Мұрат Әбенов: Білім беруде мәртебе, жалақы және оқушылар үшін бәсеке болуы керек

Алматы. 29 наурыз. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Бір жарым ай бұрын ҚР білім және ғылым министрлігінде министр ауысып, Аслан Сәрінжіповтың орнына Ерлан Сағадиев келді. Тағайындалған соң бір ай өткенде, 9 наурызда ол алғашқы мәлімдемесін жасап, онда негізінен үш тілділікті енгізу туралы айтып, білім беру саласындағы басқа проблемалардың біреуіне де тоқтамады.
Біз, өз кезегінде, министр атап кеткен және, біздіңше, басқа да маңызды проблемаларға Serpin Білім мекемелерінің ұлттық қауымдастығының төрағасы, 2012-2013 жылдары білім және ғылым вице-министрі болған Мұрат Әбеновтан түсініктеме беруді сұрадық.


- Мұрат Абдуламитұлы, БҒМ жаңа министрінің алғашқы баяндамасы үш тілділік проблемаларына арналды. Атап айтқанда, ол қазақ тілін оқыту өте әлсіз, сондықтан мектептерде мемлекеттік тілді өте нашар біледі деді. Бірақ, неліктен тәуелсіздіктің 25 жылында мемлекеттік тілді үйретудің жарамды әдістемесі жасалмаған? Әлде мәселе әдістемеде емес пе?


- Бүкіл әлемде барлық пәнді оқытудың әдістемесі өзгеруде – балалардың психологиясы, ақпарат көлемі өзгеруде, заманауи технологиялар мен аспаптар өзгеруде. Қазақ және орыс тілді мектептерде қазақ тілін жаңа технологиямен оқытуға болады – олар бар және ақырын пайдаланылуда. Бірақ, орыс тілді мектептерде оқитындар қазақ тілін нашар білетіні рас, олар бірінші сыныптан бастап оқыса да. Шынымен де ескірген әдістемелер жоғарғы сапаға қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Мен «Назарбаев зияткерлік мектептерінде» табыспен қолданылатын тәжірибені пайдалануға болады деп есептеймін. Оларда орыс тілді сыныптарда география, Қазақстан тарихы мен тағы бір-екі пәнді қазақ тілінде оқытады. Тілге деңгейлік үйретуді енгізген, ол бойынша оқушының білімін төрт категория: «тыңдау – оқу – сөйлеу – жазу» бойынша анықтайды және ол А1-ден С1-ге дейін сараланады.
Бірінші кезекте – тілді жаттауға емес, өмірде пайдалана алу тәжірибесіне назар аударылады. Ол үшін тәрбие жұмыстарының барлығы мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Тілді меңгеруді нығайту үшін балаларды бір аптаға ауылдарға жіберетіні маған ұнап қалды. Олар онда тұрмыс-тіршілік және тілдік ортаға сіңеді. Тіл үйренуге музыка да көмектеседі – қазақша өлеңдерді ұжым болып айту (караока), домбырада ойнау. Сондай-ақ қол өнеріне үйрену арқылы: қыш құю өнері, кілем тоқу, ұлттық костюмдерді тігу арқылы.
Оқушы «Назарбаев зияткерлік мектебіне» өткен кезде, оның алдына міндет қойылады - тізім бойынша міндетті түрде 100 кітап оқу: 60 кітапты қазақша оқу, орыс және ағылшын тілдерінде 20 кітаптан. Және менің өзім көрдім, жоғарғы сынып оқушылары едәуір күрделі тақырыптағы пікірталасты қазақ тілінде жүргізіп жатқанын. Тіпті осы мектепке өткенге дейін орыс мектебінде оқығандардың өздері. Айтпақшы, мен ол оқушыларды «Қазақстан» телеарнасындағы авторлық бағдарламама шақырдым, онда олар саясат пен экономика мәселелерін талқылап, бүкіл елге мәшһүр болды. Және де ол оқушылардың жартысы 7-ші сыныпқа дейін орысша мектептерде оқыған. Меніңше жаңа министр дәл осындай тәжірибені айтқан болар.



- Ал сіз жекелеген пәндерді тек қазақша және ағылшынша үйрету керек деген идеяға қалай қарайсыз? Мәселе өте күрделі, егер арнайы терминдері бар ғылыми тіл екенін ескерсек... ал ол пән материалын игеруге кедергі болуы мүмкін.



- Мен пәндердің жартысын қазақ тілінде оқыту мемлекеттік тіл рөлін арттырып, және оны үйрену сапасын күшейтеді, ол туралы оң тәжірибе бар. Бұл өте дұрыс қойылған мәселе – тіл үйренуге ынта пайда болады. Ал бастапқы кезеңде ағылшын тілінде сабақ беруді енгізу үлкен қиындықтарға тап болады. Тіпті біз оны өте қалағанымызбен оны бірден және барлық жерде енгізу мүмкін емес.
Негізгі проблема – кадр проблемасы. Бізде 7,5 мың мектеп, олардың жартысы ауылдық жерлерде орналасқан. Ағылшын тілінің 17 мың мұғалімі бар. Бірақ олар пән мұғалімдері емес. Сондықтан физика, химия, биология, математика пәнінің ағылшынша білетін мұғалімдерін дайындау керек. Ол үшін жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің ішінен ең қабілеттілерін іріктептеп алу керек. Олар өз саласында күшті болып, ағылшынша да білуі керек, ал ондайлар бізде өте аз.
Екінші проблема – ағылшынша оқыту сапасына қатысты. Оны оқыту тек мектептерде ғана емес, ЖОО-ларда да мәз еместігі құпия емес. Бүгіндері ағылшын тілінің мұғалімдері дипломы барлардың өздері ағылшынша нашар біледі. Ағылшын тілінің мұғалімдері мамандығымен оқып бітірген бүгіндегі ЖОО түлектерінің өздері мұғалімдерге арналған тестілерді айтпағанда, жеткілікті деңгейде TOEFL немесе IELTS тапсыра алатынына күмәндімін (ағылшын тілін білудің халықаралық стандарттандырылған тестілері – ҚазТАГ). Өзің білу мен басқаны үйрету – мүлдем басқаша заттар ғой. Кейін оларды қайта үйрену мүмкін емес. Бұл ретте стандартты түрдегі екі апталық біліктілікті көтеру курстары жеткіліксіз, оларды ұзақ мерзім қайта дайындаудан өткізу керек.
Одан шығу жолдары – біз педагогикалық кадрларды дайындау жүйесін алмастыруымыз керек және оны ағылшын тілінің мұғалімдерін дайындаудан бастауымыз керек. Бүкіл әлемде жұмыс беруші маманға тапсырыс беру қабылданған, мемлекеттік орган оны дайындаудың стандарттарын дайындайды, ЖОО-лар оқытады, жұмыс берушінің өкілдері дайындау сапасын тексереді. Педагогикалық кадрларды осылай дайындау керек.
Бізде бүгінге жағдай келесідей: тапсырыс беруші – білім министрлігі, стандарттарды білім министрлігі жазады, ЖОО-лар білім министрлігінің бақылауымен оқытады, дипломдарды да білім министрлігі береді. Тапсырыс беру де, стандарттар да, дайындау да, бақылау да - бір қолда. Сырттан бақыланбайтын тұйық шеңбер болып отыр.
Ал ол келесідей болуы керек. Тапсырыс берушілер балабақшалар, мектептер, колледждер, ЖОО-лар болуы керек. Дәл солар өздеріне қанша маман керектігін айтулары керек: айталық ағылшынша оқыта алатын 2 мың физик керек дейік. Министрлік осы тапсырысқа бағдарлама дайындауы керек және ЖОО-ларға тиісті біліктілігі бар педагогтар дайындауға қаражат бөлуі керек. Университеттер осы мамандарды дайындауды конкурста жеңіп алулары тиісті. Ал бітірушілердің біліктілік деңгейін бағалауды тиісті қауымдастық бағалауы тиісті – айталық, қоғамдық ұйым өкілдері тәуелсіз комиссия құрамына кіруі керек, олар педагогтардың білімдеріне баға беруі тиісті.
Барлық саладағы біліктілікке баға берудің тәуелсіз жүйесін құру қажеттігін елбасы 2012 жылы-ақ айтқан болатын. Мен, мысалы, білім жүйесі өзінен бастауы керек деп ойлаймын. Бүгіндері ағылшын тілінің мұғалімдерін дайындауға орасан зор қаражат бөлінуде, ал біздің қолымыздағы - осылар. Бәскелестік жоқ, қоғамдық бақылау жоқ- - және оқытудың тиісті сапасы да жоқ.
Үш тілділікке байланысты менде туындайтын және тағы бір мәселе – біздің қазіргі даму деңгейімізде физика-математиканы барлық мектептерде және барлық оқушылар үшін бірден оқыту қажеттігі қаншалықты зәру? Бәлкім, алғашқыда әр мектепте жекелеген сыныптар ашу керек шығар? Бірақ оны барлық жерде қазірден бастап, 3-4 жылда тәжірибе жинақтау керек.
Тілді үйретудің әдістеріне қатысты кадрлардан басқа техникалық талаптар болады – топтарға бөлу, сыныптардағы оқушылар санына шектеу, лингофондық жабдықтардың болуы. Оқушыға лық толы сыныптар мен екі ауысымдық мектептерде оны іске асыру өте күрделі.
Ал жалпы алғанда мен балалар үш тілді болғанын қолдаймын, себебі бәсекеге ең қабілетті мамандар бірнеше тіл біледі. Ал Қазақстанда сәйкесінше, қазақша, орысша және ағылшынша тілдер сұранысқа ие. Табысты болу үшін үш тілді білу керек.


- Сіз бізде педагогтардың біліктілігін тәуелсіз бағалау енгізілмеген деп айтып қалдыңыз. Бірақ тәжірибе ретінде ол қолданылады, атап айтқанда, ШҚО-да тіл мамандарын аттестаттаудың жеке өздерінің облыстық бағдарламасы жасалған. Бірақ оларда жақында жүргізілген аттестаттау оқытушылардың есебінен жүргізілді – олардан 5,5 мың теңгеден жинапты. Осындай маңызды мемлекеттік бағдарлама педагогтардың есебінен жүргізілуіне сіз қалай қарайсыз?



- Мектеп бітірушілерді бірінші мамандық алғанда мемлекет өз есебінен оқытуы керек. Дайын маман, біздің жағдайымызда – мектепте жұмыс жасайтын мұғалім, тестілеуден өткенде оның біліктілігін арттыруды қаржыландыруға деген екі көзқарас бар.
Егер мұғалім – біліктілігі жоғары маман болса, бірақ онда жаңа әдістемені игеруге деген қызығушылығы бар болса, инновациялық оқу құралымен жұмыс жасай алатын болса, оның шығынын өтеу керек.
Егер мұғалімнің ЖОО-да ала алмаған базалық деңгейіндегі едәуір кемшіліктер анықталса, егер ол өз деңгейімен мектепте тіл үйрету деңгейіне тарта алмаса, оларда басқаша қарау керек. Адам ресми түрде жұмыс жасайды, жалақы алады, жәйша айтқанда, оның алдына мемлекет қойған міндетті орындай алмайды, себебі білімі жетпейді. Нақтысын айтқанда ол өзінің оқушыларын, жұмыс берушісін, мемлекетті шатастырады – тиісті сапалы қызметін көрсете алмайды.
Ондай мұғалімдер, егер қаласа, өздерінің оқулары үшін өздері төлеулері тиісті, бүкіл әлемде сондай. Нарықтық экономикада біліктілігі жоқ мамандар қызмет көрсетуге құқығы жоқ. Егер оның қалауы жоқ екен, онда оның келешектегі жұмыс мәселесін қою керек. Егер шынын айтсақ, тиісті біліктілігі жоқ маманға жалақы төлеу - елеулі қаржылық бұзушылық.
Басқаша айтқанда, сіз біліктілігі жоқ құрылысшы салған «қисық» үйде тұрғыңыз келмейді ғой, немесе ота жасай алмайтын хирургтің пышағына іліккіңіз келмейді ғой. Ешкім де өз денсаулығын қатерге тіккісі келмейді. Мұғалімге де сондай көзқараспен қарау керек – ондай мамандарды мектепте ұстамау керек.


- Министрдің сөзіне қайта оралсақ, ол қазақ мектептерінде оқыған жастардың болашақта сапалы жоғары білім алу мүмкіндіктері шектеулі деді. Басқаша айтсақ, министр қазақ мектептеріндегі білім деңгейінің жоғары еместігін атап өтті. Ол солай ма, сіздің пікіріңізше, ол немен байланысты және бұл жағдайды қалай түзетуге болады?


- Мен оқыту сапасының ерекшелігі туралы басқаша айтар едім: ол ауыл мектептерінде қаладағыға қарағанда оқыту тіліне қарамастан біршама төмен. Не десек те бұл проблема дәлелденді. Және менің ойымша ол байланысқа, ақпаратқа қол жетімділікке және білім беру ортасындағы бәсекелестікке байланысты. Ал ауылдарда шын мәнісінде негізінен қазақ мектептері ғана.
Қалалар мен ірі елдімекендерде оқыту барынша жақсы: кадрларды таңдауға болады, инфрақұрылым дамыған, мектептер мен мамандарды да таңдай аласыз. Ауылдық елдімекендерде мұғалімдер арасында бәсекелестікке мүмкіндік жоқ, ол жаққа сырттан мұғалімдер өте сирек келеді. Оған қоса, ауылдардағы балаларда басқа мектепке ауысуға, гимназияда немесе лицейде оқуға, жақсы тәлімгер табуға, үйірмелер мен секцияларға қатысуға мүмкіндіктері жоғын да айтуға болады. Мектеп жасындағы ауыл балаларының көбі балабақшаларға бармаған. Мектепке дейінгі білім берудің осы жүйесі азды-көпті ғана дамыған.
Ауыл балаларының сапалы білімге қол жеткізу мүмкіндігін арттырудың бір жолы – электронды оқытудың тиімді жүйесі. Оны енгізу әрекеттері сәтсіз болып шықты: ауылдарда ғаламтор желісі өте әлсіз. Сондықтан аталмыш жүйе онсыз да ауыл мектептерінен алға кеткен қалаларда ғана азды-көпті енгізілді. Сөйтіп, ауылдар одан сайын артта қалды.
Тағы бір мәселе – электронды оқыту жүйесі моралдық тұрғыдан ескірген оқу бағдарламалары мен технологиялары бойынша енгізілді. Миллиардтаған теңгеге сол кездің өзінде өзекті болмаған мыңдаған электронды оқулықтар, миллиардтаған теңгеге сервистік бағдарламалар әзірленді. Өкінішке орай, ауылдардағы жылдамдығы жоғары ғаламтор мәселесі сол күйі шешусіз қалды.
Бір кездері біз қызық нұсқа ұсынған едік – «оқу телевидениесі+ғаламтор» деген аралас жүйе. Егер жеңілдетіп түсіндірер болсақ, Астана мен Алматының үздік мұғалімдерінің сабақтарын таңдап алып, оларды белгілі бір уақытта республика бойынша арнайы спутниктік арналар арқылы тарату. Спутниктік телевидение ғаламторға қарағанда барынша қол жетімді. Ол контентті таратуда арзанға түседі. Ал ғаламтордың кері байланыс үшін ғана әлсізі де жарай береді. Сол кезде біз бір мезгілде елді толықтай қамти аламыз. Бір кездері мұндай тәжірибе құзырлы мұғалімдер жетіспеген кезде Қытайда болған. Айтпақшы, бұл жоба e-learning бағдарламасына қарағанда барынша арзанға шығады.


- ҰБТ-ға қатысты айтылып жатқан сын көп, әсіресе қазіргідей қолда бар білімді жаңа білімді игеру жолында жұмсауға көшіп жатқан кезде. Бұған ҰБТ жүйесі қалай ықпал етеді немесе кедергі келтіреді, себебі ҰБТ лотерея сияқты, берілген жауаптар арасынан кенет дұрысын тауып, тәп-тәуір бал жинауға да болады емес пе?

- Сіз дұрыс айтасыз. Білім деңгейін тексеру әдістемесі белгілі бір кезеңде пайда болып, белгілі бір кезеңде жойылады. Сол сияқты ҰБТ да 10 жылдан астам уақыт бұрын пайда болып, сол кез үшін жақсы тетік болды. Қазір ол бірнеше себептер бойынша ескірді.
ҰБТ бастапқыда-ақ оқушының білімді қаншалықты есіне сақтағанын, жаттағанын анықтауға бағытталған еді. Ал қазір білімге деген заманауи талаптар өзгерді. Егер бұрын білімді жинап, еске сақтап, қажет кезінде қолдану керек болса, қазір жаңа білімді талдап, бағалап, ойдан тауып, жүйелей алатын маман керек.
Ал қазіргі формадағы ҰБТ-да бұл қарастырылмаған. Заманауи әлемдегі есте сақтау қабылеті – ең бастысы емес, қазір логикалық тұрғыдан ойлау қабілеті, қолда бар білімді қолдана білу барынша жоғары бағаланады, ал ҰБТ бұл қабілетті бағаламайды. Бұл ретте бағалауда қате жіберу қаупі де жоғары: есте сақтау қабілетінің жоғары болуы арқасында 125 балл жинағандар, кейін ең күшті студет атанған. Ал шетелде осы тұрғыда зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде институтқа түскен «жаттап алған» студенттердің орта деңгейге түсіп қалғанын, ал шығармашылық тұрғыдан ойлау қабілеті жоғарылардың алдыңғы орындарға шыққанан көрсеткен.
ҰБТ-ны бірыңғай емтихан формасы ретінде қалдыру керек шығар, бірақ оның мазмұнын өзгерту керек. Тапсырмалары «түрте» салу тәсілі болмайтындай, шығармашылық болуы керек. жазбаша түрдегі эссе, көп нұсқалы тапсырмалар секілді. Айтпақшы, бұл өзгерістерді Білімді дамыту бағдарламасына сәйкес, 2015 жылы енгізу керек болатын. Алайда қоғам мен білім жүйесі дайын емес болып шықты. Ал қазір созудың қажеті жоқ.
Себебі ҰБТ жүйесі арқылы біз білімге негізделген адамдар иерархиясын қалыптастырамыз. Қазір бізде ол дұрыс емес: ең үздіктері пирамиданың басында – олар есте сақтау қабілеті жақсы орындаушылар. Жоспарлы экономикасы мен ондаған жылдар бойы технологиясы өзгермейтін кеңес экономикасы үшін бұл нақты керегі болатын. Ал қазір білім бәсекесі заманында бағалаудың мұндай жүйесі балалар үшін де (біз оларды дұрыс емес әрекетке бағыттаймыз), ел экономикасы үшін де үлкен зиян келтіріп отыр. Себебі елдер арасындағы заманауи бәсекелестік маманнан білімі мен қабілетін үнемі жаңғыртып отыруды, өз бетінше жаңалық іздеп, оны өңдеп, соның негізінде жаңа білім жасауды талап етеді. Сондықтан индустрияландыру да тоқтап тұр.


- Мектептердегі таусылмас проблема – әр түрлі мұқтаждықтар үшін алым жинау. Бұрынғы білім министрі оның заңсыз екендігін атап қана кетті, бірақ оны жоюдың шараларын ұсынбады, жаңа министр ол пробламаға мүлдем тиіскен жоқ. Сіздің пікіріңіз: бұл проблеманы қалай шешуге болады және бұл жерде министрдің рөлі қандай болуы керек?



- Менің жауабым көбісіне ұнамайды, бірақ министрлік бұл проблемаға тікелей қатысы жоқ. Неге екенін қазір түсіндіремін.
Біз ҰБТ, оқулық мазмұны, білім беру стандарттары, 12 жылдық білім беру туралы айтқанымызда – ол министрліктің міндеті, ол стратегия үшін жауап береді. Ал мектеп мұқтаждығын қаржыландыруға қатыстылардың барлығы (жөндеу, оқулықтармен қамтамасыз ету және т.б.) – ол жергілікті атқару органдарының міндеті, олардың барлығы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуы керек. Министрліктің оған құзыреті де жоқ, қаражаты да жоқ, ол оның жауап беретін аумағы емес.
Кімнен сұрау керек? Жергілікті әкімдер мен жергілікті мәслихаттардан. Және министрліктен емес, дәл солардан сұрау керек, неліктен бөлінген қаражат мектеп жөндеуге, оқулықтар сатып алуға, борға, қосымша үйірмелерге, тамаққа, мектеп оқушыларының олимпиадаларға баруына жетпейтінін, және олар үшін неге ата-аналар қосымша төлеулері керектігін солардан сұрау керек.
Мұғалімдер, мектеп директорлары осы жағдайда – құрбандар болып отыр, себебі олардың үстінен көпсатылы және көпсалалы бақылау бар, және кез келген сәтте мектепті қандай да нормаларға сай емес деп жауып тастауы мүмкін. Және басшылық осы жағдайдан ата-аналардан ақша жинау арқылы шығады. Ол заңсыз, және ол үшін жергілікті билік жауапты. Бұл ретте білім министрлігіне тас лақтырылып жатқанда әкімдер үнсіз отырады, ол оларға қатысы жоқ сияқты. Ал ата-аналар алым жинау проблемасын тек жергілікті шенеуніктер ғана шеше алатынын білмейді.
Дәлірек айтқанда, жергілікті шенеуніктердің өздері осы проблеманы тудырып отырған жоқ – жеткілікті қаражат бөлмей отырғанда. Және ол ең үлкен проблема. Біз білім беруге ЖІӨ-нің бар болғаны 4%-ын бөлеміз (Еуропада - 8%, ал АҚШ-та 15%). Осыдан келіп нәтиже туындайды – балалардан үнемдеуге болмайды. Ал әкімшіліктерде не істейді? Жеткіліксіз тамақ пен жөнделмеген мектеп есебінен зәулім ғимараттарды саламыз. Жаңа мәслихаттар осы тақырыпты бақылауға алулары тиісті.


- Сөз соңында мектеп мұғалімінің мәртебесіне қатысты Сіздің пікіріңізді білгім келеді. Әрине, бүгіндері ол онша биік емес, оны көтеру керектігі түсінікті. Жалақысын көтеру – ол өте маңызды тетік. Бірақ басқа да әдістері бар ма?



- Білім беруде бизнес-үлгіні енгізу керек. Оның қағидасы қарапайым – жақсы сапаның ақшасы да жақсы. Қаражат көп болса – жұмыс орны үшін бәскелестік артады, мектептер арасында оқушылар үшін бәсекелестік артады. Яғни барлық басқа әдістер – қосалқы, біріншісі саладағы жалақы мөлшері.
Тіпті девальвацияға дейін біздің мұғалімдердің жалақыларының мөлшері Еуропадағыдан 4-5 есеге төмен болды. Қазіргі жалақыны көтеру жеткіліксіз, ол ел ішіндегі басқа саламен салыстырғанда әлі төмен. Егер саладағы жалақы төмен екен, онда оған мамандарды тарту да қиын. Оған не шынымен де осы мамандықты жақсы көретіндер, немесе басқа жерге жұмысқа орналаса алмағандар ғана барады. Мұғалімнің бар омырауын медальдармен көмкеріп тастауға, оны тақсыр, жоғары мәртебелі т.б. деп атауға болады, бірақ жалақы төмен жағдайда ешнәрсе көмектеспейді.
Екінші мәселе – мұғалімнің бүгінгі жалақысы кәсіби тұрғысынан өссем деген ұмтылыс оятпайды. Сондықтан, базалық мөлшерлемені көтеруден басқа, жалақы мөлшері жұмыс сапасына байланысты болатын, оқыту нәтижесіне тәуелді болатын жүйе дайындау керек. Қысқаша айтқанда, кім жақсы оқытса – сол үлкен жалақы алуы керек. Бізде әзірге ондай жоқ. Біз сабақта өткізген сағаттары үшін ақы төлейміз.
Бұдан соң автоматты түрде мұғалімдерді конкурспен алу болуы керек, ал ол қазір мектептерде жоқ – директор жұмысқа кімді алғысы келсе, соны алады. Бос орындарға күшті мамандарды алу керек. Жұмыс орындарына, жоғары жалақы үшін мұғалімдер арасында сапалы жұмыстары мен тиімді жұмысының нәтижелері бойынша нақты бәсекелестік болмайынша, күшті кадрларды жинай алмаймыз.
Екінші мәселе – оқу мекемелерінің арасында жоғарғы мәртебе мен оқушылар үшін бәсекелестік керек. Ол үшін жан басын қаржыландыруды енгізу керек. Біз тәжірибе жүргіздік – енді оны барлық жерде енгізу керек. Әр оқушыға тең қаражат бөлінеді – және қай мектепке осы қаражаттың кететіндігі оның таңдауына байланысты. Мектептер нақты қызметтері үшін нақты ақша алады және қосқан үлесіне қарай лайықты жалақы бере алады.
Қазақтарда «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны істейді» деген мақал бар. Білім беру жүйесінде сапалы еңбегі үшін жоғары жалақы беруге негізделген бизнес-үлгісіз бәскелестік экономикаға кадрларды дайындау мүмкін емес.
Жалпы алғанда білім беруде реформалар өте күрделі. Бірінші кезекте үлкен қаражат керек. Тым болмаса, ауыл мен қала арасындағы білім беру жағдайын теңестіру үшін болса да. Тек жаңа стандарттарды енгізіп, 300 мыңнан астам мұғалімдерді жаңа әдістемелермен және оқулықтармен жабдықтап қана қоймай, оларды өзгерістерді қолдаушылар етіп, 3 жыл мектеп оқушылары үшін білім беру инфрақұрылымын жаңаша ұйымдастыру керек. 5 млн ата-аналар үшін білім беру саласын түрлендіру керектігіне көз жеткізу де күрделі міндет. Тек солардың қолдауымен ғана осындай реформаларды жүргізуге болады.


- Сұхбатыңыз үшін рақмет!

adimage