшін өте ауыр болды, ол солай болған да, және сол себепті де мемлекет ол кезде азаматтар алдындағы өзінің әлеуметтік міндеттемелерін айтарлықтай азайту арқылы, атап айтқанда, өзінен тұрғын үй-коммуналды шаруашылық жауапкершілігін алып тастап, жинақтаушы зейнетақы жүйесін құра отырып, әсте танымал емес шараларға барыпты. Осы бағыттар бойынша ол қарапайым түрде өзінен әлеуметтік жауапкершілікті шешіп тастады деуге бола ма?

 - Мәселе жеке меншіктің пайда болуымен көптеген проблемалардың мемлекеттік бөліктен жекеге ауысқанында. Мемлекет өнеркәсіптің кейбір салаларын дотациялады, мәселен, балалар тауарларын өндіруді, ТКШ және т.б. Уақыт өте келе барлығы азаматтардың иығына артылды. Енді ол әркімнің өз өміріне, өз болашағына деген міндеті және жауапкершілігі. 

 - Қазақстандағы әлеуметтік саланың көп бөлігінің коммерциялылығын ескере отырсақ, қазіргі таңда қазақстандықтардың шынайы табыстары қандай болуы тиіс?

 - Бәрінен бұрын, мұқтажсыз күн көру үшін жеткілікті болуы тиіс. Азаматтар табысының алшақтығын азайту қажет, соның ішінде коммерциялық және коммерциялық емес құрылымдарда жұмыс істейтіндердікін. Яғни мұғалімдер мен ЖОО оқытушыларының еңбек ақылары білім беру мекемелерінің меншік формасына қарамастан шамамен тең болуы тиіс. Бұл медицина, мәдениет т.с.с. қатысты. Бұл аталған мамандықтарды алуға деген ұмтылысты арттыруға, оларды тартымдырақ етуге мүмкіндік береді. Дамыған елдерде көп жағдайда жоғары төленетіндер дәл осы ұстаздар мен дәрігерлер болып табылады. Бізді емдеп, оқытатындар келісті тұрмыс кешулері тиіс. Өндірістік саладағы еңбек ақы алшақтығы айтарлықтай көбірек. Азаматтар табысының айтарлықтай алшақтығын 10%-дық міндетті зейнетақы аударымдары құрылымы жеткілікті дәрежеде сипаттап тұр. 

- Ал егер жалақылар бойынша, айталық, жұмысшылар мен депутаттарды теңестірсе ше? 

- Мен осымен нешінші мәрте, біріншіден, депутаттарды дербес құқықтан айыруды, екіншіден, оларға республика бойынша орташа жалақы деңгейінде еңбекақы орнатуды, және, үшіншіден, барлық жеңілдіктерден айыруды ұсынып келемін. Және бұнда ренжитін ештеңе жоқ - бұл қалыпты және әділ. Мысалы, сол Швецияда депутаттар пәтерді өз есебінен жалға алып, көлікті жалдап, әлде қоғамдық транспортпен немесе жеке автомобилімен жүреді. Олар парламентке жеңілдік іздеп бармайды... 

-…және мемлекет есебінен игілік көру үшін емес.

- Дәл солай. Олар игілік үшін бармайды, керісінше, мемлекет игілігі үшін жұмыс атқаруға барады. Және өзінің жеке мәселелерін шешу үшін емес. Сонымен қатар, барлығы да сондай деу - қателік болар еді. Депутаттар арасында, басқа салалардағыдай, тамаша адамдар бар, өз елінің және халқының тағдыры үшін шын жаны ашитын кәсібилер бар. Егер біздің депутаттар парламентке әділ сайлау арқылы өтетін болса, және қауырт жұмыстан басқа ешқандай жеңілдіктер болмаса, онда депутат болғысы келетіндер аз болған болар еді. Кездейсоқ адамдар оған өтпес еді. 

 - Қазақстан одан үнемдер ме еді? 

 - Сөзсіз. Сіз білесіз бе, депутаттар тұратын, ал кейбір жағдайларда олардың өздері емес, туыстары тұратын үйлер қазынаға қаншаға түсіп отырғанын? Оларды күтіп ұстауға, сондай-ақ автопарктеріне және т.б. аз қаражат жаратылмайды. Осылардан босатылған қаражатты тұрмысы төмен халықты қолдауға, ал пәтерлерін көпбалалы отбасыларға беруге болар еді. 

 - Әлемдегі белгісіздік артып, қазақстандық шикізат экспортының кірісі төмендеп, бюджет тапшылығы өсіп келе жатқан жағдайда, және сонымен қатар алдағы жылдары шығын әкелетін бірқатар ірі жобаларды іске асыру қажеттігінде, мемлекет қазір тағы неден үнемдей алады?

 - Әр кезде экономиканың резервтерін, қосымша қаражатты табуға болады. Тіпті болмаса, аса көп кіріске салық енгізуге де болады (Forbes журналындағы байларға қарасақ). Жебеушілікті ынталандыру керек. Бір нәрсе түсінікті: қандай күрделі болмасын, әлеуметтік сала шығынын қысқартуға болмайды! 

 - Сұхбатыңыз үшін алғыс айтамын.

adimage