Антикор Мәсімовтің бұрынғы күйеубаласына іздеу жариялады
Кәрім Мәсімовтің экс-күйеубаласы Азамат Кәпеновке іздеу жарияланды. Бұл туралы ақпарат құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іздеу жүргізіп отырған орган – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Шығыс Қазақстан облысындағы департаменті. Бұл орган 46 жастағы Кәпеновке 9 тамыздан бері іздеу жариялаған.
Азамат Кәпенов Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің қызы Тамилла Кәрімнің бұрынғы күйеуі болған.
«Елімізде студенттерге арналған қосымша пойыздар жүреді»
Қазақстанда оқу жылының басталуына қарай студенттерге арналған қосымша пойыздар іске қосылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қосымша пойыздарды іске қосуды көлік министрлігі мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірлесіп жүргізуде.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында Батыс өңірлері тұрғындарының сұранысына сәйкес қосымша маршруттарды іске қосу туралы шешім қабылданды. Пойыздар Ақтау және Атырау қалаларынан шығып, Алматы қаласына дейін студенттерді тасымалдайды. Кондиционерлері қарастырылған жаңа вагондар жазғы уақытта еліміздің аумағы бойынша басқа бағыттарға қатынайды, сол себепті жоғарыда аталған вагондарда кондиционер жүйесі болмайды. Теміржол және су көлігі комитеті жас жолаушылардан қолайсыздықтар үшін алдын-ала кешірім сұрайды», - деп хабарлады көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
«Астанадағы аттракционда арқан үзіліп кетті»
Әлеуметтік желіде қыз бен жігіттің аттракциондағы видеосы тарады. Бейнежазбадан аттракциондағы сымның кенет үзілгенін байқауға болады, деп хабарлайды Stan.kz.
Қыз бен жігіт аттракционға отырып, видео түсірмек болған. Бір сәтте қыздың бойын үрей билеп, қобалжи бастайды. Ал жігіт барынша оны тыныштандыруға тырысуда.
Бейнежазбадан аттрацион сымының үзілген сәтін байқауға болады. Артынан шұғыл тоқтату дабылы естілді.
Аттракционнан түскен екеуі желіге әткеншектің қандай күйде тұрғанын көрсетті.
«2024 жылғы 13 тамызда сағат 19:20-да қатты соққан жел аттракцион бағанасына бекітіліп, декоративті жарықтандыруға арналған резеңкеленген әлсіз тоқ сымын үзіп кетті. Аттракцион шұғыл тоқтатылды», – деп мәлімдеді елорданың орталық саябағының әкімшілігі.
«Астанада 200-ден астам жетім баланы пәтерсіз қалдырмақ болған»
Елорда прокуратурасы жетім балалардың тұрғын үй алуға қатысты құқықтарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Baq.kz.
Уәкілетті орган «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 71-бабын бұза отырып, 14 жасқа толмаған тұлғаларда тіркеудің болмауына, сондай-ақ отбасы мүшелері болмайтын қамқоршыларға тіркелген мүліктің болуына байланысты жетім балаларды кезекке қоюдан негізсіз бас тартқан.
Прокурорлардың қадағалауының нәтижесінде 200-ден астам жетім бала тұрғын үй алуға кезекке қойылды.
Фото көзі: Ашық дереккөз