Мәскеуде аты аңызға айналған Әлия Молдағұлованы еске алды

Күні: 19:43, 11-02-2019.

Алматы. 11 ақпан. ҚазТАГ – Мәскеуде Қазақстаннан шыққан аты аңызға айналған мерген қыз Әлия Молдағұлованы еске алды, деп хабарлады РФ-дағы ҚР елшілігінің баспасөз қызметінен.
«Мәскеудегі №402 Әлия Молдағұлова атындағы мектепте қазақ халқының батыр қызының қаза тапқанына 75 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті», - деп хабарлады дүйсенбіде елшіліктен.
Дипломаттардың айтуынша, Кеңес Одағының батырын мектеп басшылығы мен оқушылар тек мереке күндері ғана еске алмайды.
«Гимназиядағы оқытудың негізгі бағыттарының бірі - патриоттық тәрбие беру. Сондықтан бұл жерде батырлар мен тарихи оқиғаларды білуге басты назар аударылуда», - делінген хабарда.
Бағдарлама аясында мектеп мұражайына саяхат жасалып, гимназия оқушыларының қатысуымен әдеби-музыкалық кеш өтті және мектеп аумағында орналастырылған Ә.Молдағұлованың ескерткішіне гүл қойылды. Шараға Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қызметкерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілдері қатысқан.
«№891 (қазіргі №402) жалпы орта білім беру мектебі 1971 жылы ашылған. 1999 жылы мектепке Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың аты берілген. Қазақстан аталмыш мектепке жанжақты қолдау көрсетіп келеді», - деді елшіліктен.
Мектеп орналасқан көшеге де Ә.Молдағұлованың есімі берілген.


Жаңалықтармен бөлісу: