Маңғыстау халқы енді еркін таңдау қағидасы бойынша ауруханаларға «бекітіле» алады

Күні: 18:51, 11-10-2014.

Ақтау. 11 қазан. ҚазТАГ - Маңғыстау облысында тұрғындарды ауруханаларға бекіту бойынша кампания өтіп жатыр, деп хабарлады ҚазТАГ тілшісі.  
«Облыстың әр тұрғыны еркін таңдау қағидасы бойынша ары қарай қызмет көрсетілу үшін бір ауруханаға немесе дәрігерлік амбулаторияға бекітіле алады.  Тіркеу жылына бір рет жасалады», -  деп түсіндірді Маңғыстау облысы бойынша медициналық қызметке төлем жасау комитетінің сараптама бөлімінің басшысы   Дина Өтепбаева сенбіде.
Бұл ретте ол өңір  тұрғындарының 2014 жылдың 15 қарашасына дейін ауруханаға немесе дәрігерлік амбулаторияға бекітілу талонын алу қажеттігін ескертті.  
«Медициналық мекемеге азаматтардың тіркелуі тұрақты немесе уақытша тұру, жұмыс, оқу орны бойынша бір елді мекен шегінде медициналық мекемені еркін таңдау құқығымен жүзеге асырылады. Бұл ретте тіркелгендігі туралы анықтама қажет емес», - деп түсіндірді  Д. Өтепбаева.
Оның айтуынша, азамат өзі бекітілген мекемеге қарамайтын басқа ауданда тұратын болса оған үйге барып қарау қызметі көрсетілмейді.  
Тегін медициналық және дәрігерлік көмек алуға, соның ішінде ауруханада қызмет көрсетілу, үйге шақырту және үйден қарау, патронаж, мүгедектерге белсенді түрде барып-тұру, оларға қызмет көрсету және т.б. үшін  бастапқы медико-санитарлық көмек көрсететін мекемелерге бекітілу міндетті талап болып табылады.  


Жаңалықтармен бөлісу: