Маңғыстау облысында бұдан былай теледидар мен планшетниктер құрастыратын зауыт болмайды - әкім

Күні: 14:23, 14-11-2014.

Астана. 14 қараша. ҚазТАГ - Данияр Дәуітәлиев. Маңғыстау облысында бұдан былай теледидар мен планшетниктер құрастыратын зауыт болмайды, деп мәлім етті облыс әкімі Алик Айдарбаев.
«Біз өңірдің мамандануы мен даму стратегиясын нақты айқындағанымызды айтқым келеді. Сондықтан келешекте бізде планшетниктер,  теледидарлар құрастыратын ешқандай зауыттар болмайды. Ол біздің басымдықтар емес», - деді А. Айдарбаев жұма күнгі брифингте.
«Планшетниктер шығаратын зауытқа қатысты айтсақ (2011 жылы ашылған – ҚазТАГ), шынын айтқанда, ол мүлдем жұмыс істеген жоқ. Онда өнімді құрастырып көру болған, бірақ ол салынған зауыт, жұмсақтау айтсақ, бүгінгі уақыт талабына сай келмейді», - деді әкім қаржылық және технологиялық былықпайлар анықталған ол зауытқа қатысты.
Оның айтуынша, зауыт иесі «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК).
«Сондықтан бүгін «Каспий» ӘКК салған қаражаты арқасында арнайы экономикалық аумақтағы осы құрылыстардың иесі өзі болып қалып отыр. Бүгіндері «Каспий» ӘКК-ге осы бос тұрған ғимараттарды жаңа өндіріс үшін пайдалану ұсынылды», - деді әкім.  
Бұрын хабарланғандай, 2011 жылы Ақтауда индустриалдау бағдарламасы аясында зауыт ашылып, онда жылына 67 мың дана планшеттік компьютерлер, 40 мың теледидар және 43 мың монитор шығарылмақшы болған, бірақ өндіріс іске қосылмады және онда бірқатар қаржылық былықпайлдар анықталды.
«Тергеу осы зауыт желісінде бір де планшетник құрастырылмағанын дәлелдеді. Алаяқтар мыңға тарта планшетниктерді Қытайдан сатып алып (Т958 мың), әр түрлі комиссиялар келгенде оларды құрастырып жатқан болып, комиссия кеткен соң, оларды қайтадан бөлшектеп тастап отырған», - деп тергеу қорытындысын Маңғыстау облыстық қаржы полициясы департаментінің бастығы Берік Әбілов былтырғы қазан айында мәлім етті.  
Сондай-ақ қаржы полициясының тергеушілері Т600 млн тұрады деп көрсеткен жабдықтар шын мәнісінде Т20 млн тұрады деп мәлім етті.
Ақтау қалалық соты 13 мамырда «Caspiy Еlectronics» ЖШС пен «Каспий ӘКК басшыларының алаяқтығына қатысты іс бойынша үкім жариялады. «Caspiy Еlectronics» ЖШС директор орынбасары Александр Павленко қызмет бабын пайдаланып, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған деп айыпталып, мүлкі тәркіленіп, 6 жылға сотталды. Ол сот залында қамауға алынды.
Одан басқа, «Каспий» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Ерғали Қаюпов 3 жылға бас бостандығынан айрылды, бірақ оған рақымшылдық жасалды.


Жаңалықтармен бөлісу: